• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Мәселе 28 Ақпан, 2025

Тегін үйірменің түйткілі

240 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балаларға арнап тегін спорт және шығармашылық үйірмелерін ашуды тапсырған-ды. «Бұқара­лық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн», деген еді. Осы тапсырма негізінде «2020–2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспар» әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілді. Жобаға бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы платформалар іске қосылды. Бірақ төрт жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның шығыны да, былығы да көп болып шықты.

Жүйкені жұқартқан жүйесіз жоба

Балалардың спортпен айналысуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру мақсатында мемлекет «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020–2025 жыл­дарға арналған кешенді жос­пар» қабылдап, мемлекеттік спорт­тық тапсырыс жүйесін енгізді. Бұл бас­тама ата-аналар мен кәсіпкерлерге үлкен қолдау болуы керек еді. Алайда бағдарламаны жүзе­ге асыру барысында қиын­дық көбей­ген. Әуелде спорт секцияларын немесе өнер үйірмесін ашып, мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсеткісі келген кәсіпкерлер «artSport.edu.kz» порталы арқылы өтініш беріп, жергілікті әкімдік кәсіпкердің талапқа сәйкесті­гін тексерген соң, жүйеге тіркеліп жұмы­сын бастаған.

Кейіннен бағдарлама­ның ұйымдас­тырылуында өзгерістер болып, спорт секциялары «DamuBala» плат­формасына, ал шығармашылық үйірмелер «ArtSport» жүйесінде қалған. Кәсіпкерлер бір жүйеден екінші жүйе­ге көшіп жүргенде үйірмеге тіркеген балалардың деректері жоғалып кет­кен. Кәсіпкер Құдайберген Тұрсынның айуынша, оны қайта тіркеу өте қиын.

«Мен 2021 жылы осы бағдарламаға қосылдым. Алғашында «ArtSport» платформасында жұмыс істедік, 2023 жылға дейін солай жалғасты. Кейін «DamuBala» жүйесі іске қосылды. Ауысу барысында балалар жүйеден жоғалып кетті. Өз басым спорт секциясына 90 баланы тіркеген едім. Бірақ қазір олардың көпшілігі жүйеде жоқ. Негізі, балалар Ұлттық білім беру деректер қоры базасында тұруы керек. Ата-аналары өтінім беріп, оны растап отыруға тиіс. Бірақ менің 90 баламның ішінен тек екі ата-ана ғана құжаттарын растай алды. Қалған балалардың жағдайы белгісіз. Біз өз бетімізше олардың құжаттарын толтыра алмаймыз, өйткені заңға қайшы. Сотқа берейік десек, ол да оңай емес. Қан­шама шығынға батасың. Сот шешімі біз­ге оң нәтиже берсе жақсы. Жекеменшік платформалардың артында кім тұрғаны белгісіз. Олардың қорғаушылары мықты болуы мүмкін. Сондықтан біз үшін белгісіз тұлғамен соттасу – үлкен тәуекел», дейді кәсіпкер.

Жұмсалған қаржыны бақылау­дың әлсіздігі, платформалардың тұрақ­сыздығы, кезектегі балалардың тізімнен жоғалып кетуі сияқты мәселелер кәсіп­керлер мен ата-аналарды әбден қа­жытқан. Жүйені бақылауға алып бір ізге тү­сірмесе, жақсы бастама жүгенсіз жоба­ға айналып барады.

 

Мәселені шешуге құлық танытқан ешкім жоқ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы, бұл саладағы жұмыста көз­бояу­шылық пен әміршілдік-әкімшілік тәсілден бас тарту қажет. Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс», деген еді. Бірақ оны елеген ешкім жоқ сыңайлы. Алып платформаның артында тұрғандар баланы емес, пайданы ойлап, арыз-шағымға жұмған ауыздарын ашпай отыр. Алаңдататыны да осы.

«Бұл жүйеде Мәдениет және ақпа­рат министрлігі, Туризм және спорт ми­нистрлігі, жергілікті әкімдіктер мен басқармалар, сондай-ақ «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасы барлығы бірлесіп жұмыс істеуі керек. Алайда бұл мәселені шешуге ешкім нақты қадам жасап отыр­ған жоқ. Жүйесіздік пен қағазбастылық кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді. Біз қа­лалық мәслихатқа барып, мәселемізді айтамыз, «Атамекен» палатасына ша­ғым­данамыз, бірақ бәрі сол жерде қалып қояды. Жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі – мемлекеттік бағдарламаларға, билікке, жалпы жүйеге деген сенімсіздікті арттырып отыр. Президент тапсырма берсе де, орындалуға тиіс міндеттер жүйелен­бей жатыр. Қаржы мәселесі де түсініксіз. Жыл сайын мемлекеттік шығарма­шы­лық және спорттық тапсырысқа жүз миллиард теңге бөлінеді. Бірақ оның нақты қай платформаға, қанша балаға бағытталатыны белгісіз. Нақты қанша бала үйірмеге қатысып жатқаны туралы толық ақпарат жоқ. 2023 жылдың қарашасында 18 мың бала үйірмеге кезекке тұрды, бірақ жыл соңына дейін олардың барлығы тегін үйірме­нің игілігін көрген жоқ. «DamuBala» бас­шылығымен сөйлесейік десек, олар кәсіпкерлермен кездеспейді, диалогке шықпайды. Бұл мәселені министрлік пен Президент Әкімшілігі деңгейінде ғана шешу қажет. Қазір кәсіпкерлер үйірме ұйымдастырумен емес, қағазбасты­лық­пен, ата-аналардың өтінімдерін растау мәселесімен әуре», дейді Құдайберген Тұрсын.

Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының мәліметінше, Астана қаласында те­гін үйірмеге тіркелген 44 мың бала бар. Олар­дың 26 мыңы – үйірмеге қатысатындар, ­ал 18 мыңы – кезекте тұрғандар. Бірақ ­ке­зек келгенше жыл аяқталады. Ата-аналар да баласын амалсыз ақылы үйірмеге апарады. Тағы бір мәселе – кезек ретінің оңды-солды өзгеруі. Кәсіпкерлер Мемлекет­тік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясына шағым айтып талай бар­ған. Дирекция басшысы Ерлан Құрал­бай­ұлы бұл жайдан хабардар. Бірақ атал­ған платформалардың базасын тексеру құзырына кірмейтінін айтып, бұл істе адам факторының әсері бар екенін алға тартты. Ол да мәселенің оңынан шешілуіне мүдделі.

«DamuBala» – жекеменшік платформа. Біз тек сол жерде жұмыс істейміз, мемлекеттің қаржысын осы жүйе ар­қылы бөлеміз. Бірақ бұл жүйедегі жұ­­мыс барысын, базасын бақылау біздің құ­зырымызда емес. Қазіргі кезде 40 мың баланың дерегін қолмен енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай ауқымды жұмысты 22 адам ғана атқарып отыр», дейді ол.

 

Бала болашағы бизнеске айналды

Жергілікті уәкілетті органдар бұл мәселені реттеуге қауқарсыз екенін мо­йындап отыр. Себебі олар платформада ұсынылған мәліметтер негізін­де ғана жұмыс істейді. Ал платформа­ны бақылайтын арнайы орган жоқ. Осылайша, мемлекеттен бөлінетін қар­жы белгілі бір кәсіпкерлердің қолына өтіп жатқанымен, олардың нақты қанша балаға сапалы қызмет көрсетіп жатқа­ны белгісіз. Оған қоса, мыңнан аса баланы бірден қабылдап, бірақ нақты нәтиже көрсетпеген кәсіпкерлер бар. Мұның бәрі бағдарламаның ашықтығына күмән келтіреді.

«Кейбір кәсіпкерлер 1 мыңнан аса баланы тіркеп, жыл сайын 250–300 миллион тең­ге алады, бірақ оның нақты нәтижесі кө­рініп жатқан жоқ. Бұл қызғаныш емес, мә­селе ашықтықта. Егер мемлекет осын­шама ақша бөлсе, оның нақты қай­да жұм­салғаны көрсетілгені дұрыс. Бол­маса бір кәсіпкерге 300 баладан артық оқы­туға рұқ­сат берілмеуі керек. Өйткені 1000 ба­ла­ны оқыту үшін жеке ғимарат, кемін­де 50–60 мұғалім, оқу құралдары қа­жет. Сон­дықтан 1200 баланы нақты қай жер­де оқы­тып жатыр, қанша мұғалімі бар, қан­­дай жетістіктерге жетті, бұл қара­жат қан­шалықты тиімді жұмсалды деген сұрақ­тарға жауап болуға тиіс», дейді Қ.Тұрсын.

Мемлекеттік шығармашылық тапсы­рысты іске асыру дирекциясының бас­шы­­сы Ерлан Құралбайұлы кәсіпкерлікті шек­теу­ге болмайды деген уәж айтады. Бірақ жүйе­ні бір орталыққа біріктіріп оңтай­лан­ды­ру мәселенің шешімі екенін атап өтті. «Қазіргі таңда бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – жүйені орталықтандыру, яғни барлық жұмыс барысын бірыңғай басқарылатын жүйеге көшіру», дейді ол.

Ал кәсіпкерлер «face id» тексеру жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Сонда, шын мәнінде, қанша бала тегін үйірмеге қаты­сып жүргенін білуге болады дейді. Осы­лай­ша, мемлекеттің ақшасымен қалта­сын қампитып отыр­ғандар анықталып, жемқорлықтың жолы кесіледі. Әрі балалар үйірмеге тұрақты қатысатын болса, жобаның негізгі мақсаты орындалып, сапалы нәтиже болады.

Соңғы жаңалықтар