• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Мамыр, 2024

«Сатып алудағы» сергелдең азая ма?

105 рет
көрсетілді

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі және құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажеттігі туралы биік мінберлерден жиі айтылып жүр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы, одан кейін Үкімет басшысы айтты. Негізінен сынға алды. Салада шамадан тыс бюрократия, созбаққа салынатын процедура көп, ашықтық пен нақтылық жоққа тән. Соны түзеу керек. Ал өткен аптада бірнеше айдан бері қаралып жатқан «Мемлекеттік сатып алу тура­лы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қабылдады. Өзгерген заң жобасы бойынша біраз ілкімді шараларға басымдық берілген. Түзетілген нұсқа Сенат қарауына жіберілді.

Бұған дейін мемлекеттік сатып алуда «кім төмен баға ұсынса, сол ұтады» деген түсінік салтанат құрды, бұл «бұлжымас қағида» жұмыстың сапасыз орындалуына әсер етті. Кей жағдайларда бастама аяқсыз қалды. Тіпті ақшасын алса да, жұмысты бастамаған кәсіпкерлер де болды.

Жаңа заңда мемлекеттік сатып алу жүйесі қалай өзгермек? Әдепкі ықтимал өзгеріс – мемлекеттік сатып алудағы шарттардың орындалуы толықтай қо­ғам бақылауында болады. Осыған де­йінгі қолданыстағы заңда қоғамдық бақылау туралы норма болған жоқ. Енді мемлекеттік сатып алу веб-порталына (goszakup.gov.kz) жұмыстың орындалу кестесі, шарттардың орындалуы туралы есеп жарияланып, сонымен қатар фото және бейне дәлелдер қоса тіркелуге тиіс. Осы бойынша бақылау субьектілері мониторинг жүргізеді. Қарапайым тілмен айтсақ, әрбір ел тұрғыны лотты орналас­тырудан бастап оның іске асуына дейінгі жолды түгел көріп отырады.

Депутаттардың айтуынша, мем­ле­кеттік сатып алудағы квазимем­лекеттік сектордың үлесі жыл сайын ұлғайып барады. Бизнеске кез келген негізсіз қысым, көптеген әкімшілік кедергі жойылмаған. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың тар салалық мүддесінде құрылған квази­мем­лекеттік кәсіпорындар да бизнестің бәсекелестік мүмкіндіктерін төмендетіп келеді. Тағы бір түйткіл,  мем­лекеттік сатып алу аясында бұрын құжаттарды ресімдеу уақыты тым ұзаққа созылатын. Тіпті бірнеше айға дейін жалғасып, ақыр соңы жұмыс сапасына кедергі келтіретін. Бір ғана мысал, жыл басында жол құрылысына тендер жария­ланса, бұл жұмыстар созыла келе, ақыр соңы мердігер күз айларында белгілі болып жатады. Ол жұмысын бастаймын дегенше, күздің салқыны түсіп, қар жа­уатын мезгілде жол төсеп жүрген компаниялар бар. Жаңа редакцияда енді сатып алу рәсімі бір айға қысқартылды. Екінші назар аударатын дүние, бір көзден алу тәсілінің шекті мерзімі белгіленді. Тауарларға – 100 АЕК (369 200 теңге), жұмыс пен қызметтерге – 500 АЕК (1 846 000 теңге), ал ауыл әкімдіктері үшін тауар, жұмыс пен қызметтерге 4 000 АЕК-ке дейін (15 млн теңгеге жуық) бір көзден сатып алуға рұқсат беріледі. Арнаулы авиациялық жөндеу кәсіпорындарында авиациялық техниканы жөндеу қызметі, адвокаттар қызметі және аукционда сатылатын мүліктер (актив) қызметі енді бір көзден ала алмайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа заң сатып алынатын тауар мен жұмыс, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сатып алу үдерісінің мерзімін оңайлатуға және қысқартуға, рәсімдерді одан әрі автоматтандыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ сатып алу бойынша бірыңғай платформа құруға бағытталған. Осы заң шеңберінде шағымданудың жаңа тетігі, қоғамдық мониторинг инс­титутын, «тұрақты мемлекеттік сатып алу» элементтерін, сондай-ақ EPC ке­лісімшарттар құрылымын, офтейк-келісімшарттарды енгізу көз­деліп отыр. «Атамекен» ҰКП ең алдымен, қабылданған жаңа заң сатып алу үдерісін ретке келтіріп, ашықтықты, тиімділікті қамтиды деген сенімде», дейді «Атамекен» ҰКП-ның реттелетін сатып алулар департаментінің басқарушы директоры Руслан Шоқаев.

