Алматы облысында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Тек кейінгі бір аптада өңірде 995 жаңа жұмыс орны ашылып, 420 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ең көп жұмыс орны – білім саласында. 112 мұғалім мен тәрбиеші мектептер мен балабақшаларға жұмысқа қабылданды. Жаңа мамандардың басым бөлігі Қарғалы ауылындағы №1 мектеп-лицейге, Райымбек ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, Ә.Бейсеуов атындағы орта мектепке орналасқан.
Денсаулық сақтау саласы да жаңа кадрлармен толықты. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 45 медициналық маман жұмысқа алынды.
Бұдан бөлек, көлік, қойма шаруашылығы саласына – 65, өнеркәсіпке – 24, балық шаруашылығына – 15, құрылысқа 10 адам жұмысқа қабылданды.
Өңірдегі «Жетісу вольфрамы» ЖШС, «Төре жайлау» ЖШС, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау ұйымдары негізгі жұмыс беруші саналады. Жаңадан ашылған 995 жұмыс орнының 567-сі субсидияланған, 428 бос жұмыс орны enbek.kz порталына жарияланды.
«Жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жұмыс берушілермен тығыз байланыстамыз, жұмыс іздеушілерге қолайлы бос орындарды таңдауға көмектесеміз. Әрбір азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылып, отбасын асырауға мүмкіндігі болуы маңызды», деген облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Матанқызы бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті.
Биыл Алматы облысында 61,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл шара халықтың жұмыспен қамтылуын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына соны серпін береді.
Алматы облысы