• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Мәселе 13 Ақпан, 2025

Жас мұғалімдер неге қысымға ұшырайды?

207 рет
көрсетілді

Мектептегі оқушылар арасындағы буллинг туралы жиі естиміз. Оған жол бермеудің амалдары да айтылып жүр. Алайда білім ұясында тек оқушылардың ортасында ғана емес, мұғалімдердің де арасында буллинг бар. Әсіресе жас мамандарға деген құрмет төмен.

Қағазбастылық қажытып тұр

Жас мамандардың жанайқайы ешкімге естілмей елеусіз қалып қойып жатыр. Сон­дықтан мұғалім деген мәртебелі маман­дықты бітіріп, еңбекке енді араласып жүрген жастардың үніне құлақ асқанды жөн көрдік.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліме­тінше, педагог болғысы келетін жастардың саны артып келеді. Былтыр 8 мың жас маман жұмысқа қабылданған. Олар­дың 2 мыңға жуығы – «Алтын белгі» иегері. Бұл сан жыл сайын артпаса, кеміген емес. Әрине, қуантады. Бірақ еңбек жолын жаңадан бастап жатқандардың жанып тұрған үміті алғашқы оқу жылында-ақ сөніп қалатыны өкінішті. Өздерінің сөзінше айтсақ, жаңа көзқарасы, тың ойлары жүйеге жұтылып кетеді.

Ұстаздық – қоғамды алға жетелейтін ең қасиетті мамандық. Әр мұғалімнің жүрегінде шәкірт тәрбиелеу арқылы білім саласына өзгеріс енгізсем деген үміті болады. Жас маман Бекзат Сұлтанда да осындай ой болған. Бірақ қазір өзгергенін айтады. «Мектепке мұғалім болып орналасқанымда, бойымда асқақ арман, биік мақсат, мықты амбиция бар еді. Білім саласына өзгеше серпін беріп, жаңашылдық әкелемін деп сендім. Сол кездері көзім оттай жанып, жалындап тұратынмын. Тіпті педагогиканы насихаттау мақсатында оқушылармен бірге түрлі контент түсіріп, қоғам назарын ауда­руға тырыстым. Алайда мектептегі алғаш­­қы жыл мені өзгертті. Ойым да, көзқарасым да, тіпті жүріс-тұрысым да жүйе­нің талаптарына бейімделді. Ақыры, өзім де байқамай, сол жүйенің кішкентай бөлшегіне айналып шыға келдім», дейді Бекзат.

Ал педагог Айдана Қадірбектің ай­туынша, әсіресе жас мұғалімдерге әділет­сіз талапта­р қойылып, олардың еңбегі мен құқығы ескерусіз қалатын жағдайлар жиі кездеседі. «Мектепте «жас маман, жас маман» деп, өте көп міндет жүктеледі. Қан­ша мұғалім деген мәртебең болса да, аға буын­ның бізді жас деп құрметпен қарамай­­ты­ны тағы бар. Барлығын деңгей үшін, пайыз үшін жасаймыз, нақтырақ айтқанда, бұйрық солай. Мұндай жағ­дайларда оқушы алдында пәніңнің де, өзіңнің де қадірің қалмайды», дейді ол. Айдананың бұл пікірі – бүгінгі білім саласындағы олқылықтардың көрінісі. Мұғалімдердің кәсіби мәртебесі, шығармашылық еркіндігі мен еңбегінің бағалануы – сапалы білімнің кепілі. Сондықтан жас мұғалім мәртебесіне де мән беру қажет.

Қазіргі таңда ұстаздар білім берумен ғана шектелмей, ата-ананың да, оқушының да, басшылықтың да сұранысына сай болуға мәжбүр. Жұлдыз Асылбекқызының айтуынша, бұл жағдай олардың кәсіби құлшынысына кері әсер етіп жатыр. «Жұмыстан емес, ата-ананың алдында ақталып шаршайсың. Сабақ беріп, білім үйреткеніңді бағаламай, ұсақ-түйекке кінәлі етіп қоятындар бар. Тіпті кейбірі «Баламнан кешірім сұра» деп талап етеді. Осындай жағдайдан кейін мұғалім болғың да келмейді. Мұндай қарым-қатынас балалардың мұғалімге деген құрметін төмендетті», дейді ол.

