• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 31 Қаңтар, 2025

Нағыз шаруаға субсидия жетпей тұр

56 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы субсидияға арнайы тоқталып, жермен, малмен жұмыс істейтін нағыз шаруалар туралы мәселені көтерді. Расында, субсидия дегенді шаруашылыққа көлденең келіп қалған кейбіреулер таза бизнеске айналдырып алған. Екпеген егінін ектім деп, жоқ малды бар дейді. Сөйтіп, субсидияны сыпырып алып отырады.

Ал сол субсидияны алуға тиіс адамдар оған қол жеткізе алмайды. Өйткені қарапайым шаруаға үнемдеген ақша жетпей қалады. Қаржысы жетпегендіктен шаруа діттеген ойын жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырғанының өзін базар мен шаруа арасында жүрген делдалдар пайдаланып кетеді. Делдалдардың денінде заманауи технологиямен жарақтанған қоймалары бар. Дайын өнімді арзанға сатып алады да, қымбаттағанша сақтап отырады.

Бір тамшы тер төкпей жинаған өнімін қымбаттаған кезде базарға шығарады. Сондықтан жермен жұмыс істеп жатқан адамдарға, өнімінің бір бөлігін белгілі бір уақытқа дейін сақтай алатын жағдай тудыру керек. Яғни әр ауылда қойма болса құба-құп. Сонда ғана азық-түлік өнімі қолдан қымбаттатылмайды. Өзім де шаруамын, диқанның өз өнімін қымбатқа сатып жатқанын көр­ген емеспін.

Президент тура айтып отыр. Бұдан былай қай өңірдің басшысы берілген тапсырманы орындамады ма, шара қолданылады. Кейбір алаяқтар бюджет ақшасын жұмсауға қабілеті жетеді, ал өңірге, егіс даласына инвестор тартуды қаламайды. Сондықтан өңір басшыларының ісі инвестор тарту жағынан да бағалануы керек. Ауданға, облысқа инвестор мен жұмысшы күші тартылса, шаруаға одан артық не керек?

 

Керімқұл Бегалиев,

«Зылиха» шаруа қожалығының басшысы