Жаңаруға, сапалануға бет түзеген елімізде әр сала жауапкершілік жүгін сезінеді. Мысалы, көрген кино, оқыған ақпарат, жаңғыртылған ескерткіш, басылған кітап, орындалған ән-күй, қоғамды жұмылдырған еріктілер қозғалысы, т.б. – барлығы сана-сезімге із қалдырмай қоймайды.
Мәселен, 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 15 киножоба мәресіне жетіп, 16 ұлттық фильм прокатқа шығыпты. Айтарлықтай көрсеткіш емес пе? Шығып жатқан қаншама кітап бар. Ашылып жатқан креативті хабтардың қай-қайсына барсаңыз да, өнер мен мәдениеттегі жаңалықтардан көз тұнады. Бұлардың бәрі – рухани әлеміміздің басты қорегі. Қазір жай ғана тамашалап кеткенімізбен, ол қоғамның рухани деңгейін көтеріп жатқаны сөзсіз. Адамзат өмірінен мәдениет пен ақпаратты алып тастаса, ешқандай мән-мағына қалмас еді. Бұл салада атқарылып жатқан істер елеулі де еңселі. Мұның дәлелі – төмендегі нақты деректер.