Таиландтың астанасы Бангкокте Азияның ең үздік аймақтық спортшылары бас қосатын «Aiga asian championship 2025» турнирі өтті. Азияның түрлі елдерінен келген мықты спортшылар күш сынасқан тартысты жарыстан бейнеулік қос спортшы, әкелі-балалы Жеңіс Қайранов пен Еркебұлан Исламғали жеңіспен оралды.
Маңғыстауда ағайынды спортшы жігіттер Жеңіс пен Шыңғыстың есімі көпке мәлім. Жастар арасында ағалы-інілі қос жігіттің жаттығуына қатысып, соларға еліктеп, спортпен айналысып жүргендер аз емес. Жеңіс бүгінде спорттағы жеңісті жолын ұлымен бірге жалғап келеді. Бір ауданның ғана емес, еліміздің атын асқақтатып, жеңіс жалауын желбіретіп жүрген әкелі-балалы спортшылар қажырлы еңбегінің арқасында Бангкокте топ жарды. Еркебұлан Исламғали 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 55 кило салмақта 1-орынға ие болды. Жеңіс Қайранов 20 жастан асқан ересектер арасында, 60 кило салмақта бірінші орынды жеңіп алды.
Әкелі-балалылардың жеңісі Бейнеу ауданының спорттық әлеуетін тағы бір мәрте көрсеткен, баршаға үлгі боларлық жетістік болды.
Қос спортшының жеңісі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламасында: «Жеңіс Қайранов пен Еркебұлан Исламғали – грэпплинг тарихында айрықша із қалдыратын спортшылар, олардың жеңісі отбасылық құндылықтарға негізделген, қажырлы еңбек пен дәстүр сабақтастығының жемісі», деп жазылған.
Маңғыстау облысы