Қар – табиғаттың ең сиқырлы сыйы секілді. Қар жауған кезде әлем мүлде басқа кейіпке енеді. Дыбыс бәсеңдеп, аспан мен жер арасындағы шекара жойылып, жан-жағымыз ақ көрпеге оранады. Бір сәтке бәрі тоқтап қалғандай сезіледі. Осы бір жапалақтап жауған қарға тамсанып тұрған сәтте күнделікті қарбалас тіршіліктің ырғағы бәсеңси қалады. Көңілде бала қуаныш пайда болады. Бірақ бұл қуаныштың астарында қандай құпия жатыр? Неге қар бізді ерекше әсерге бөлейді?
Қарда балалық шақтың тәтті естелігі бар. Ақ ұлпадан жасалған алғашқы аққала. Шанамен зулап түскен биік төбе. Бірақ бұл шаттық өткен күнмен ғана байланысты ма? Ғалымдар бұл сұраққа жауап іздеп көрген. Джорджия университетінің климат психологі Алан Стюарттың айтуынша, қар – ауа райының ең әдемі әрі жұмбақ түрі. Зерттеушілер оның құрылымы ерекше екенін дәлелдеген. Мысалы, жаңадан жауған қар кеуекті келеді, сондықтан ол дыбысты жақсы сіңіреді. Содан айналада мүлгіген тыныштық орнайды. Қарлы түндердегі тыныштық біздің ішкі әлемімізге де тыныштық сыйлайды. Психолог, жазушы Кари Лейбовицтің айтуынша, қар адамның айналамен қарым-қатынасын өзгертеді. «Қар, әсіресе көру сезімімізге ерекше әсер етеді. Ақ ұлпа көркем болғандықтан, жанымызды жадыратады», дейді ол.
Қар түскенде бұрынғы үйреншікті жерлер жаңа мекен секілді әсер қалдырады. Психологтердің зерттеуінше, ақ түс адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, сананы тазартады. Ол артық ойлардан арылуға, эмоцияларды реттеуге көмектеседі. Сондықтан медитация орталықтары мен емханаларда ақ түс жиі таңдалады.
Ғалымдардың зерттеуінше, қар жарықты да жақсы сіңіреді. Ол жарықпен шағылысқанда қою қараңғы түн жарқырай түседі. Бұл, әсіресе қыста күйзеліске түсіп кететін адамдарға оң әсер етеді екен. Тіпті ұзақ түн болатын солтүстік аймақтарда маусымдық күйзелісті болдырмау үшін арнайы жарық терапиясы қолданылады.
Қыс адамдардың барлығына бірдей ұнай бермейтінін ұмытпау қажет. Біреулер үшін бұл мезгіл қақаған аязбен, қар тазалаумен, көлік кептелісімен байланысты. Бірақ қыстың суығын ұнатпайтын жандардың өзі қар жауған күндері жақсы көңіл күйде жүреді.