• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Тағзым 04 Ақпан, 2025

Күй анасына құрмет

100 рет
көрсетілді

Күй қазынасы – баба танымның баламасыз үлгісі, рух маздағы. «Әлемде төрт мұхит бар. Бесінші мұхит – күй», деген Әбіш Кекіл­байұлы. Қазақтың кісі­лігі мен қасиеті сақ­талған асқақ өнердің анасы атанған Дина Нұр­пейісованың өмірден өткеніне биыл – 70 жыл.

Елордада Қазақ­станның ха­лық әр­тісі, дәулескер күй­­ші-композитор Дина Нұр­­­пейі­сованы ұлықтау іс-шарасы өтіп, өнер мерекесі күйшінің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бас­талды.

Мұнан соң  Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік фи­лармонияның каме­ралық залында «Дина – күй анасы» атты концерт өтті. Оның әлқиссасында күйші ха­қында ескі кадрлардан аңыз тұлғаның бет-бейнесі көрерменге көрсетілді. Қазақ оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымовтың жетек­шілігімен күй анасының ірге­лі мұралары тыңдарманға жетті. «Той­бастардан» бас­талып, «Кербез» күйі­мен қос­талған адуын күйлер өткен ғасырдағы қазақ жанының, ұлт рухының өткен-кеткенін сазға қосқандай. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Байжұма», Мұхит Салыбеков «Шынар», Естай Айтқұлов «Қара қас­қа ат», Сағи Бай­мұхат «Ана», Айым Бек­баева «Бұлбұл» күйін орындап, көпшіліктің көзайымына айналды. Ал «Он алтыншы жыл» күйі қазақтың қайтпас мінезін, берік жігерін, азаттықты көксеген арман-тілегін аңғартып, жігерімізді жаныды.

«Дина әжеміздің өнеріне кезінде бүкіл Мәскеу қол соқ­қан. Шынында, 76 жасында үлкен сахнаға алғаш рет шыққан күйші ерекше адам болған. Кезінде Ахмет Жұ­бановтың ұйытқы болуымен

Дина Нұрпейісованы сонау алыс ауылдан Алматыға алдырып, о кісіні қазақ интеллигенциясы күтіп алған екен. Сахнаға шығарып күй тартқызғанда ерекше там­санған Ақаң бұ­рынғы күй­шілерден әже­міздің тартысы ерекше екенін мойын­­дайды. Әсіресе Құр­манғазының «Тө­ремұ­ратын» тартқанда оң қолы сах­наға сыймай кетті деп жазады. Осы арқылы Дина Нұрпейісованың ас­қан шеберлігін, ұстазын наси­хаттаудағы еңбегін, кісілік үл­гісін көрсеткен», деді күйші, ұстаз, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған.

Қалалық мәдениет бас­қармасы, Е.Рахмадиев атын­дағы филармония және рес­публикалық «Күй анасы» қоры ұйымдастырып отыр­ған іс-ша­рада Дина Нұрпейі­сованың өмірі мен шығар­машылығы кеңінен дәріп­теліп, музыкалық мұ­расына құрмет көрсетілді.

2021 жыл­дың 3 шіл­десінде, күйші-композитордың туға­нына 160 жыл толуы қарса­ңында «Дом­быра күні», «Күй анасы» атауы­мен рес­публикалық қор құрылып, жұмыс істеп келеді. Қоғамдық қор Астана тө­рінен күй анасына арнап зәулім ескерт­кіштің бой көтеруіне бастамашы болды. Ал ескерткіш жанынан «Қазақ елінің күй­шілері мен күйші-ком­пози­торлары» атауымен аллея ашылып, ел руханиятын күй­шілік өнерімен байытқан 101 күйшінің есімі мәрмәрға қашалып жазылған ескерткіш тас бой көтерді. Еліміз бойын­ша 800-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, профессор К.Сахабаеваның «Әсемқоңыр», профессор Т.Қуанышевтың «Күй анасы», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі А.Үлкенбаеваның «Ди­на Нұрпейісова» атты ең­бектері жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар