• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Мамыр, 2024

Дүниені бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын

75 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында адам саудасы, ат спорты бағытындағы қазақы жылқы түрін сақтап қалу, экологиялық таза көлік түрлерінің қоғамдағы беделін арттыру, биржа саудасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлікті қолдау бойынша салықтық жеңілдіктер қарастыру, өзге де өзекті бірқатар заң жобасы талқыланып, тиісті шешімдері шығарылды.

Екі бап қылмыссыздандырылады

Алдымен «Экономикалық құқық бұзу­шы­лықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кіріс­терді заңдастыруға (жылыстатуға) және тер­ро­­ризм­ді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл тура­лы заң жобасы бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мү­шесі Абзал Құспан баяндады. Осы заң жоба­­сы бойынша комитет мүшесі Нұр­сұлтан Байтілесов қосымша баяндама жаса­ды. Жаңа заң жобасы бойынша бұдан бы­лай Қыл­мыстық кодекстен қоғамға қауіп төндір­мейтін экономикалық құқық бұзушылықтар туралы баптар алынып тасталмақ.

Осылайша Мәжіліс экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыс­тық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің екі бабы толығымен қылмыссыздандырылады. Ауыр қоғамдық қауіп төндірмейтін эконо­микалық сипаттағы қылмыстар Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылатын болды.

Бұдан бөлек, экономикалық контрабанда және салық төлеуден жалтару ішінара қылмыссыздандырылады. Сонымен қатар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті ажырату үшін заң жобасында «1-бапта ұсынылған ӘҚБтК-нің 233, 545, 549 және 550-баптарында «егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтірмесе» деген сөздер «егер бұл әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса» деген сөздермен ауыстырылсын» делінген.

Салық қылмыстары бойынша да кейбір істерді тіркеуге жол берілмейтін болды. Бастамашы топ бұны өз кезегінде кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындайтын әділ механизм енгізу мақсатында ұсынып отыр.

 

Қазақы жылқы азайып барады

Жалпы отырыста қазақтың жойылып бара жатқан асыл тұқымды жылқыларын қор­­­­­­ғай­­тын, олардың өсімін молайту мәсе­ле­­­­лері ту­ралы заң қабылдады. Бұл заң Пар­ла­­­­­мент де­­пу­тат­тарының бастамасымен әзірленген.

Осы заңға бастамашы болған депутаттар­дың бірі Айдарбек Қожаназаров жалпы отырыста баяндама жасап, басты мақ­сат – мемлекеттік қолдау көрсету арқы­лы отандық спорт бағытындағы жылқы тұ­қым­ын қалпына келтіру және асыл тұқым­дық қасиеттерін жақсарту екенін айтты.

– Қостанай тұқымы 70 жылға созыл­ған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шыға­рыл­ған, мамандандырылған спорттық бағыт­тағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақ­тың ша­бандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазы­на­сы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қос­танай жылқы тұқымы тіркелген, яғни бар­лық асыл тұқымды жылқылардың жалпы са­нының 9,7 %-ын құраған. Алайда бүгінде Қос­танай жылқы тұқымының ресми тіркел­ген саны 270-тен аспайды, ал Адай жылқы тұ­қы­мының 1 300 басы тіркелген, – деді депутат.

А.Қожаназаровтың айтуынша, егер спорт­тық мақсатта пайдаланылатын отан­дық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бо­йын­ша бір құжат қабылдамасақ, бабалары­мыз­дың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр.

– 2014 жылы тұқымды дамытуға бағыт­тал­ған мемлекеттік қолдау тоқтатылған­нан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады, – деді депутат.

Сонымен қатар «Асыл тұқымды мал ша­руашылығы туралы» және «Селекциялық же­тіс­­тіктерді қорғау туралы» заңдарға да тү­зе­ту­­лер енгізіледі. Депутат атап өткендей, заң­­нама­лық түзетулерде қостанайлық жыл­қы тұ­қы­мын сақтауға және өсімін молайтуға ба­ғыт­­талған іс-шараларды субсидиялау көзделген.

– Аталған қолдау тетіктері, отандық спорт­тық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамы­туға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыс­пақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамыту­ға ықпалын тигізеді, – деді А.Қожаназаров.

Заң жобасын талқауға қатысқан депутат Аманжол Әлтай айтылған мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасында «асыл тұқым­ды жануар» және «тұқым стандарты» ұғым­дарына өзгерістер енгізілгенін айтып өтті.

Ал осы заң жобасын талқылау кезінде пікір қосқан депутат Жанарбек Әшімжанов еліміздің тарихында қалған қолтума, төлтума сәйгүліктердің бүгінгі тұқымының тұздай құрып бара жатқанын жеткізді.

– Естеріңізге салар болсақ, Ұлттық спорт қауымдастығы әлемдік стандартпен сертификатталған қазақтың төл тұқымдары жойылып кету алдында тұрғандығы жөнінде жиі дабыл қақты. Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше, қазақтың арғымақтары шөлге шыдамды, алыс жолға төзімді екенін айтып, Үкіметке қазақы жылқы нәсілін ғылыми түрде асылдандырып көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырған болатын. Және алғашқы шешімдері қабылданып та үлгерді. Осы тұрғыда Мәжілісте әзірленіп жатқан заң жобасы ұлтымыздың жоғалып бара жатқан бір асылын түгендеуге үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз, – деді депутат Ж.Әшімжанов.

 

Вандализмге салынған тыйым

Отырыста қоғам алаңдатушылығын туғызған вандализмге қатысты мәселе талқыланып, тиісті шешім қабылданды. Яғни «Қазақстан Республикасындағы адам сау­да­сына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң аясында депутаттар екінші оқылымда ван­да­лизм үшін жауапкершілікті қатаңдату бо­­­­йын­ша нормалар енгізілді. Жаңа заң тала­бы­­на сәйкес вандализм үшін 600 сағатқа де­йін қоғамдық жұмысқа тарту көзделіп отыр.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлт­тық құ­рылтайының үшінші отырысында ван­да­лизмнің теріс салдарына тоқтала келе, онымен күресу қажеттігі туралы айтқан болатын.

Қылмыстық кодекстің «Ерекше құнды­лығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру» жөніндегі 203-бабы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, бірнеше рет жасаған адамдар тобы арнайы нормаларымен толықтырылады.

«Вандализм», яғни 294-бап бойынша бұзушылық аясында 100 АЕК-тен (бұрын 50 АЕК) 200 АЕК-ке (бұрын 160 АЕК-ке) дейінгі айыппұл түріндегі жаза немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу (бұрын 40 тәулік) жазасы қолданылады.

Сонымен бірге бұл баптың 2-бөлігі «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған» деген нормамен толықтырылды. Мұндай әрекеттер 500-ден 200 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстарымен, 300 сағаттан 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланбақ.

 

Электромобильді танымал ету тетігі

Мәжілісте екінші оқылымда қабыл­дан­ған заң жобасы бойынша бұдан былай электр қуаттау стансаларын электр желі­леріне өз бетінше қосқандар да жазаланады.

Бұл жөнінде «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұ­ры­лымды дамыту мәселелері бойынша өзге­ріст­ер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Мәжілістің Эко­логия мәселелері және табиғат пайдалану коми­теті­нің мүшесі Арман Қалықов баяндады.

Бұл стандарт азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрақтарында электр қуаттау стансаларын электр желілеріне заңсыз қосу қаупін жою үшін әзірленген. Бұдан бөлек экологиялық таза көліктерге деген қызығушылық пен сұранысты арттыра түсу үшін заңда оларға деген артықшылықтар да қарастырылған.

