• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Наурыз, 2025

Күн тәртібі нақтыланды

21 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауы­на бірінші оқылымда астананы және республикалық маңызы бар қала­ларды дамыту мәселелері бо­йынша Үкіметтің түзетулері ұсы­нылады. Бұл өзгерістер Мем­лекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген. Заң жобасы 1 кодекс пен 6 заңға өзгерістер енгізуді ұсынады. Бұлар елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру ереже­лерін жетілдіруге бағытталған. Атап айт­қанда, қолжетімді ортаны қам­тамасыз ету, дизайн-код енгізу және стационарлы емес нысандарды орналастыру және олардың қызметін реттеу. Сонымен қатар жарнама қызметін реттеу, қоғамдық орындар­да көшедегі аудиожарнамаға ты­йым салу, тротуарлар мен автожол­­дарда сыртқы жарнама орна­лас­тыруға шектеу қою, елордадағы көші-қонды реттеу тетіктерін жетіл­діру сияқты жарнама мәселелері қарастырылған.

Бірінші оқылымда депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске су ресурс­тарын қорғау және пайдалану мә­селелері бо­йынша енгізілетін өзге­ріс­терді де талқылайды. Заң жоба­сы де­путаттардың бастамасы­мен жаңа Су кодексінің редакциясы­мен заңнамалық актінің ережелерін үйлестіру мақсатымен әзірленді. Де­пу­тат­тардың түзету­лері екі кодекс­те жерасты су ресурстарын рет­теу және пайдалану мә­селе­лерін­де бірыңғай термино­ло­гия­ны қол­дануға, Каспий теңі­зінің қазақ­стандық секторында көмірсу­тектерді барлау және өндіру бо­йынша операцияларды жүргізуге қойылған тыйымды алып тастауға, сондай-ақ Арал теңізінің аумағында ерекше экологиялық мәртебені ескере отырып, жер қой­­науын пайдалану операция­ларын жүргізуге тыйым салуға қатысты.

Ілеспе заң жобасы аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгі­зіледі. Олар заңсыз су алуға, су объектілерінде, су қорғау аймақ­тары мен белдеулерінде заңсыз құры­лыс жүргізуге, су пайдалану шарттары мен режімін бұзуға, су объектілерінің арналарын және шекараларын өзгертуге қатысты санкцияларды қатаңдатуға бағыттал­ған. Сондай-ақ гидротехника­лық құрылыстарға техника­лық тексеруді орындамағаны немесе қате жүргізгені, оларды қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізіледі.

Екінші оқылымда Мәжіліс тауарлардың шығарылған елін ай­қындау мәселелері бойынша түзетулерді қарастырады. Заң жобасы Президенттің 2023 жыл­ғы қыркүйектегі Қазақстан халқы­на Жолдауын іске асыру үшін Пар­ламент депутаттарының бас­тама­сымен әзірленген. Олар жоға­ры үлесті оқшаулаудың өндіріс циклін құруды көздейді. Бұл өз кезегінде импорттық жеткізілім­дерге тәуелділікті азайтуға, заманауи технологиялар трансфертіне және жаңа өндірісті оқшаулауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қолданыстағы «СТ-KZ» сертификаты мен индустриялық серти­фикаттың орнына қазақ­стандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құру ұсынылады.

Сонымен қатар депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алады.