Ал Аймара Жолдастың айтуынша, артық міндеттер мен қағазбастылық олар­дың кәсіби құлшынысын басып, ма­ман­дыққа деген сүйіспеншілігін жоғалт­қан. «Қатты шаршадым. Мектепте жас ма­ман­дарға қысым өте көп. Жұмысқа жаңа орналасып, енді құлшыныспен іске кіріскенімде, сол жігерімді әп-сәтте құм қылды. Бітпейтін есеп үшін жасалатын іс-шаралар бар. Оның барлығы көбіне жас мұғалімдерге тапсырылады. Олардың ойын­ша, робот сияқты барлығына үлгеріп, еш қарсылықсыз тапсырманы орындап отыруым керек. Ең ауыр тиетіні – оқымайтын оқушыларға жақсы баға қойып, жалған сапа жасау. Оның үстіне, қағазбастылықтың шектен тыс көптігі кәсіби дамуға да, оқушыларға көңіл бөлуге де мүмкіндік бермейді. Осындай жағдайлардан кейін өз пәніңе, жұмысыңа деген құштарлығың жоғала бастайды. Мұғалімді адам емес, тек жүйе тапсырмаларын орындаушы ретінде қарау – білім беру саласындағы үлкен қателік. Егер жас мамандарға қолдау көрсетіліп, шынайы жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, білім жүйесі өзгерер еді», дейді жас маман.

 

Шетелдік тәжірибеге үңілсек...

Бұл үрдіс – тек біздегі емес, көп елдегі өзекті мәселе. Мысалы, АҚШ-та жас мұғалімдердің жұмыстан шығу көрсеткі­ші жоғары. Ұлттық білім статистикасы орталығының мәліметтері бойынша, педогогтердің 44%-ы алғашқы 5 жыл ішінде мамандығынан бас тартқан. Зерттеушілердің сөзінше, бұл жағдай «teacher burnout» немесе «мұғалімдердің кәсіби қажуы» деген терминмен сипатталады. Бұл мәселенің алдын алу үшін АҚШ мектептеріне тәлімгерлік жүйе енгізілген. Бағдарлама бойынша жас мұғалімдерге тәжірибелі тәлімгер бекітіліп, педагогикалық әдістерді меңгеруге, сыныпты басқаруға, ата-аналармен қарым-қатынас орнатуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіби даму семинарлары мен шеберлік сабақтары өткізіліп, тәлімгерлер сабақтарға қатысып, кері байланыс орнатып, эмоциялық қолдау білдіреді. Ал қызмет орнындағы буллинг Ұлыбританияда мұғалімдердің жұмыстан кетуінің негізгі себебіне айналған. Ұлттық білім одағының сауал­намасына сәйкес, мұғалімдердің 30%-ы

бул­лингке ұшырағанын мәлімдеген, олар­дың басым бөлігі – жас мамандар. Әріптестер арасындағы бәсекелестік, әкімшіліктің қысымы, ата-аналар тарапынан болатын қысым жас мұғалімдердің жүйкесін тоздырып, қажытып жібер­ген. Бұл мәселені шешу үшін Ұлы­британияда психологиялық көмек көр­сету орталықтары мен мұғалімдердің құқықтарын қорғайтын ұйымдар іске қосылған. Жапонияда жағдай тіпті күрделі. Өйткені бұл елде педагог маман тапшы. Мұғалімдердің артық жұмыс істеуі мен күйзеліске түсуі «karoshi» (жұмыстан қажып, денсаулықтың нашарлауынан болатын өлім) феноменін тудырған. Жапонияның білім министрлігінің деректері бойынша, мұғалімдердің жұмыс уақытының ұзақтығы мен жоғары талаптар олардың денсаулығына кері әсер етеді. Көп жағдайда олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, түнде құжаттар толтырумен айналысады. Бұл ұзақмерзімді күйзеліске, шаршауға, тіпті денсаулықтың күрт нашарлауына алып келген.

