• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Ақпан, 2025

Жас дарынның жарқылы

52 рет
көрсетілді

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында биші, «Гүлдер» ансамблінің әртісі Іңкәр Айдар­хан­қызының жеке өнер кеші өтті.

Концерттік бағдар­ламада қазақ ұлт­тық және әлем халықтарының билері, за­манауи хореографиялық шы­ғар­малар, сондай-ақ еліміздің же­текші хореографтарымен бірлесе әзір­ленген эксклюзивті және жаңа қойы­лымдар ұсы­нылды. Атап айтқанда, «Тоқымқағар», «Желдірме», «Был­қыл­дақ», «Ақ жауын», «Ал­тынай», «Ти­бет биі», ұй­ғыр және бас­қа да билер орындалды.

Мәдени іс-шараға Қазақ­станның халық әртісі Секен Тұрысбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ар­дақ Балажанова, «Да­рын» Мемлекеттік жас­тар сый­лы­ғының лау­реат­тары Асқар Мұқият пен Әлібек Әлмәдиев, Мә­дениет саласының үздігі Ба­уыржан Бекмұханбет, «Temirlan&Yernat» дуэті, қо­бызшы Олжас Құр­манбек, халықаралық бай­­қаулардың лауреаты Меруерт Тұр­сынбек, талантты музыкант Нұр­мұхаммед Cәтен және «Gul­der» ансамблі қатысты.

Кон­­церттік бағ­дар­ламаның режис­сері – Думан Әкім, идея авторы – «Гүл­дер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Сады­қова, қоюшы хореографтар – Алмат Шам­шиев, Ернұр Қарықбол, Анна Цой.

Кеш авторы Іңкәр Ай­дарханқызы бүгінде «Гүлдер» ансамблі балет труппасының көш­бас­шысы ретінде өзін жақсы қырынан танытып келеді. Ансамбльдің жаңа репертуарын жыл­дам меңгеріп, жеке ре­пертуарындағы «Же­тісуым», «Мен қазақтың қы­зымын», «Алтынай», «Толғау» билері кәсіби өнер қайраткерлері мен көрер­меннің жүрегінде айқын із қалдырды. Ал композитор Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйі не­гізінде қо­йылған хореографиялық композиция шетел көрер­менінің ерекше қолдауына ие болды.

Іңкәр Айдарханқызы қазақ әйел­деріне тән ұлт­тық биді терең әрі дәл орындап, оны түсіндіруде жо­ғары шеберлігін көр­сетеді. Бұл – оның орын­дау­шылық өнеріндегі басты ерекшеліктерінің бірі. Со­нымен қатар репе­титор, хореограф және ба­лет­мейс­тердің көмекшісі ре­тінде де өз қабілетін таны­тып жүр. Бұл тәжірибе, әсі­ресе, Астана қаласындағы Жас кө­рермендер музыкалық театрында қойылған «Қыз Жі­бек» қойылымында айқын байқалды.

 

«Егемен-ақпарат»