Мұғалжар ауданы Еңбек ауылдық округіне қарасты Теміркөпір ауылында 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылыс жұмыстарына 680 млн теңге жұмсалды. Жаңа білім ошағы жайлы әрі заманауи талаптарға сай салынған. Толық жабдықталған химия, биология, физика, көркем еңбек пәндері кабинеттері, кең де жайлы спортзалы мен асханасы бар. Мектеп ауласындағы жаңа спорт алаңында бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.
Осыған дейін Теміркөпір бастауыш мектебінің 38 оқушысы жайсыз да суық ескі вокзал ғимаратында білім алуға мәжбүр болды. Ауыл тұрғындарының бірден- бір өтініші жаңа мектеп еді. Бір жағынан, осы ауылды сақтап қалудың төте жолы – жаңа білім ордасын салу. Қаншама ұрпақ оқыған 1937 жылы саманнан салынған ескі мектеп құлап қалған соң оқушылары мен мұғалімдері амалсыздан ескі вокзал ғимаратын паналады. Жайсыз жерде білім алу оқушыға да, мұғалімге де оңайға соқпады. Содан 2022 жылы мектеп салу туралы шешім шығып, көп кешікпей мердігер анықталды.
Өндіріс ошақтары көп шоғырланған Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаштан Теміркөпір 25 шақырым жерде орналасқан. Үш мыңға жуық тұрғыны бар Еңбек ауылдық округіне Сағашилі, Басшилі, Теміркөпір, Тепсең, Қарабұлақ ауылдары кіреді. Бұлардың арасы бір-біріне өте жақын. Автокөлік жолы тиіп тұр, ауылдық округ аумағынан Темір және Жем өзендері ағады. Бір сөзбен айтқанда, шаруаға қолайлы жер.1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолының рельстері төселе бастағанда салынған вокзал ғимараты Теміркөпірде ескінің көзіндей болып әлі тұр. Қабырғалары берік. Айта кету керек, тұрғындар саны аз болғандықтан, осы округ көптеген әлеуметтік көмектен қағажу қалып келеді.
Ақтөбе облысы