Қонаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Облыстық әкімдікте этносаралық келісім туралы маңызды пікірталастар өтіп, мерекенің шарықтау шегі қалалық Мәдениет үйіндегі концерттік бағдарлама болды, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Дөңгелек үстелде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ҚХА-ның 30 жыл бойы елдегі тұрақтылық пен толеранттылықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы әртүрлі этнос пен діни топтардың үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оның қызметінің арқасында Қазақстан мәдениетаралық диалог саласындағы жүйелі саясаттың үлгісіне айналды, – деді облыс әкімі.
Халықтар достығының маңыздылығы туралы ҚХА депутаты, әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Осман Асылы мен Қапшағай қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі Чжен Александр өз пікірлерін білдірді.
Салтанатты бөлім барысында түрлі кәсіп иелері өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Мереке өңірдің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Көрермендер ұлттық билер мен халық әндерін тамашалап, дәстүрлі аспаптарда орындалған әуендерден ләззат алды.
Осы күні көпбалалы анаға “Қарекет” қайырымдылық қорының қолдауымен пәтер кілтін табыстауы ерекше қуаныш сыйлады. Кеш соңында қазақстандықтардың бірлігі мен өзара құрметі – елдің басты күші екені айрықша аталды.
Алғыс айту күніне орай, «Қайырымдылық керуені» атты акция ұйымдастырылды. Акция аясында еріктілер қалалық перзентханаға барып, 1-наурызда дүние есігін ашқан сәбилер мен олардың ата-аналарына арнайы сыйлықтар табыс етті. Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Асылы Осман жөргектегі сәбилердің аман-есен ширап, ел азаматы болып ержетуіне тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді.
Ақжарама тілектер ақтарылған бұл күні көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіліп, мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Еріктілер киім-кешек, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды жинап, мұқтаж отбасыларға үлестірді.
«Алғыс айту күні – жақсылықтың қарапайым игі істерден басталатынын еске салатын күн. Осындай бастамалар қоғамды одан әрі біріктіріп, ізгілікке бастайды», – деді КММ «Қоғамдық келісім және даму орталығының» басшысы Абай Елбосын.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бұл игі дәстүрді жалғастырып, алдағы уақытта басқа қалаларда да осындай қайырымдылық акцияларын өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Алматы облысы