Мәселен, заңда электр қуаттау стан­салары­мен жабдықталған орындарға өзге көлік құралдарын тоқтату немесе қою ере­желерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкер­шілік енгізіледі. Яғни электр қозғалт­қыш­тарымен жабдықталмаған көліктер­дің жүргізушілеріне көлігін тұраққа қоюға тыйым салынады. Бұдан бөлек электро­мобильдердің иелері көлік тұрағына ақы төлеуден босатылады.

 

Үкіметке жолданған сауалдар

Жалпы отырыс барысында депутатар жолдаған сауалдар да өзектілігімен ерек­шеленді. Депутат Нұрсұлтан Байтілесов Премьер-министрдің орынбасары Т.Дүй­сеноваға жолдаған сауалында сот жүйе­сін­дегі маңызды міндетті атқаратын аударма­шыларға төленетін төлемақы түр­лері­нің мардымсыздығын көтерді. Оның айтуынша, аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге бірнеше рет ұсыныс жасалса да Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келе жатыр.

Ал Анас Баққожаев Ауыл шаруашылы­ғы министрі А.Сапаровтың назарына 2011 жылы қолға алынып, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар өзін-өзі бас­қару ұйымдарын құрып, мемлекеттің қадаға­лауынан шығып, емін-еркін жұмыс істеуі жолындағы реформалар 13 жылдан бері еш нәтиже бермей келе жатқанын жеткізді. Қысқасы, қой шаруашылығында қойдан да қойшының көп болып тұрғаны қызық болып тұр. Мемлекет меншігінде бірде-бір мал болмаса да, сол малдың мәсе­лесі­мен айналысатын мемлекет қарама­ғындағы 17 палата құрылып, жұмыс істеп жатқаны тіпті парадокс. Осындай өзекті нәрсеге қозғау салған депутат А.Баққожаев министрге қаптаған палаталардың қатарын азайтып, жұмысын жетілдіруді ұсынды.

Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа балық шаруашылығы бойынша депутаттық сауал жолдап, онда негізінен браконерлер жайлы өткір мәселе қозғады.

Депутаттың тиісті министрлікке жолдаған сауалынан бұл салаға да «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келіп тұрғанын байқадық. Бірақ мұндағы түйткілді мәселе қойшының көптігінде емес, керісінше жоқтығында болып тұр.

– Браконьерлікке жол бермеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қажет ететін су айдындарының саны уәкілетті орган қызметкерлерінің санынан бірнеше есе артық екенін байқаймыз. Қызметкерлер мұндай аумақты физикалық тұрғыдан толық көлемде бақылай алмайды, әрине бұл браконьерлер үшін тиімді.

Тағы бір назар аударатын мәселе – бра­коньер­лердің электр таяқшаларын қол­дануы. Балық аулаудың бұл түрін табиғат қас­көйлері Іле өзенінде кеңінен қолданып жүр. 4-5 қайықтан тұратын браконьерлер бірігіп, балық қыстайтын шұңқырларды тоқпен ұрғылап, оңай олжаға кенеліп жүр. Электр қармақтары қолданылған аймақта балық шабақтарының, уылдырықтардың, сондай-ақ көптеген құрттың, моллюска­лар­дың, шаян тәрізділердің және басқа да су тіршілік иелерінің, қарапайым организм­дердің де жаппай қырылуы орын алып отыр. Бақыланбайтын және шектен тыс балық аулау өңірлерде үлкен экологиялық пробле­маларға әкелуі мүмкін, – дейді Мәжіліс депутаты.

Ирина Смирнова Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында елімізде қант диабеті дертіне шал­дық­қан­дардың саны 2000 жылдан бері 45 есе көбейіп кет­кенін айтып, тағы да дабыл қақты (2000 жылы – 10 742, ал 2024 жылы 496 210 науқас тіркел­ген). Депутаттың айтуынша, біздің елде әлі күнге дейін қант диабетімен күресетін ұлттық деңгейдегі стратегия жоқ.