Қоғам бір орында тұрмайды. Дамиды, өзгереді, түрленеді. Бұл заңдылық Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне де тән.
Наурыз жаңаша сипат алды
Былтырдан бастап Наурызға жаңаша түр беру бастамасы көтерілді. Оны барлық қауым қолдады. Былтыр «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Ұлыстың ұлы мейрамын жаңа мазмұнда тойлауды бастады. Бұл Президенттің мерекенің маңызын арттырып, рухани қуатын заманауи түрде жаңғырту туралы сұхбатына дөп түсті. Мемлекет басшысының ұсынысын іс жүзіне асырудың жолы Наурыз мейрамын азаматтық мерекеге айналдыру екенін түсінген бірлестік толық жүйеленген маңызды «SenBolНаурыз» бағдарламасын әзірледі. Мұнда мейрамға барлық адам қатысады.
Сондай-ақ адамның ұлтына, тіліне, сенім-нанымына қарамастан, айтулы мерекенің тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп бере алатын «Жаңару» мен «Әдепті өркениет» құндылықтарына лайықты мәдени іс-шараның рухани негізі мен ұйымдастыру жүйесі нақтыланды. Осы арқылы Наурыз мерекесі жалпыұлттық бірегейлік пен азаматтық ұстанымға негізделді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырау атырабында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда көптеген елдік мәселені сөз етті. «Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», деп айтқан еді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысын әзірледі. Сөйтіп, Қазақ елі ұлық мерекені 10 күн тойлайтын болды.
Заманауи сипат
Жаңа жылда Аяз ата балаларға сыйлық береді. Бұл осы мерекенің маңызын арттыра түсті. Әдемі дәстүрге айналды. Жаңа жылды халыққа барынша жақындатты. Наурыз мерекесінде де осындай дүниелер болса, кәнеки! Әсіресе балалардың есінде қалатын тосынсыйлар жасасақ, қандай ғанибет! Сондықтан Наурызды жаңаша тойлау арқылы мерекеде атқарылатын салт-дәстүр, таным-ұғымдарды үлгі-өнеге беретін тәлім-тәрбиелік форматқа негіздей алу керек. «Сенімен болашақ» ұсынған тағы бір жол – Наурыздың күнтізбелік жаңа жылмен байланыстырылуы.
31 желтоқсанда түнгі сағат 24:00-де күнтізбе бойынша келер жыл басталса, Наурыздың 22-сінде жаңа күнді қарсы алу дәстүрін қайта түлетсек дейміз. Атқан таң мен келер күнге үмітпен қараған адамзат бар тіршілік жаңаратын Наурызды жақсылыққа ниет етіп бастаса, үлкен де, кіші де риза болары хақ. Жаңа жыл – Наурызды қарсы алу осы қасиетімен де басым болып тұр.
Отшашудың орнын шашу толықтай алмастыра алады. Қуаныштың айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүрдің ерекшелігі – әр тәтті де (шашуда) «Сенімен болашақ» ұжымының ақ тілектері жазылады.
Сондай-ақ таңғы астың ықшамдалған үлгісін әзірлеу – бағдарламадағы негізгі басымдықтың бірі. Таңғы ас күні бойы күш-қуат пен жігер беріп қана қоймай, құнарлылығымен ұзақ уақыт аштықты сезіндірмейді. Жент, талқан, балқаймақ, кілегей, сүзбе, уыз, ірімшік секілді құнарлы тағамдар қойылған таңғы ас белсенді қимыл-қозғалыстың кепілі ғана емес, ағзаның күні бойы алатын калориялық қуатын тиімді пайдалануға жол ашады.
Еңбек шеберханасы – адам өмірінің негізі. Еңбек – адамды материалдық әрі моральдық та дамыту құралы. Қазіргі альфа ұрпаққа еңбек құндылығын дәріптеуде Наурыз мейрамы таптырмас құрал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы бекер емес. Жоғары бағалануға тиіс еңбек адамының қадір-қасиетін арттыру арқылы жастарды тәрбиелеу ұстанымы жатыр.
«Koje time» – Ұлыстың ұлы күні дайындалатын ас. Наурыз көженің адам ағзасына берер қуаты мен нәрі бөлек. Құрамына жеті түрлі дәм қосылып даярланатын көжені қазан толып, ақ мол болсын деген ниетпен бірлестік қызметкерлері бірлесе даярлайды.
«Tree of life» – көктеммен бірге келіп, көңілді көріктендіретін мейрамды жаңаша мерекелеудің жобасына бірлесіп ағаш отырғызу да енгізілді. Бұл – сабақтастықтың, жаңа өмірдің, табиғатпен етене жақындықтың және жаһандық экологиялық қозғалысқа қосқан үлестің үлгісі. Бұдан бөлек, жаңа жылда шыршаларды кесіп, табиғатқа залал келтірсе, Наурызда керісінше, «бір тал кессең, он тал ек» қағидасын берік ұстанып, елімізді көгалдандыруға үлес қосады.
Сондай-ақ Анаға тағзым – біздің бірлестік миссиясының бірі. Бұл ата-ана мәдениетін қалыптастыру болғандықтан, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсеткен дала философиясы. Осы идея «SenBolНаурыз» тұжырымдамасында берік орын алған.
Бірлестіктің азаматтық ұстанымы ретінде басталған бұл үрдіс қоғамда қолдау тауып, белең алса, қоғамның ұтары мол.
Нұркен АСАНОВ,
«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы