• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Ақпан, 2025

Өзекті пікір, пайдалы ұсыныс

66 рет
көрсетілді

Салықтық-бюджеттік реформаларға дайындық тақырыбы өңір-өңірде қызу талқыланып жатыр. Үкімет өкілдері жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныс, пікірін тыңдап, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап беріп келеді.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев бастаған бизнес-қоғамдастықпен талқылау үшін құрылған жұмыс тобы Жетісу облысында кездесу өткізді. Кездесуде «Бірге біз күшпіз» кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Еділ Қазақбаев шешім қабылдауда салмақты көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен кәсіпкер­лер арасындағы сындарлы диалог елімізде қолайлы бизнес орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.Тұтынушылардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төраға­сы Баниямин Файзуллин мемлекет­тің бюджеттік саясатындағы алдағы өзгерістерді шағын және орта бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажет екенін баса айтты.

Қарағанды облысында болған кездесуде «Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» қауымдастығының президенті Владимир Быков: «Экономикалық тұрақтылық – мемлекеттік ресурс­тарды тиімді басқарудан, ынталандыру жүйесін қайта қараудан және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдаланудан басталады. Гранттарды па­йызсыз несиелерге ауыстыру қажет, осылайша қаражат экономика­ға қайта оралады», деді. Өңірдің құры­лыс саласы өкілдері атынан «Құры­лысшылар қауымдастығы» ЖК және ЗТ президенті, «Аспап» ӨК директоры Төлеген Әшімов: «Салық кодексі жобасында кәсіпкер өз контра­генті мемлекеттік органдарда тиіс­ті түрде тіркелген жағдайда, басқа тұлғалардың салықтық және өзге де міндеттемелері үшін жауап­кершілікке тартылмауға тиіс деген ережені қарастыру қажет», деді.

Сонымен қатар Қостанай облысында өткен кездесуде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов еліміздегі ҚҚС шегі әлемдегі ең төменгі мөлшер екенін атап өтіп, сондай-ақ ҚҚС төлеушілер шоғырын көбейту бизнес үшін тең бәсеке­лес­тік жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін еске салды.

Қостанайлық кәсіпкерлер салық реформасына ұтымды әрі теңгерімді көзқарас қалыптастыру үшін жергілікті деңгейде сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті. Облыстық Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова құрылыс саласы бойынша құрылыс компаниялары мен жобалаушыларға салықтың сараланған тәсілін қолдану қажеттігін айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлер құрылыс саласын қолдау шараларын, оның ішінде екінші деңгейлі банктерде несиелер бойынша жеңілдетілген мөлшерлемелерді қарастыру мүмкіндігін талқылауды сұрады.

Алматы облысында өткен тал­қылауда Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов кеңеске қатысушыларды Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салаға 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жөнін­дегі ұсынысымен таныстырды. Кездесу барысында Алматы облысы бизнес-қоғамдастығының өкіл­дері алдағы салықтық өзгерістер­ге қатысты өз пікірлерін білдірді. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсетудің салалық кеңесі төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемелерді төмендетуді және салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынды.

«Bilim Invest «ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батыр­бекова реформаларды жүргізу кезін­де білім саласына қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, өңірлердің білім беру саласын дамыту картасын әзірлеуді ұсынды.

«Ауылдардағы білім беру ұйым­дарының дамуын бақылау қажет. Ол үшін жекеменшік білім беру мекемелерін саралау керек. Жеке ғимараты бар, мектептер мен бала­бақшалар бар, үй-жайды жалға алатындар бар. 50-75 балаға арналған, 100-200 балаға есептелген тәрбие және білім беру мекемелері бар», деп түсіндірді К.Батырбекова.

Сондай-ақ спикер салықты көтерумен қатар, бюджет шығыс­тарының құрылымына сын көзбен қараудың маңызды екеніне тоқтал­ды. Қатаң бюджеттік ережелер­дің сақталуын бақылауды күшейту қажет. Кеңеске қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіз Кәсіпкерлер қауымдас­тығының төрағасы Қамбар Баекенов реформалардың ашықтығы мен кәсіпкерлердің пікірлерін есепке алу шағын және орта биз­нес­ті қолдаудың тиімді тетіктерін әзір­леуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныс назарсыз қалмай, жан-жақты талданып, жұмыс барысында ескерілетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар