Сүрінгенді сүйеп, қысылғанға қолдау көрсету – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Дегенмен кейінгі кездері жақсылықтың атын жамылып, жымысқы әрекетін жүзеге асыратын, қайырымдылық деп қалта қампайтқан жаға ұстатар жағдайлар жұрт көңіліне күдік-күмән ұялатқаны белгілі. Қолда бар мәліметке сүйенсек, елімізде 7 203 қайырымдылық қоры ресми түрде тіркеліп жұмыс істеп отыр. Олардың жұмысын қадағалау қалай жүзеге асады? Қоғамда сенімге сызат түсірер жайттар неге жиілеп барады?
Орайы келсе, жақсылыққа үн қосудан кім тартынып қалсын. Желіні парақтап отырып, алдыңнан шыға келген бейтаныс жанның аянышты халіне атүсті қарай алмайсың. Смартфонның бір-екі батырмасын басып, аз-кем болса да үлесіңді қосасың. Ниетім қабыл болсын деп берген аз тиыныңның есебіне бас қатырып жатпайсың. Құдайдан үміті бар кез келген адам солай жасайтыны анық. Әттеңі сол, жұрттың жанашыр пейілін пайдаланып, біреудің қайғысынан қаржы жасаған алаяқтық фактілері де қылаң бере бастаған. Сөзімізге тұздық болу үшін соның бірін мысалға келтірейік.
Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылының тұрғыны Қайрат Төлендиев онкологиялық дертке шалдыққан егіз ұлының еміне қомақты қаржы қажет болған соң, желі арқылы жұрттан көмек сұраған. Ұлдарының суретін жариялағаннан кейін араға уақыт салып алаяқтар айласын асырыпты. Олар бүлдіршіндердің бет-бейнесі мен диагнозын пайдаланып, бір айдың ішінде халықтан 32 млн теңге жинап үлгерген.
«Біздің реквизитті алып тастап, өздерінің банктік есепшоттарын қойған. Көршілер мен таныстар, туған-туысқандар емге ақша салғандарын айтып, бірақ «Айман Т» деп көрсетілген реквизит кімдікі?» деп сұрай бастады. Өзіміз аң-таң болдық. Біздің ұлдарымыздың суреті қойылған үнпарақпен ақша жинаған. Көпшілікке айтарым, көрсетілген телефондардағы мұқтаждың жақындарына хабарласып, көз жеткізіп барып көмек көрсеткен дұрыс. Осы істің соңында жүріп, заң қызметкерлерінен мұндай алаяқтардың көп екенін естіп-біліп жаға ұстадық», дейді Қ.Төлендиев.
Талғар аудандық полиция департаментінің өкілдері алаяқтардың қолға түскенін, олар өз қылмыстары үшін заң алдында жауап беретінін жеткізді. Құзырлы орындағылардың айтуынша, мұндай жағдайлар кейінгі кездері жалпы ел аумағында жиілей түскен. Ал негізінен қайырымдылық қоры ретінде тіркелмесе де, жұрттан көмек сұрауды заң тармақтары шектемейді.
Өткен жылдың соңында аты дардай қор басшысының ұсталуы қоғамда қызу талқыланып, оқиға елдің қайырымдылық қорларына деген сеніміне селкеу түсіргені мәлім. Қаржылық мониторинг агенттігі су басқан аймақтарға халықтан жиналған ақшаның 1,5 млрд теңгесі қолды болғанын, аталған мәселеде «Біз біргеміз!» қоғамдық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат күдікке ілінгенін жария еткен еді. Қоғам резонансын тудырған мәселеге қатысты пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету тетігін жетілдіру қажеттігін көрсетіп отырғанын мәлімдеп, министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы негізінен қайырымдылық қорларының жұмысын жетілдіру, халықты ізгілікке ынталандыру, қаржының мақсатты жұмсалуы, ашықтығы секілді мәселелерді реттеуді қамтиды.
Қайырымдылық қорларының басым бөлігі ерікті түрде жұмыс істейтіндіктен, олардың ішкі жұмысына мемлекеттік органдар жөн-жосықсыз араласа бермейтіні тағы анық. Дегенмен нақты себеп табылса, бірқатар құзырлы орындар өз бастамашылығымен тексеріс ұйымдастыруға құқылы. Сөз басында ел аумағында 7 203 қор ресми тіркелгенін атап өттік. Олардың 5 537-сі – қоғамдық, 1 149-ы – жеке, 504-і – корпаративтік, 13-і – мемлекеттік қорлар.
Елімізде 2016 жылы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң қабылданды. Аталған заңда қайырымдылық жұмыстарын бақылаушы һәм жүйелеуші мекеме атап көрсетілмегенімен, кез келген қор «жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе қайырымдылық ұйымының интернет-ресурстарында жариялауға міндетті» деп жазылған. Есепте ақшаның қайдан түскені, қалай жұмсалғаны, қор қызметіндегі адамдардың жалақысына дейін барлық шығын тәптіштеп көрсетілуге тиіс. Интернет ресурстарға үңіле отырып, қайырымдылық қорлардың көбі шығындарды көрсеткенімен, түсіп жатқан кірістер туралы жариялай бермейтінін аңғардық. Сарапшылардың да пікірі осыған саяды. Олар қорлардың ашықтығы көңіл көншітпейтінін айтады.
