• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Желтоқсан, 2024

Әлеуметтік әділдікті орнату – басты міндет

106 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін жаңа 2025 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан 2024 жылы Сенат депутаттары Мемлекет басшысының реформаларын іске асыруға және халықтың жағдайын жақсартуға арналған заң шығару қызметіне белсенді қатысты. Нәтижесінде, жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады.

Бұл заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Сонымен қатар мем­лекетті­лігімізді нығайту, қоғам­ның осал топтарын қорғау, ел эконо­микасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды сала қамтылды.

Атап айтқанда, отандық ғылы­ми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ ғылыми-техникалық және ин­но­вациялық қызметті тиімді үйлес­тіруді көздейтін Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға, осы саладағы сыбайлас жем­қор­лықты болдырмауға арналған «Мемлекеттік сатып алу туралы» арнайы заң бекітілді.

Адам саудасына қарсы іс-қимыл­­дың құқықтық негіздері мен тиім­ділігін арттыруға, адам сау­дасы құрбандарының мүдде­лерін қорғауға арналған заң да бар.

Жылу энергетикасы саласын­дағы күрделі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздейтін дербес жаңа заң күшіне енді.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастам­асымен әйелдер мен бала­лар­дың құқықтарын қор­ғау­ды күшейтетін нормалар қабыл­данды. Бұл – мемле­кет­тің әлеуметтік әділетті­лікті қамта­масыз етуге бағытталған ұстаны­мы­ның айқын көрсеткіші.

Сондай-ақ экономика, мем­лекеттік басқару, халықты әлеу­меттік қамсыздандыру және өзге де салаларға қатысты маңызды заңдармен жұмыс істедік.

Өткен айда еліміздің басты қаржылық құжаты – үш жыл­ға арналған республикалық бюд­жет­ті бекіттік. Кешегі соңғы оты­рыс­та Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы заңнаманы одан әрі же­тіл­­діруге бағытталған көлем­ді түзетулер топтамасын қарадық.

Бұл ретте депутаттардың заң шығаруға бастамашы болып, бел­сенділік танытқанын атап өткен жөн. Заң шығару қыз­меті­­­мен қатар Сенаттың тұрақ­ты коми­­­тет­тері палата жоспарына сәй­кес бірқатар маңыз­ды іс-шара ұйым­­дастырды. Азық-тү­лік қауіп­­сіздігі және Экономи­ка­ның өңдеуші секторын дамыту мәсе­­лелерін талқыға салып, екі пар­ла­менттік тыңдау өткіз­дік. Сенатта Демографиялық өсу мәсе­лесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден аса дөңгелек үстел мен көшпелі отырыстар ұйымдастырылды.

Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды. Солардың ішін­де халықты алаңдатқан өзекті мәсе­лелер бойынша сауалдарға Үкімет мүшелерінің ауызша жауаптары тыңдалды.

Сенат жанындағы консуль­та­тивтік-кеңесші органдар да бір­қатар маңызды шара өткі­зіп, «Бір ел – бір мүдде» және «Өңір» депутаттық топтары, Мәс­лихат­тармен өзара іс-қимыл жөнін­дегі және Инклюзия жөніндегі кеңестер жалпы саны 13 отырыс ұйымдастырды.

Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндет­тердің іске асырылуына монито­ринг жүргізу жөніндегі Парла­мент­тік комиссияның бес отырысы нәтижелі өтті. Сенаттың халық­аралық қызметі де мазмұнды шаралармен ерекшеленді.

Жалпы, биыл атқарылған ауқымды жұмыс үшін барша әріп­тесіме, Сенат аппаратына риза­шылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Сондай-ақ палата қыз­метін халыққа жеткізу жолын­дағы белсенді жұмыстары үшін бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдеріне рақмет айтамын.

Жыл аяқталғанымен, депу­тат­тық қызметіміз жалғаса бермек. Бүгіннен бастап сенаторлар өңірлерге сапарға шығып жатыр. Сапар барысында тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдардың маңызын кеңінен түсіндірген жөн.

Сонымен қатар келер жылы Сенат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құры­лыс кодекс­­терін қарайды. Бұл құжат­тар­­дың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды өте мұ­қият пысықтауымыз қажет. Осы және басқа да бағыттағы жұмыс­тарымыз табысты боларына сенемін.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы