• RUB:
    4.96
  • USD:
    447.25
  • EUR:
    485.18
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2024

Колледждегі көлік құрастыру орталығы

44 рет
көрсетілді

«Allur» зауыты Қостанай автомобиль транспорты колледжіне көлік құрастыру орталығын салып берді. Студенттер білім мен тәжірибені осында ұштастырып, оқу ғимаратынан ұзамай-ақ ұсақ бөлшекті көлік құрастыру өндірісінің қыр-сырын игеретін болады.

Көлік құрастыру орталығының дәнекерлеу, сырлау және автокөлік құрастыру цехы бар. Тәжірибе орталығын қажетті заманауи құрылғылармен жабдықтауға «Allur» зауыты 140 млн теңге қаржы жұмсаған. Жалпы, соңғы жылдары автокөлік өндірісі қарқынды дами бастаған Қостанай облысында аталған салаға білікті кадрларды даярлау мәселесі бірінші кезекте тұр. Жылына мыңдаған автокөлік шығарып жатқан ірі кәсіпорынның техника мамандарын даярлайтын оқу мекемесіне бірінші рет қомақты қаржы салуы да осы мәселені шешу мақсатында болып жатқан жағдай.

«Бұған дейін студенттер ұсақ бөлшекті машина құрастыру өндірісі­мен тек оқу тәжірибесіне барғанда ғана таныса алатын. Енді оқудан қол үзбей-ақ, осы колледждің ғимаратында жүріп тәжірибелік дағды­ларын қалыптастыруға мүмкіндік алып отыр. Бұған дейін еліміздің ешбір білім мекемесінде мұндай орталық болған емес. Қостанай автокөлік транспорты колледжін тәмамдаған түлектер енді бізге дайын маман болып келеді. Колледж студенттері де оқуын аяқтаған соң бірден жұмысқа орналаса алады», дейді  «Allur» зауыты өндірістік оқыту бөлімінің басшысы Махаббат Ермағанбетова.

Арнайы кәсіпік білім беретін оқу орнындағы көлік құрастыру алаңы «Allur» кәсіби құзыреттілік орталығы» деп аталады. Колледж бен автокөлік зауытының арасында тығыз байланыс орнағалы бері оқу орнындағы білім сапасын арттыру бағытында да бірталай шаруа атқарылған.

«Зауыт біздің колледжді 2021 жылдан бері қанатының астына алып, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан мұндағы оқу үдерісі автомобиль жасау саласындағы өндірістік технологиямен тығыз байланыста өрбиді. Осының нәтижесінде, бізде сапалы техникалық мамандарды даярлауға қажетті жағдайдың бәрі бар. Мәселен, 2023 жылы колледж «Машина жасау» мамандығы бойынша лицензия алды. Құзыреттілік орталығында біз балаларды осы бағытта оқытып, үйретіп, кәсіпке баулимыз. Мұнда кірген студент кәдімгі зауытқа кіргендей әсерде болады. Өйткені бұл орталықта автомобиль зауытында бар құрылғының бәрі бар. Зауыттың шағын көшірмесі десек те болады. Осы жерде тәжірибе алған түлектер кейін кәсіпорынға барғанда кәсіпке тез төселеді», дейді Қостанай автомобиль транспорты колледжінің директоры Дмитрий Павленко.

Студенттердің тәжірибесін зауыттың білікті мамандары мен колледж оқыту­шылары ұштайтын болады. Жаңа орталыққа орнатылған дәнекерлеу, бояу аппараттары мен құрастыру желісі, жүк көтергіш тәрізді құрылғылардың бәрі – дәл «Allur» зауытындағыдай.

«Біз құрылғылардың бәрін іске қосып көріп, тексеріп шықтық. Алдағы оқу жылы 3-курс студенттерін осы жерде оқы­татын бола­­мыз. Зауытқа жаңа орна­ласқан жас ма­­ман­дар да осы жерде алғашқы тәжіри­беден өте­тін болады. Өйткені мұнда еңбек қауіп­сізд­ігіне қатысты мәселенің бәрі жан-жақ­ты қарас­тырылған. Тағылымдамадан өту­шілер қа­уіпсіз жағдайда өндіріс әліп­биімен та­ны­сып, тәжірибе алып шығады. Осы жер­ден шыққан студенттер мен үйрену­шілердің бәрі зауытқа жұмыс­қа алынады», дейді  «Allur» кәсіби құзырет­ті­лік орталығының бастығы Денис Наговицын.  

Мамандардың айтуынша, жаңа жоба еліміздің автомобиль жасау саласы бо­йынша сапалы мамандарды даярлаудың толыққанды жүйесін қалыптастырады.    

 

Қостанай облысы