• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Таным 06 Желтоқсан, 2024

Жүрегі сөйлеген дана

108 рет
көрсетілді

Түрікмен әдебиетінің жарық жұлдызы, ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағы 1733–1790 жылдарда Этрек, Гүрген және Гаррыгала аумақтарында өмір сүрген делінеді. Араб тілінде жарық көрген кітабында есімі Махдимкулы болып аталған. Кейбір өлеңдерде Пырағы (Фраги) лақап аты қолданылған. Мақтымқұлының шын аты Геркез, жұрты Этрек екендігін оның төмендегі мына бір шумақтарынан көруге болады.

«Бірінші атым Геркез де, елім – Этрек,

Табан жетпес жерлерге жырым жетпек.

Мақтымқұлы атандым бүгін міне,

Өзім – аңыз, өзім – күй, өзім – ертек».

Ұлы ақын алғашқы дәрістерін әкесі Девлетмехмет Азадиден алған, сол кісінің ілімін және ақындық өнерін жалғастырған. Жас кезінен өнер-білім­ге құмартып, Халач ауданындағы Ыды­рыс баба медресесінде оқи­ды. Хиуа қа­ласындағы Ширғазы медресе­сінде, Бұхара қаласындағы Гөгелдаш мед­ре­селерінде шамалы уақыт білім алып, араб-парсы тілдерімен қатар шығыс түрік тілін үйренген. Жазылған деректерге қара­ған­да, жиырма жастан аса өлеңдерінде «Мақ­тым­құлы» деген атын қолдана бастаған секілді.

Мақтымқұлы дін тақырыбында­ғы шығар­ма­ларында Мұхаммед пай­ғамбарымыз, басқа да пайғамбарлар туралы махаббат пен сүйіс­пеншілік, жалпы адамдық қасиет және ұлттық құндылықтар, адамның материал­дық және рухани өмірін шынайы жырлап, шы­ғармаларында өнеге-өсиет айтып отыр­ған. Жақсылық пен жамандық, ерлік пен қорқаулық, аштық пен тоқтық, сұлулық пен жауыздық психологиялық паралеллизммен жырланады. Ойшыл ақын шығармаларында дұрыс құл­шылықты, ақиқатты насихаттаған.

Түрік әдебиетінің алғашқы тізбе­лік классификациясын жасаған әде­биеттанушы ғалым Мехмет Фуат Көпрүлү Мақтымқұлыны Ахмет Ясауи­дің ізбасары Накши бенди шейхының дәрісін тыңдаған деген дерек айтады. Мақ­тымқұлы бір өлеңінде «Ауа райым­ның иесі Ахмет Ясауи» деп жазған.

Ахмет Ясауи, Фирдоуси, Юнус Емре, Әлішер Науаи секілді ұлы ақындар Мақтым­құлы шығармашылығының дамуына және ақындық табиғатының қалыптасуына айрықша әсер еткен. Мақтымқұлы жырла­ры терең ойымен, философиялық және дидак­тикалық сарынымен ерекшеленеді. Ол – өзі өмір сүрген дәуірдің әлеуметтік және мәде­ни қасиет-қағидаларын жырларында дәріп­теп, ғасырдан-ғасырға жеткізген ойшыл ақын.

Заманымыздың заңғар жазушысы Шың­ғыс Айтматов: «ХVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдері­нің ғасыры болды. Мақтымқұлының ғасырдан-ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол жүрегі сөйлеген философ болатын», деген екен. Бұл – Мақтымқұлы шығармашылығына дәл берілген баға. Басынан өткізген сан қилы замандарда да түрікмен халқы әдеби-рухани құндылықтарын жоғалтқан емес. «Көрғұлы», «Шахсенем-Ғаріп», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Қорқыт ата» секілді халық дастандары тілдің жоғалмауына және әдебиеттің жалғасуына негіз болды. Осы уақыттың философ ақындары Девлетмехмет Азади мен Мақтымқұлы түрікмен халқын бірлікке шақырып, бір мемлекет болуға, бір ту астында тату-тәтті өмір сүруге үндеген.

«Бар адамға ортақ болса дастарқан,

Көңілдер де шығар еді бір жерден» деген Мақтымқұлы жыры өз заманында аңызға айналды. Махтымқұлының тілі жеңіл және түсінікті болғандықтан, оның жазған өлеңдері осы күнге дейін ауыздан-ауызға тарап, ел ішінде сақталып қалған. Шығармаларында шағатай әдебиетінің әсері бар делінеді.

Түрікмен әдебиетінің негізін сал­ған Мақтымқұлы, өз заманындағы адам­дардың күнделікті өмірде қолданған сөз­де­рін, кешкен тірлігін ілмекпен іліп оты­рып жазғандай. Мысалы, бір өлеңінде ол:

«Жаманға сабыр бер, мың кере,

Жақсыға шүкір бер, күндеме.

Имансыз жүректен шырайлы жүз күтпе,

Таппасаң тәтті сөз... үндеме» деп жырлайды.

Мақтымқұлы – түрікмен әдебиетінің ғана емес, түрікмен халқының да данагөй ұстазы. Ақын дәстүрлі түрікмен әдебиетін дамытып қана қоймай, сол замандағы түрікмен халқының рухын жандандырды. Философ – ақын 150 жылдан кейін болатын түрікмен бірлігін түсінде көре білген делінеді. Оның шығармаларынан XVIII ғасырдағы түрікмендердің әдеби және мәдени өмірлері кесте секілді көре аласыз. Ақын шығармаларында халықты жақсылыққа және ақиқатқа үндеген, дінге құлшылық етуге шақырған. Алла Тағалаға сенген әр құлдың көңілінің және ақыретте төрт жағының тең болуын жырлап, халықтың жүрегіне ізгілік сепкен.

Мақтымқұлы Мұхаммед (с.а.с.), Ибра­һим, Мұса, Дәуіт, Иса, басқа да пайғам­барларымыз туралы көптеген ұлағатты сөздер жазып, жан дертінің шипасын солардан іздеген.

«Нұх Пайғамбар,

бір жұтым-ақ ауа берші, қысылдым,

Өмір – мәнсіз, жүрек – жансыз,

көңілім – шер, ішім – мұң!

Қызыр, Ілияс, Зәкәрия, Қабус,

Мұса пайғамбарым,

Қияс, Ғимран пірлерім!

Шапағатпен шипа берші, менің дертті

жаныма жарығыңды түсіргін!»

Мақтымқұлы Құрандағы кейбір мәселе­лерді меңзеген, кейбір пай­ғам­барлардың нақылдарында қолда­нылған сүре аяттарын өлеңдерінде қол­данып, олардың өмірлерінде болған оқиғаларды жазған.

Пенденің дүниеде пайдалы істер жасау керектігін, бескүндік пәни жалған­ның тек бір ғана егін даласы екендігін және ертеңгі күні Алланың алдына барғанда еккен жемісің өзіңнен бұрын жететінін бір өлеңінде былай келтірген:

«Арғымақ-дүние көрген түстей,

 Ұқпассың ауырды иыққа түспей.

 Бос келіп, бос кеткендердің,

 Жалғандағы тірлігі жаман істей».

Тағы бір шығармасында жамандардың орны жаһаннам екендігі, жақсылардың ісінің өзінен бұрын жететіндігі баяндалады:

«Адассаң жолдан – баратын жерің тарылар,

 Қайырлы іс қылсаң – кеудеңе лағыл тағылар.

 Залымның ойы – лаулап жанғанда от болып,

 Жақсыға дәйім жәннаттың бұйырар бағы бар».

Түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының жырлары тақырыптық ауқым­­дылығы жағынан талбесіктен жер бесікке дейінгі аралықты қамтиды. Сон­дық­тан да оның шығармалары халық жүре­гіне жақын. Түрікмендер арасында Мақ­­тым­құлы жырлары мақалға, қанатты сөзге айналып кеткен. Ұлтжанды, сабыр мен ра­қымды, қанағат пен тоқтамды жан-жү­­регіне сіңірген, рухани бай, тақуа, са­быр­лы, жомарт, дұрыс деп сенген шын­дық­тарын қорықпай айта білген, жү­регі таза ақын Мақтымқұлы Пырағы­ның өлеңдері өзі өмір сүрген дәуірінің мәдениетін, өмірнамасын, өнернамасын көрсетеді.

 

Маржан ЕРШУ,

ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты