• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 08 Наурыз, 2025

Ғылыми елші

95 рет
көрсетілді

«Ғылыми елші» ұғымы көпшілікке таңсық. Бұл – Еуропалық Одақтың ғылыми ынтымақтастық жобасы негізінде қалыптасқан қызмет түрі. Мажарстанда бұл жүйе алғаш 1994 жылы енгізілген. Ал 2020 жылы елдегі ғылыми экожүйені дамыту мақсатында «Ғылыми елшілер» жүйесі құрылды. Ғалымдар мен докторанттар арасында халықаралық байқау жария­ланып, оған 1200-ден аса үміткер қатысқан. Сол кезде Назира да бағын сынап, сынға түскен. Нәтижесінде, 37 елден таңдалған ғалымдардың қатарынан табылған.

Бұл жеңіс оның ғылым жолын­дағы үлкен бетбұрыс болды. Осы арқылы Назира Нұрқожақызы қазақ ғылымын Еуропамен бай­ла­н­ыстыруға мүмкіндік алды. Бүгінде ол екінші рет ғылым ел­шісі ретінде сайланып, Астана халықаралық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің, басқа да отандық оқу орындарының ха­лық­аралық ынтымақтастығын ны­ғайтуға күш салып жүр.

Назираның ғылыми зерттеу бағыты қазақ этнографиясы мен антропологиясына негізделген. Нақтырақ айтсақ, «Қазақстан­дағы аралас некелердің ұлттық құн­ды­лық­­тарға әсері мен мәдени-әлеуметтік бейімделуі» тақырыбын зерттеп келеді.

«Қазақ этнографиясы – терең әрі бай ғылым. Бірақ оны заманауи зерттеу әдістемелерімен толық­тыру қажет. Менің мақса­тым – еуропалық ғылыми тәсіл­дер­ді қазақ ғылымына енгізу. Елімізде ассимиляция мен аккультурация қалай жүріп жатыр, ұлттар арасындағы неке қазақ мәдениетіне қалай ықпал етеді? Осы сұрақтарға нақты ғылыми жауап беру үшін мен еліміздің оңтүстік өңіріндегі аралас некедегі отбасылардың тұрмысын, дәстү­рін зерттеп жүрмін. Бұл – жай ғана академиялық зерттеу емес, өз ұлтымды тану жолындағы сапар», дейді ғалым.

Бұл жұмысты толыққанды аяқ­тау үшін ол елге келіп, сол отбасылармен бірге өмір сүріп, олардың мәдениетін өз көзімен көруді мақсат еткен. Өйткені «Ғылымды тек кітаптан емес, өмірден үйрену керек», дейді ол.

Ғылым жолы – ауыр, ал оны ана ретінде жалғастыру – екі есе қиын. Назира ғылым жолындағы ізденісін арттыру үшін 6 айлық сәбиімен шетелге оқуға кеткен.

«Менің ең басты тірегім – отбасымның қолдауы. Күйеуім мен ата-анам менің ғылым жо­лын­дағы қадамымды әрдайым құптайды. Еуропада аналарға өте жақсы жағдай жасалған. Мен оқыған Дебрецен университетінде «Ана мен бала» бөлмесі бар. Бұл жерде аналар баласын күніне төрт сағатқа тегін қалдыра алады, әр балаға арнайы педагог бөлінеді. Бұл уақыт ішінде анасы дәрісіне қатысады. Егер дәріс кешке болса, кейде профессорлардың өзі баланы қолына алып, сабақ өткізеді. Университетте осындай жылы қа­рым-қатынас қалыптасқан, балалы аналарға ешқандай шектеу қойыл­майды. Мен еліміздегі жоғары оқу орындарына «Ана мен бала» бөлмелерін енгізуді ұсынамын. Қазақ ғылымын дамыту үшін әйел­­дер де толыққанды еңбек етуі ке­рек. Олар­ға мүмкіндік беріп, жағ­дай жасау маңызды», дейді жас ана.

Н.Нұрқожақызы Мажарстанға «Болашақ» бағдарламасы ар­қы­­лы оқуға түскен. «Қазақс­тан мен Мажарстан арасында мем­лекетара­лық келісім (Stipendium Hungaricum) бар, бірақ ол шек­­теулі мамандық­тарға ғана бері­леді. «Болашақ» бағдарла­масы – ғалым­дар мен сту­денттерге арнал­ған ең тиімді мүм­кіндіктердің бірі. Мен «Болашақ» түлектерінің отан­дық ғылымға қосып жатқан үле­сін көріп, осы бағдарламаны таң­да­дым. Бұл – ел ғылымын жаңа деңгейге көтеретін жоба», дейді ол.

Жас ғалым зерттеуін аяқтаған соң, елге қайтып оралуды жоспарлап отыр. Оның ойынша, ғылым дамуы үшін әрбір ғалым алған білімін ел игілігіне жұмсауға тиіс.

«Отанымыз осындай үлкен мүмкіндік берді, енді оны қазақ ғылымына қайтаруым керек. Еуропада алған білімімді елімізге арнаймын. Мен тек университетте емес, жалпы ғылыми даму саласында жұмыс істеуге дайынмын. Отандық ғылымда жүйелі өзгерістер жасауға өз үлесімді қоссам деймін. Қазір еліміз дамушы ел емес, дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға бет алды. Бұл жолда ғылым мен білім бас­ты рөл атқарады. Біз өзімізді осы бағытта дамытуымыз керек»,  дейді зерттеуші.

Соңғы жаңалықтар