• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Оқиға 28 Ақпан, 2025

Ақын Нұрпейіс Байғанинді еске алу шарасы өтті

133 рет
көрсетілді

Биыл көрнекті жырау Нұрпейіс Байғаниннің туғанына  165  жыл толып отыр. Осыған орай Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Ер туралы жыр» деп аталған мәдени-танымдық іс-шара өтіп, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан ақынның шығармашылық мұрасы ардақталды.

Рухани кешке әдебиет жанашырлары, өнертанушы ғалымдар, музей мамандары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Жүздесуде ақынның «Қарасай – Қази», «Нарқыз», «Ақкенже» секілді танымал дастандарының шығу тарихына қатысты қызықты деректер айтылып, музей қорында сақталған фотоқұжаттары көрермен назарына ұсынылды.

Іс-шараны ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптеген ақын мұрасы жас ұрпаққа жарқын үлгі екенін айтып, тұлғалар тағылымын насихаттау музей жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жып-жылы кеште Н. Байғаниннің Ұлы Отан соғысы туралы жазған «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» секілді отты поэмалары жауынгерлерге жігер бергені, осылайша өршіл жырау жалынды жырымен  Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқаны кеңінен айтылды.

«Халқымызда жыраулардың ұлы толқын мектебі бар. Сыпыра жыраудан бастап Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет деп тізбектей беруге болады. Осы мектепті жалғастырған бекзат өнердің көрнекті өкілдерінің бірі – Нұрпейіс Байғанин. Уақыт тынысын, замана үнін, халық мұңын жырлаған ақынның есімі зерделі ұрпақтың жадынан ұмытылмауы тиіс. Ол батырлық туралы жырларында ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдаланып, оны жазба әдебиеттің биігіне көтере білді», дейді профессор Жұмат Тілепов.

Атаулы шарада Нұрпейіс Байғаниннің  шөбересі Ерболат Байғанин, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология орталығының директоры, ф.ғ.к  Жұмашай Сайлауқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Қорабай, Публицист, сценарист  Қалдыгүл Жаныбаева және т.б. қонақтар жыраудың шығармашылығына, өмір тынысына қатысты тың ақпараттармен бөлісті.

Нұрпейіс Байғанин –  1860 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданында туған. 15-16 жасында «бала жыршы» атанып, айтысқа түсіп, батырлық жырларын үйренеді. Шернияз, Махамбет, Қашаған сынды ақын-жыраулардың толғауларын жатқа айтып, олардың шығармашылығын жұртшылыққа кеңінен дәріптеп, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қырымның қырық батыры» сияқты 50-ден астам эпосты жырлап, олардың елеусіз қалмауына зор еңбек сіңірген.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар