• RUB:
    4.96
  • USD:
    447.25
  • EUR:
    485.18
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Мамыр, 2024

Бішкектегі тәртіпсіздік: зардап шеккендер саны күрт өсті

125 рет
көрсетілді

18 мамырға қараған түні Бішкектегі тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккендердің саны артты, деп хабарлайды Egemen.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шетелдіктермен болған жаппай төбелестің салдарынан 41 зардап шегуші медициналық көмекке жүгінген. 

Зардап шеккен 11 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Қалалық жедел жәрдем ауруханасында екі науқас жатыр. Біреуі бас сүйегінің жабық жарақатын алған, екіншісінің жамбас сүйегі сынған. Науқастардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.

Бір зардап шегуші Ұлттық аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімінде емделуін жалғастырып жатыр. Оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды.

Денсаулық сақтау министрлігі 19 мамырда тағы сегіз шетелдіктің медициналық көмекке жүгініп, Халықаралық медицина университетінің клиникасына жатқызылғанын атап өтті. Екеуінің мұрны сынған, қалғандарында жабық бас жарақаттары, көгерген және сыдырылған деген диагноз қойылған. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында, жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Олардың қал-жағдайын білуге Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев барды.

«Президент Садыр Жапаровтың өкімімен зардап шеккендерді емдеуге және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатын барлық шығындар тегін болады», деді Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев.

Ал, Білім және ғылым вице-министрі Расул Абазбек уулу Қырғызстандағы шетелдік студенттер уақытша онлайн оқытуға көшкенін айтты. Оның айтуынша, бір аптадан бері қашықтан оқыту туралы бұйрық шыққан. Мұндай шаралар студенттердің жатақханада және басқа да тұрғылықты жерінде тұру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған.

Естеріңізге сала кетейік,  18 мамырға қараған түні Бішкекте жергілікті тұрғындар мен шетелдік студенттердің арасында қақтығыс болған. Жатақханалардың бірінде шетелдіктермен төбелес болғанын естіген бірнеше жүз адам төбелеспек болған.