Семсерлесуден Бахрейннің астанасы – Манамада өтіп жатқан Әлем кубогінің кезеңдік сайысында еліміздің жастар құрамасы бас жүлдені олжалады. Жарыс барысында жерлестеріміз Сауд Арабия (45:36), Қытай (45:25), Франция (44:43) құрамаларын ұтты. Жеңімпаз команданың сапында Нұржан Әбжанов, Алексей Касаткин, Ғабиден Мұстафин, Кирилл Проходов өнер көрсетті.
Жекелей сайыста Ғабиден Мұстафин қола жүлдегер атанды. Бастапқы бәсекелерде Глеб Колобниковті (Ресей), Халис Елиболды (Түркия), Георгий Хамицаевты (Ресей) ұтқан ол жартылай финалда Ресейдің үздігі Никита Гориге жол берді.
Қытайдың Люйлян қаласында аралас жекпе-жектен «Jue Cheng King 007» деп аталатын турнир өтті. Жарыста жерлесіміз Саламат Есболаев (7-0) Моңғолияның өкілі Туулом Намнанбаярмен (6-1) айқасты. Осы күнге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған қазақтың қайсар ұлына өзінің сегізінші жеңісіне қол жеткізуге небәрі 52 секунд жеткілікті болды. Францияның Ницца қаласында әйелдер күресі-нен ұйымдастырылған Анри Дегланның Гран-приінде еліміздің қоржынына қос алтын медаль түсті. Оның иегерлері – Гүлдана Бекеш пен Елмира Сыздықова. Жастар арасында Азия чемпионы Гүлдана 59 кг салмақта, Рио Олимпиадасы мен Джакартадағы Азия ойындарында қола медальді қоржынға салған Елмира 76 кг салмақ дәрежесінде дара шықты. Келесі айда Қытайдың Харбин қаласында алауы тұтанатын ІХ қысқы Азия ойындарында шайбалы хоккейден еліміздің құрама командасының қарсыластары анықталды. Біздің жігіттер Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тайпейге қарсы ойнайды. Плей-офф бәсекелері 10 ақпанда басталады, финалдық сайыстар 14 ақпанда өтеді. Бірінші орта салмақта күш сынасып жүрген еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы Әли Ахмедов өзінің кезекті жекпе-жегін АҚШ-тың Калифорния штатында Малкольм Джонсқа (17-4-1, 10 КО) қарсы өткізді. Бұл айқас аса тартысты болмады. Жерлесіміз жергілікті боксшыны екінші раундтың алғашқы минутында сұлатып салды. Танымал бапкер Сағатбек Мұсахановтың шәкіртінің бұл кәсіпқой рингтегі 23 жеңісі. 17 кездесуде Әли қарсыластарын нокаутқа жіберді. Ол тек осыдан төрт жыл бұрын эквадорлық Карлос Гонгораға ғана ұтылды. Халықаралық үстел теннис федерациясы (ITTF) 2027-2029 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарын қабылдауға ниет білдірген мемлекеттердің толық тізімін жариялады. Құлшыныс танытып отырғандар қатарында біздің Қазақстан да бар. Егер асығымыз алшысынан түссе, төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосатын байрақты бәсеке екі жылдан кейін біздің елде өтеді. Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті тур ойынын Ярославльдің «Локомотивіне» қарсы өткізді. Бірінші кезеңде есеп ашылмағанымен, екіншісінде қонақтар астаналықтардың қақпасына жауапсыз үш шайба салды – 0:3. Осы есеп матчтың соңына дейін сақталды. Сөйтіп, «Барыс» қатарынан 11 бәсекеде жеңіліс тапты. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина теннистен Аустралияның ашық чемпионатының ⅛ финалында жеңіліп қалды. Төртінші айналымда Елена америкалық Мэдисон Кизбен кездесті. Матч үш сетте 6:3, 1:6, 6:3 есебімен, Киздің жеңісімен аяқталды. Алдыңғы матчта, украиналық Даяна Ястремскаямен кездесу барысында Е.Рыбакина дәрігердің көмегіне жүгінген еді. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Елена Рыбакина Australian Open финалына шығып, әлемнің бірінші ракеткасы беларусьтік Арина Соболенкодан жеңіліп қалған болатын. Маусымдағы алғашқы Үлкен дулыға турнирі – Аустралияның ашық чемпионаты 26 қаңтарда аяқталады. Турнирдің жүлде қоры 96,5 млн долларды құрайды. Турнир жеңімпазы $2 169 650, финалист $1 177 810 алады.