Қалам ұстаған қауым асыға күтетін «Алтын қалам» әдеби байқауының бастау алғанына биыл 15 жыл толып отыр. Әдеби ортада танымал жоба арадағы үш жыл үзілістен кейін жаңа маусымын жариялап, қалам қуатымен жүзден жүйрік шыққан авторларды марапаттау рәсімі Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде өтті.
«Алтын қалам» байқауынан қанаттанған қаншама ақын-жазушылар оқырманға танылып, топжарған туындылар ұлт әдебиетінің озық шығармаларының қатарына қосылып келеді. Еліміздің жас дарындары мен жаңа есімдерін қалың жұртқа таныстыруға септігін тигізіп келе жатқан байқау биыл Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен өтті.
Мерейлі датаға тұспа-тұс келген байқауға 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Өз кезегінде оқырмандар ұнаған туындыға онлайн түрде дауыс берген. Бәйге қорытындысына сәйкес, «Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымында Нұрбек Нұржанұлы, «Жылдың үздік поэзиясы» аталымында Алтынбек Мерсадық, «Жылдың үздік прозасы» аталымында Бекен Ыбырайым, «Жылдың үздік сатирасы» аталымында Асхат Өмірбаев, «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы» аталымында Бақыт Жамалиева, «Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы» аталымында Шаридияр Уәлиханов жеңімпаз атанды.
Ұйымдастырушылар алқасы бәйгеде бағы жанған үздіктерге естелік сыйлықтар мен ақшалай сыйақы табыстады. Жеңімпаздар арасынан 1 млн теңгелік бас жүлде «Уран кеніші» атты туындысы үшін Бекен Ыбырайымға бұйырды. Бұған қоса, жыл соңында қатысушылардың үздік әдеби шығармалары жеке жинақ түрінде оқырманға жол тартпақ.
Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін, сондай-ақ қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді. «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдайды. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі – көркем әдебиет. Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін», дейді әдеби байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.
АЛМАТЫ