Оның айтуынша, заңда кейбір бизнес ұсыныстары ескерілмеген сияқты. Мысалы, қосалқы мердігерлікке бері­ле­тін көлемдерді 50%-дан 30%-ға дейін төмендету мәселесі. Айта кету керек, құрылыста жұмыстардың белгілі бір түрі көп. Оларды бір компания орындау мүмкін емес, сондықтан қосалқы мердігерлікке беру керек. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнеске жұмыс көлемін ұсынуға мүмкіндік береді. Бүгінде заңның әдіснамасын жасауға қатысты мемлекеттік органдардың тә­жірибесін ескере отырып, «Атамекен» ҰКП бизнестің неғұрлым егжей-тегжейлі ұсыныстарын ілгерілетуді әлі де жоспарлап отыр.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров­тің айтуынша, заң бойынша EPC келісімшарттары сапа кепіліне айналмақ. Бұған нысанды салу мен пайдалануға беру бойынша құрылыстың кешенді жұмыстары кіреді. Яғни құрылысты бір жеткізуші (бір ғана мердігер) жобаның барлық кезеңінде, жобалаудан бастап нысанды салуға және пайдалануға беруге дейін өзі ғана жауапты болады. Бұл жобаны жүзеге асыру уақытын қысқартып әрі әкімдіктердің кезек күттірмейтін құрылысты іске асыру бойынша жұмыс­тарын жеңілдетпек.

«Заң бойынша енді жеткізушінің жауапкершілігі күшейеді. Егер оның бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылығы тіркелсе, қызмет­кер­леріне жалақы төлемей, мерзімін кешіктірсе, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмайды. Сондай-ақ заңда көрсетілгендей, тапсырыс беруші жеткізушінің материалдық және еңбек ре­сурстары болуын талап ете алады. Бұған қоса сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін веб-порталда әрбір жеткізушінің рейтингі жасалады. Ол ұпай беру арқылы құрылады. Критерийлерге сот және несие тарихы, сондай-ақ қаржылық тұрақтылық кіреді. Әр жинақталған ұпай тапсырыс берушінің жеткізушіні таңдауға көмектесетіні анық. Солардың негізінде веб-портал жеңімпазды анық­тайды. Бұл адам факторы мен кез келген сыбайлас жемқорлық схемаларын жояды», дейді депутат.

Оның сөзінше, заң талқылауға 39 рет отырыс жасаған жұмыс тобында 26 депутат болған. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен 80-нен аса адам қатысыпты. 400-ден астам ұсыныс-пікір түскен.

Заңда көрсетілгендей, егер жеткізуші жалған ақпарат ұсынса, оны мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары деп тану туралы талапты сотқа бермесе, сатып алуды ұйымдастырушыға – 30 АЕК, ал қайталанса 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл тапсырыс беруші тарапқа да қатысты.

Заң жобасы негізінен отандық тауарды қолдауға, адал кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, нақты және сапалы нәтижеге бағытталған. Ол үшін шағын және орта бизнес субьектілері жүзеге асыратын жұмыс пен қызмет, тауар мен сатып алу тізбесі енгізіледі. Оны Қаржы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекітеді. Екіншіден, Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарт үлесін жыл сайын кемінде 10 пайыз немесе 2 трлн теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Енді бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда отандық тауар өндірушілермен жасалған офтейк-келісімшарттар анықталады.

Айта кетейік, жаңа заңды келесі жыл­дан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.