АҚШ тәлімгерлік жүйесі, Ұлыбритания буллингпен күресу, Жапония жұмыс жүктемесін азайту шаралары арқылы бұл мәселені шешуге тырысып жатыр. Елімізде де тиісті шаралар жүргізіліп, заң қабылданған.

 

Мектептегі әлімжеттік – әлеуметтік құбылыс

Психолог маманның айтуынша, жас мұғалімдердің буллингке ұшырауы – ұжымдық психология мен білім жүйе­сіндегі құрылымдық мәселелерден туын­дайтын күрделі құбылыс. «Мектеп – иерархиялық құрылым, мұнда тә­жірибелі мұғалімдер мен әкімшілік жоғары мәртебеге ие, ал жас мамандар бағынышты рөлде. Кей жағдайда үлкен буын өз беделін сақтау мақсатында жас мұғалімдерге қысым көрсетуі мүмкін. Бұл – «топішілік доминанттық мінез-құлық» деп аталатын психологиялық механизм. Егер ұжымда жас мұғалімдерді сынау, көп жүктеме арту, эмоционалдық қысым көрсету қалыпты құбылысқа айналса, бұл мінез-құлық автоматты түрде қайталана береді. Жас маман не осы жүйеге бейімделеді, не оған қарсы шығады. Жас мамандар мектепке үлкен ынтамен, жаңа көзқараспен келеді, алайда қағазбастылық, әкімшілік қысым оларды күйзеліске ұшыратады. Бұл – «реалистік диссонанс», яғни күткен дүниесі мен шынайы өмірдің алшақтығынан туындайтын күйзеліс. Буллингке ұшыраған мұғалімдер бейімделу, қарсыласу, қашу секілді пси­хологиялық қорғаныс механизмдерін қолданады. Ал қазіргі жастар көбіне бұл жүйеге бағынғысы келмейді. Сондықтан олар көбіне жұмыстан бас тартады. Бірақ бұл білім сапасына кесірін тигізеді. Бұл құбылыспен күресу үшін мектептерде менторлық бағдарламаларды күшейту, эмоционалдық тұрақтылықты дамыту, ұжымішілік коммуникацияны жақсарту, буллингке қарсы нақты саясат қалыптастыру қажет. Жас мұғалімдерді жүйеге икемдеуге ғана емес, олардың қолдау табуына, білім жүйесіне жаңа өзгерістер енгізуіне мүмкіндік беру ма­ңызды», дейді психолог Айзада Серік.

 

Заң бар, бірақ...

Жоғарыда жазып кеткеніміздей елімізде мұғалімдердің құқықтарын қор­ғау, олардың кәсіби мәртебесін арт­тыру және жүктемесін реттеу мақ­са­тында бірнеше заңнамалық актілер қабыл­данған. Соның ең негізгілерінің бірі – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңы. Бұл заңның басты мақсаты – мұғалімдерді артық жүктемеден босату, олардың жұмыс жағ­дайын жақсарту, құқықтарын қорғау. Заң бойынша педагогтерді құзыретіне кірмейтін міндеттерге тартуға тыйым салынады. Яғни мұғалімдерге артық есептер тапсыру, қоғамдық жұмыстарға мәжбүрлеу, мектептен тыс қызметтерге жегу заңсыз әрекет деп саналады. Егер педагог кәсіби міндеттерінен тыс жұмыстарға тартылса, оған қатысты шаралар қолдану қарастырылған. Педагогтердің құқықта­ры мен міндеттері заңда нақты көрсетіл­ген. Мұғалімдер психологиялық қысым мен буллингке ұшырамауға тиіс. Егер мұндай жағдай бола қалса, олар білім беру ұйымының басшылығына, білім басқармаларына немесе құқық қорғау органдарына шағымдана алады. «Педагог мәртебесі туралы» заң – мұғалімдерге қатысты заңсыз талаптарды шектеуге, олардың құқықтарын сақтауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды құжат. Бірақ оның толық орындалуы қалайда заңның тиімді жүзеге асырылуына, қоғамда мұғалімдерге деген көз­қарастың өзгеруіне байланысты болмақ. 

Соңғы жаңалықтар