• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Өндіріс 30 Қаңтар, 2025

Өңдеу зауыттары өрісімізді кеңейте ме?

142 рет
көрсетілді

Газ өндіріп, оның экспортын жолға қойсақ та, ішкі нарықты қамтуға келгенде біраз іркіліс бар. Мемлекет басшысы Жолдауда шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен компанияларға ішкі нарықты жабдықтау жөніндегі міндеттемелерін еске салған еді. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты мұнай алыптары қолжетімді газдың сенімді жеткізушісіне айналуға тиіс екенін атап өтті.

«Тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту Үкімет пен ұлттық газ компания­сы үшін басым міндет. Жаңа газ өңдеу зауыттарын салуды, сондай-ақ қолда бар өңдеу қуаттарын айналымға толық тартуды жеделдету қажет», деді Мемлекет басшысы.

Елімізде тек 12 млн адам немесе халықтың 60%-ы ғана көгілдір отынмен қамтылған. «Қашаған», «Қарашығанақ» және «Теңіздегі» қор елдегі барлық газ қорының 75%-ын құрайды. Энергетика министрлігі биыл 12 млн 400 мың адамның газбен қамтылатынын, 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. 2025 жылы газдандыру деңгейін 62,1%-ға арттыру (21 елді мекендегі 55 мың адам қамты­лады) жоспарланған.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыр­шин­нің айтуынша, бізде тауарлық-материал­дық қорларды толтыруға мүмкіндік бар. Бірақ оның көзін ашып, пайдалану мүм­кін болмай тұр. Геология саласы стра­те­гиялық шешім қабылдай алмайтын, құзыреті шектеулі, бюрократиялық шыр­маумен байланған Үкіметтің коми­теті деңгейінде жұмыс істейді. Энер­ге­тика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өндірілген 29,8 млрд текше метр тауарлық газдың 19,4 млрд текше метрі елде қалды. Көрші елдермен газ тран­зи­тін арттыру жоспарда бар. Ресей газы жеріміз арқылы Өзбекстанға тасымалданады. Қырғызстанмен жеткізу мәселесі пысық­талып жатыр. Биыл газ өндіру көлемі 3%-ға артып, 60 млрд 500 млн текше метрге жетпек.

Бұдан бұрын Үкімет отырысында министр Алмасадам Сәтқалиев болашақта зауыттар санын арттыру жоспары бар екенін айтып, катарлық инвестор Қаша­ған кен орнынан шикізат негізінде газ өңдеу зауытын салуға қызығушылық білдіргенін хабарлады.

«2026-2030 жылдар кезеңінде 4 газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен іске қосу басталады. Атап айтқанда, қуаты жылына 1 млрд текше метр және жылына 2,5 млрд текше метр Қашаған кен орнынан шикізат негізінде зауыттар салынады. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша Қарашығанақ кен орнындағы мұнайдың қалдық қоры мен конденсат қоры – 253,2 млн тонна, ал газ қоры – 791,7 млрд текше метр. Кен орнында 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған», деді министр А.Сәтқалиев.

«Еnergy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуын­ша, КСРО жүйесі кезінде қазақ еліне қажетті газ Өзбекстаннан жеткізілді. Тек тәуелсіздік алған соң ғана жеке газ кеніштерін игере бастадық. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарды газпен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын салдық. Себебі оңтүстіктегі газ тапшылығы 15 млрд текше метр болатын. Н.Жұмағұловтың айтуынша, қазір бұл құбыр максималды режімде жұмыс істеп тұр.

«Сол құбырды кеңейтуге дайындық жұ­мыстары жүріп жатыр. Қатардан келген инвесторлар бұған қаржы салуға дайын. Оңтүстікте халық саны өсіп, біраз жылу электр орталықтары газға көші­рі­ле­ді», дейді сарапшы.

Өткен аптада Қарашығанақта газ өңдеу зауытының құрылысын «Hyundai» жүзеге асыруы мүмкін екені айтылды. Қарашығанақ жобасында қуаты жылына 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысына арналған EPC-келісімшарты алдағы күндері оңтүстік­кореялық «Hyundai Engineering» және «Sicim Kazakhstan» консорциумына беріледі деп хабарлады «Upstream Online» өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Аты­рау­дағы Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 1 млрд текше метр газ өндіруге қауқарлы. Қазір бетон жабындылары төселіп, метал құрылымдарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Зауыт Каспий қайраңындағы «Қашаған» кені­шінен шығатын ілеспе газды кәдеге жара­туға арналған. Жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр.

«Қашаған жобасы 1 млрд және 2,5 млрд текше метрлік екі газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істемек. Маңғыстау газ конденсаты кен орны жы­лына 1 млрд-қа дейін қайта өңдеуге қабілетті», дейді Н. Жұмағұлов.

 

АЛМАТЫ