• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қаңтар, 2025

Үнсіздіктен жаралған сыршыл жыр

60 рет
көрсетілді

Өлең өлкесіне өзіндік ерек болмысымен, сыршыл үнімен келген дара ақынның бірі – Оңайгүл Тұржан. Дабыра мен даңғазадан ада қаламгер мінезі қашанда жаңалыққа құмар, әсемдікке ғашық. Ал үнсіздігі бой алдырмас жұмбақ арал іспетті.

Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы, филология ғылымда­рының кандидаты, Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Оңайгүл Тұр­жанның мерейлі белесінде «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа кітабы­ның тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға бір топ зиялы қауым мен өлеңсүйер оқырман қатысты.

Алқалы жиынға модераторлық еткен Ербол Алшынбай әңгіменің әлқис­­сасында Оңайгүл ақынның дара бол­мы­сын атап өтіп, қонақтарға сөз берді.

Алғашқы болып белгілі ақын, әде­биет­танушы Жанат Әскербекқызы жаңа жинақ жөнінде баяндамасын оқыды.

«Қазақ поэзиясында Оңайгүл Тұр­жан есімі кеңінен таныс. Ол XX ғасыр­дың 70-80 жылдарында қазақ поэзия­сындағы буынға жаңа үнімен келіп қосылған қалам иесі. Алғашқы жина­ғы «Самал» деген атпен 1983 жылы жарық көрсе, «Шер қала» жинағы 1999 жылы, «Теңіздер де шөлдейді» 2003 жылы шығып, одан бері де бірқа­тар жыр кітабы өмірге келді. Бұл жинақтардың барлығы да ешкімге ұқсамайтын, поэзиядағы соны бейне­леу­дің тамаша үлгілері болды десек, артық айтқандық емес», деді Жанат Әскербекқызы.

Өз кезегінде Президент кеңесші­сі, академик, журналист Бауыр­жан Ома­р­ұлы ақын шығармашы­лығы жөнінде жан-жақты қаузап, пікір өрбітті.

Тұсаукесер барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның құттықтау хаты оқылды.

«Сізді мерейлі 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өлеңсүйер қауым өзіңізді талғамы биік, тілі шұрай­лы, ойы құнарлы басқаларға ұқсамай­тын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен тағылымды туындыларыңыз арқылы ұлттың руханиятын нығайтып, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып келесіз. Жан толғанысыңыздан жа­рық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі отыр­ған «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз де ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемі­сін көріп, мерейіңіз арта берсін!» делінген құттықтау хатта.

Мұнан соң жырдан шашу шашылып, көркемсөз оқушы жастар  ақынның «Бозжыра» атты өлеңін қонақтарға паш етті. Туған жердің тамырына, баба тарихына қан жүгірткен еңселі жыр келген қауымның рухын бір сілкіп алды.

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова да ақын табиғаты туралы естеліктерімен бөлісіп, өлең шумақтарын оқып берсе, тележүргізуші Дана Нұржігіт қалам­герді адам жанының ғалымы екенін айтып, жүрекжарды лебізін баян етті.

«1983 жылы Алматыда «Жігер» деген фестиваль өтіп, Оңайгүлмен сол жерде танысқан едік. Сол жылдардан бір-бірімізге тілектес болып, қолдау білдіріп келеміз. Тұрсын Жұртбай аға­мыз «Оңайгүл бүгінгі ақындардың ешқай­сысына да ұқсамайды» деген пікір айтқан екен. Расында, ақын болмысы Фаризаға да, Марфуға, Күләшқа да ұқсамайды, Оңайгүл – Оңайгүл. Оңай­гүлдің бала күнгі жырларына қарап отырсаңыз, ескінің көзі секілді, ал кейінгі цивилизациямен бірге дамыған өлеңдері оқырман жүрегіне әсер етеді», деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Ғалым Жайлыбай.

Сондай-ақ шара барысында БАҚ пен білім саласындағы әріптестері А.Шәріп, Ш.Қазығұл, Б.Жексенбай, Қ.Сақ, Б.Бабажанұлы, А.Кеңшілікұлы, т.б. пікірлерін ортаға салды.

Әдеби жиында ақынның «Ағаштар үнсіз өседі» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Осылайша, жаңашылдықтың қынынан суарылған, ескінің киесі жұққан дегдар поэзия болашақ кемесіне бет алды.  

Соңғы жаңалықтар