• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Ғылым 27 Ақпан, 2025

Қызды оқытсаң, ұлтты тәрбиелейсің

211 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары жастар ғылымға көптеп келе бастады. Өйткені жас ғалымдарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Грант саны артты. Айталық, «Жас ғалым» ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына 86 миллиард теңге бөлінді. Осындай қолдауға ие болған жас ғалымның бірі – PhD, қауымдастырылған профессор Регина Андекина.

Ол 2009 жылы «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен «мемлекеттік басқару» маман­дығы бойынша АҚШ-тағы Montana State University тәмамдаған. Осындағы белгілі профессорлардан білім алды. Оқыту әдісінің қыр-сырын үйренді. Кейіпкеріміз елге оралғаннан кейін отандық жоғары оқу орындарында дәріс оқып, болашақ ғалымдарға жол сілтеуді өзінің борышы санады. Тын­бай ізденіп, жас буынды тәрбиелеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның шәкірттері студенттердің ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының республика­лық байқауында сол кездегі Білім және ғы­лым министрлігінің II дәрежелі дипло­мы­мен марапатталды. Сондай-ақ ағылшын тілін жетік меңгерген студенттерді халықаралық жарыстарға да дайын­дап, «CFA Institute Research Challenge»-де үздік студенттік инвестициялық жоба аталымын жеңіп алды.

Кейіпкеріміз 2016–2018 жылдары Еуропалық одақ (Erasmus+) қар­жыландыратын «CACTLE» (Central Asian Centre for Teaching, Learning, and Entrepreneurship) жобасына қатысып, жетекші еуропалық жоғары оқу орын­дарының оқыту әдістемелерінің үз­дік тәжірибелерін тарату мақсатында Қазақ­­стан, Қырғызстан және Өзбекстан оқы­ту­шыларына тренингтер жүргізді. Еуропалық әріптестерімен «Teaching and Learning at Universities» монографиясын жарыққа шығарды.

Сонымен бірге ғалым еліміздің жо­ғары білім саласындағы кезекті реформаларын зерттей отырып, 2020–2022 жылдары ЖТН АР08052656 «Қазақстандық жоғары оқу орындарының «Үштік спираль» тұрғысында трансформацияға дайындығын бағалау» тақырыбындағы жобамен жас ғалымдарға арналған грант иегері атанды. Осы жобаны жүзеге асыру барысында университет, мемлекет және бизнестің өзара байланысын егжей-тегжей талдап, жүйелеп, әлемнің жетекші университеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, отандық жоғары оқу орындарына ұсыныс даярлауға атсалыс­ты. Жоба нәтижесінде студенттерге ар­налған оқу құралы, «Қазақстанда кәсіп­кер­лік университеттердің дамуының ал­ғышарттары мен қазіргі жағдайы» атты монографиясы жинақ болып шықты. Сондай-ақ осы екі ғылыми туындысының авторлық құқығын алды. Бүгінде оқыту саласының маманы Регина Андекинаның 50-ден астам мақаласы, оның ішінде 10 мақаласы «Scopus» және «Web of Science» дереккөз базаларына енетін журналдарда жарияланды. Бұл да ғалымның өз саласындағы табыстарының бір биігі.

Қазір Регина Андекина Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет етеді. Шындығында, оның таңдаған мамандығы мен жұ­мы­сына деген сүйіспеншілігі ғалымды үнемі биік­ке жетелеп келеді. Мемлекеттік қыз­­­меткерлерді оқытатын академияда ке­йіп­­керіміз заманауи оқыту әдістерін пайдалана отырып, экологиялық, әлеу­меттік және корпоративті басқару (ESG), Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық басымдық деп таныған орнықты даму мақсаттары (SDG) бо­йынша шетелдік тәжірибені кеңінен пайдалануға білек сыбана кіріскен. Се­­бе­бі орнық­ты даму мақсаттарының ел саяса­тына интеграциясы – неғұр­лым ­әділ, үнемді және эко­логиялық таза қо­ғам құру жолындағы маңызды қадам.

«Әлемдік тәжірибеде «Triple helix» деп аталын кәсіпорын, университет және мемлекеттің өзара әрекеттесуін қамтитын үштік спираль моделінің елімізде енгізілуін зерттедім. Көзде­ген мақсатқа қол жеткізіп, жоба сәтті аяқ­талды. Алайда жобаны орындау барысында бірнеше қиындық та кездесті. Біріншіден, пандемияның салдары әсер етті. Екіншіден, жобаны қаржыландыру ұзаққа созылды. Қаржы кеш түсті. Яғни конкурс жыл соңына таман жарияланып, түрлі тексеріс, сараптамадан өтті, мақұлданып, жобаны орындауға бөлінген қаржы түскенге дейін 4-5 ай уақыт өтті. Осылайша, жалақы болсын, зерттеу жүр­гізуге жоспарланған қаражат болсын, кешіктіріліп берілді. Бұл өз кезегінде жоба мақсаттарының уақтылы және сапалы орындалуына кері әсерін тигізеді. Осындай тәуекелдерді ескере отырып, конкурс үдерісін жарты жыл бұрын ерте бастаған дұрыс деген ойдамын», деді ғалым.

Оның айтуынша, ол зерттеп жүрген саладағы тағы бір мәселе – «Scopus» және «Web of Scienc»e сынды дерекқорлар базаларына енетін жоғары рейтингті журналдан мақала жариялауды талап ету. Бұл жайт қазір еліміздің ғылым саласындағы көп қозғалатын түйткілді мәселеге айналып отыр. Ғылыммен айналысып жүргендер мен енді ғылым табалдырығын аттаған жас зерттеушілер осы туралы көп «шер» төгеді, айтып та, жазып та жүр. «Шетелдік тәжірибеде мұндай талап жоқ. Докторанттар өз зерттеу жұмысымен айналысып, сабақ береді. Бірақ диссертацияны қорғағаннан кейін, оны беделді бас­падан монография ретінде басып шығару мүмкіндігі бар. Егер қазір соңғы ­15 жылда PhD диссертацияларын (жара­тылыстану ғылымдарынан бөлек) қорғаған ғалымдардың қорғау­дан кейінгі мерзімде мақалалары­ның санын түгендесек, өкінішке қарай, басым көпшілігінде ол сан 0-5 шамасында болады. Яғни мұндай қатаң талап­тар жастардың ғылымға қызығушылы­ғын жоюы мүмкін», дейді Регина.

Әрине, ғылымы дамыған ел болу үшін аталған сала мамандарына көңіл бөлу, оларды мазалаған мәселелері мен қиындықтарын дер кезінде шешу оң қадамға жетелейтіні сөзсіз. Деректер­ге сүйенсек, шетелде ғылымға деген құрмет пен басымдықты қаржыландыру көлемінен-ақ байқауға болады. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, ғылымға ең көп қаражат бөлетін мемлекет – Израиль (ІЖӨ-нің 6%), АҚШ және Батыс Еуропа елдері 3-4% екен. Ал бұл көште Қазақстан ІЖӨ-нің 0,13%-ы бөлінеді, алайда бұл көр­сеткішті 1%-ға жеткізу көзделген. Ал ірі компаниялардың ғылымға инвести­циялары көлемінен алғашқы үштікте АҚШ, Қытай және Германия елдері кіре­тінін де Регинадан естідік.

Қазір әлемде ғылым саласында жүр­ген әйелдерге деген көзқарас жоғары. Оларға құрмет пен марапат та беріліп жатқаны шындық. Кешегі Мари Кюри ханымнан бүгінгі жас әйел ғалымдар­дың әлемді, адамзатты өзгертуге қосқан үлесі басым болғаны анық. Сөз арасында кейіпкерімізге ғылымдағы әйел­дердің мәртебесі мен рөлі хақында сұрақ қойдық. «Өзім ғылымдағы әйел ретінде дамыған елдердегі ғылымға деген көзқарасы туралы ұнататын тағы бір жайт – күні кеше АҚШ-тың бірінші ханымы болған Джилл Байден өзін ханым емес, доктор деп атауын қалағаны. Доктор дәрежесін білім беру саласынан қорғаған ол Президенттің жары емес, өзін толыққанды ғалым, доктор деп әлемге танытып отыр. Байқасаңыз, олардың аттарын атағанда Президент Байден және доктор Байден деп айтады. Мұндай атауды қолданудың өзі де ғылымды насихаттаудың жолы болып табылады. «Ұлды оқытсаң, текті тәрбиелейсің, қызды оқытсаң, ұлтты тәрбиелейсің» демекші, доктор Джилл Байденге дейінгі бірінші ханым Мишель Обама да, Let girls learn (Қыздар білім алсын!) бағдарламасымен үшінші әлем елдеріндегі қыздарға білім алу мүмкіншілігін туғызды», деді ол.

Бір анығы, қазіргі жас ғалымдардың жетістіктері кімді болса да қуантады. Тіпті олардың айтары мен берері мол екеніне сәт сайын көз жеткізіп келеміз. Еліміздің кадрлық әлеуетін жақсартуда білім мен ғылымның орны ерекше еке­нін қоғамға түсіндіру де күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Сондықтан осы сала маман­дарының мәртебесін көтеру, еңбек­ақы мөлшерін көбейту, үздік тәжі­рибелерді насихаттау арқылы жас­тардың ғылымға қызығушылығын арттыру сияқты мәселелер өз шешімін та­бады деген сеніміміз мол. Ғылымға ұм­тыл­ған жастар көбейсе, еліміздің дамуы бұдан да қарқынды бола беретіні анық.