«Қайырымдылық жасау мәдениеті қалыптасқаны абзал. Саладағы ақша айналымына қатысты нақты дерек жоқ. Мемлекет бұл саланы көп бақыламайды. Ашықтық мәселесі жолға қойылса, оған үн қосатын ұйымдардың да саны артар еді. Өйткені оларда әлеуметтік жауапкершілік деген мәселе бар. Елімізде құқықтық сауат әлсіз. Ақшаны жібермес бұрын мұқият тексеріп алғаныңыз жөн. Қорлардың негізгі қызметін зерттеп-зерделеуге қарапайым адамдар бас қатыра бермейді. Мәселен, сіз аңдаусызда террористік ұйымдарды қаржыландыруға ақша жіберіп қойдыңыз делік. Бұл үшін заң сізді жауапкершіліктен босатпайды», дейді заңгер Олжас Есенбаев.
«The world giving index» көрсеткішіне сәйкес еліміз былтыр әлемдік статистикада қайырымдылық жасаудан 113-орынға тұрақтаған. Ақпарат алаңында кіріс-шығысын сауатты жариялап отырған қорлар санаулы. Елімізде қайырымдылық бағытында ең көп қаржы жұмсаған ұйымдарға тоқталсақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры кейінгі үш жылда қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыруға 250 млрд теңге жұмсапты. Сол секілді «Сәби қоры» 2022 жылы – 50 млрд теңге, «Асыл мирас» қоры 2024 жылы – 27,7 млрд теңге, «Ansa foundation» қоры 2024 жылы 20 млрд теңге болатын бағдарламаларды жүзеге асырған. Осы бестікті түйіндеп тұрған «Дара» қоры 2023 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға 359 млн теңге арнаған.
Заңға сәйкес әрбір ақша аударған азамат қайырымдылық қорына хабарласып есеп алуға құқылы. Қор есеп беруден бас тартқан жағдайда сотқа жүгінуге болады. Көбіне-көп қор жұмысын қадағалауда жәбірленуші яки арызданушы тарап болмағандықтан, есеп бермегені үшін ұйымдар азын-аулақ айыппұл төлеумен сытылуы ғажап емес.
«Елімізде қайырымдылық қорларын тіркеумен Әділет министрлігі айналысады. Қор ашу үшін ең алдымен жарғы, құрылтайшылар шарты, жарғыны бекіту туралы уәкілеттік орынның шешімі, атқарушы органды тағайындау туралы алқалы органның шешімі және мемлекеттік тіркеу үшін алымның бюджетке төленгенін растайтын түбіртек тапсырылады. Тіркелген қорлардың тізімін Ашық деректер порталынан білуге болады. Бұл порталда ел аумағында тіркелген барлық өкілдік пен заңды тұлға туралы ақпарат ашық түрде жарияланған. Мұндай ақпараттар заңды тұлғалар деректер базасы арқылы күнбе-күн жаңартылып тұрады әрі кез келген тұлға үшін қолжетімді. Ең бастысы, азаматтар қорға хабарласып, есебін сұрауға құқылы», дейді Әділет министрлігінің өкілі Ақмарал Ізханова.
Ақпарат көздеріне сенсек, дамыған елдерде қайырымдылық қорын тіркеу бірді-екілі құжат жинаумен шешілетін шаруа емес. Мәселен, АҚШ-та қайырымдылық қорларының жұмысын салық комитетімен қатар Федералды тергеу бюросы, бизнес бюросы мен ішкі кірістер қызметі бақылайды. Қытай, Германия, Франция секілді алпауыт елдерде де қайырымдылық қорларының қадамы жіті қадағаланады.
Сарапшы Меруерт Болатқызы еліміздегі қорлардан көмек сұрап келіп, ақшаны өзге мақсатқа жұмсайтын оқиғалардың да жиі тіркелетінін айтады.
«Қордан көмек сұрағанда, еріктілерге арнайы жалданған, тұруға мүлдем қолайсыз үйді әдейі көрсетіп, аяныш тудыратын немесе жақындарынан айырылған кейіп танытатындар аз емес. Отандық тәжірибеде баласының еміне деп ақша жинап, пәтер немесе көлік сатып алған фактілер де бар. Қолына жәшік ұстап, көшеде көмек сұрайтындар да көбейді. Қайырымдылық ұйымдарының жұмыс үдерісін біліп алған соң, өз пайдасын ойлайтындар да болады. Ақпараттық-цифрлық технология мүмкіндігі қайырымдылықпен айналысатындардың санын көбейтті. Әлеуметтік желіде қайырымдылыққа шақыратын ақпараттардан көз сүрінеді. Жәрдем берем деп алаяқтардың қалтасын қалыңдатуыңыз мүмкін. Осындай оқиғалардың жиілеуінен халық қайырымдылық ісіне күмәнмен қарай бастады. Ең алдымен ақпаратты мұқият тексеріп алған абзал. Негізінен, барлық қайырымдылық қорын ортақ базаға тіркеу ісі жүйелі қолға алынса, талай заңсыздықтың жолы бөгеліп, қор жұмыстары да тиянақталар еді. Ең бастысы, бұл істе ашықтық пен жүйелілік керек», дейді М.Болатқызы.
«Көп түкірсе көл» дегендей, қоғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қайырымдылық қорлары ауқымды үлес қосып жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған танымал азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлардың көмегімен қаншама отбасының баспана жыры байыпты шешімін тауып жатыр. Жақсылыққа негізделген әрбір істің түпкі өзегінде жақсы үміт жататынын ескерсек, қоғамның ізгіленуіне қомақты үлес қосып жүрген қайырымдылық қорларының игі бастамалары қолдауға лайық. Уақыт талабына сай олардың жұмысын қадағалау, қоғамдық бақылауды күшейту мәселесі де қажет екенін көріп отырмыз.
АЛМАТЫ