• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Пікір 04 Мамыр, 2024

Өнбес даудың жетегінде кетпейік

58 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында жұрт көкейінде жүрген көптеген келелі мәселемен бірге, кейінгі кездері қазақ қоғамын шарасыздық, дағдарыс, дүдәмалдық ахуалына душар етіп жүрген кейбір келеңсіз жайларға назар аударды.

Президент солардың бастыларының бірі ретінде ертеректе болған тарихи оқиғалар мен осыған белгілі бір мөлшер­де қатысы бар танымал тұлғалар­дың әрекеттерін осы кездері талмас тартыс үстінде талқылап, ар сотына салғысы келетіндей пиғыл танытушылардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Шыны керек, бізді де бұл жайт біраз уақыттан бері толғандырып жүр еді. Сондықтан осы орайда сана сара­йында талайдан қордаланып қалған ойы­мызды ортаға салмай тұра алмадық.

Әлбетте, тарихи шындық айтылуы керек. Ақиқат – алмас қылыш, ол қын түбінде қылаңытып жатып алмайды. Ерте ме, кеш пе, жақтаушыны жарып өтіп, әйтеуір бір жалғанның жарығына шығады. Алайда бұл жолы меңзеліп отырған райдағы әңгіме дәйекті деректерге негізделген шынайы шындық шырайынан емес, ауызекі сөз сыңайлас алыпқашпа түйткілдерден түрен тартатын қиыс қауесеттер хақынан қозғалып отыр. Бір қызығы, тарихтың қойнауынан бұлайша қисын іздейтіндер кәнігі тарихшылар емес, көбіне-көп белгілі бір оқиғалар мен жағдаяттар төңірегінен іліп алып сөз таратуға ғана жарайтын, білім деңгейлері дәркүмән кәдуілгі көп сөзді дилетанттар болып келеді. Әлеуметтік желілердің тарландары болып алған олар сондайда мәселенің түпкі мәніне аса көп көңіл бөлмей, сөздің кенін оңды-солды аударып-төңкеріп жатады. Мұндайлардың дені бір кітапты шала-пұла бір шолып, қарап шығып немесе бір мақаланы дендетіп оқып алып, көсілтіп жаза салады. Қандай да бір тарихи мәселелерді індетіп көтеріп, пайымды пікір білдіру үшін бір емес бірнеше, кейде тіпті әлденеше ондаған кітапты оқып шығуға тура келетіні олардың қаперіне де кірмейді. Сөйтіп, отбасы, ошақ қасындағы сыдырма сипатында қозғалатын сараптауларын қалың көпшіліктің назарына ұсына қояды.

Тарих ғылымы тек тарихи нақты фактіге, толыққанды тұжырымға сүйенеді. Факті – тарихтың тілі, жаны, іргетасы, сұлбасы, негізгі эле­менті, математиканың цифрлар­сыз, лингвистиканың лексема бірлес­тік­терінсіз өмір сүре алмайтыны сияқты, ол да өзіне керекті нақты деректерсіз тіршілік етуге қауқарсыз. Біз сондықтан әлдеқандай бір мәтіндердің тарихи шындыққа қаншалықты жанасымды екенін қарастырып отырғанда, бірінші кезекте оның қандай сенімді фактілерге сүйеніп тұрғанына назар аударамыз. Егер істің фактілік жағы ысырылып қалып, дүдәмал долбар мен пәтуасыз пайымға жол берілсе, ұсынылып отырған мәтіндердің құны, егер олар белгілі бір публицистикалық немесе философиялық қасиеттерге ие болса да, түкке тұрғысыз екені айдан анық айқындала түседі. Әлбетте, мұндай шикі шіркіндер тарих ғылымымен ешқашан қатар қона алмайтыны бесенеден белгілі.

Тарих ғылымының міндеті – шынайы тарих пен болжамды тарихтың көзге көрініп тұрған аянсыз аражігін бір-біріне етене жақындастыру немесе олардың арасындағы айырымдарды барынша азайту. Бұл міндетті жүзеге асыру барысында фактілер мен оқиғалардың жөн-жосықсыз интерпретацияға ұшырап кетуіне жол беруге болмайды. Әдетте қалың көпшіліктің, былайғы жұрттың темір талқысына түсіп кеткен оқиғалар тарихты нақты ғылымнан ауа жайылушылығы мол гуманитарлық ғылымға айналдырып жібереді.

Қазақ «Оқу – инемен құдық қазғандай» дегенді бекер айтпаған. Бұл нақылдың тарих ғылымына тікелей қатысы бар. Демек «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» қағидат тарих үшін ауадай қажет. Тарих шүбәлі шешімдерді, екіұшты емлелерді қаламайды. Осы тұрғыдан келгенде, Президенттің қазақ қоғамында біраздан бері тартыс-талас арқауына айналып келе жатқан «Шыңғыс ханның тегі кім?» деген тұрпаттағы жосықтар жөнінде айтып өткен тұжырымымен толық келісемін. Себебі бұл негізсіз емес.

Біріншіден, ол заманда әлі қазақ деген халық болған жоқ, яғни қазақ ұлты қалыптасқан жоқ еді. Ал қазіргі қазақ этносын құрап отырған тайпалар мен рулардың бәрін бірдей өз нәсілімізге жатқызуға хақымыз жоқ. Бұл үшін сол замандағы рулар бірлестіктерінің бізден басқа көптеген этностың сапында бар екенін айтсақ та жеткілікті. Мәселен, жалайыр тайпасының көп болғанда, он пайыздай бөлігі ғана қазақ тінін қалыптастыруға қатысқан, қалған қалың бөлігі парсы мен әзербайжан жамағатына сіңіп кетті. Сол сияқты қоңыраттың төрттен бір бөлігі ғана қазақ қонысында, қалғандары негізінен өзбек пен қарақалпақтың түтінін түтетіп отыр. Сонау Кавказдағы құмықтар өздерін түгелімен қыпшақ тайпасының өкілі санайды. Мұндай мысалдарды қазақтың қазіргі руларының кез келгенінен тарқатып айтып шығуға болады.

Екіншіден, Моңғолия жерінің Кендітау аймағындағы Онон өзенінің жағасында Есугей батырдың отбасында өмірге келген Шыңғыс ханның бөржүгін тайпасына жататыны арғы-бергі тарихи мәнбелердің бәрінде тайға таңба басқандай жазылып қалған. Осы ретте бөржүгіннің кейін XV ғасырда тарих сахнасы айдынына шығатын қазақ халқының діңгегінде мүлде болмағаны да бесенеден белгілі.

Үшіншіден, ғалымдарымыз аталған тайпаның түркітілді екенін де әлі толық дәлелдеп шыға қойған жоқ.

Төртіншіден, белгілі математик Асқар Жұмаділдаев айтпақшы, Шыңғыс ханның «қазақ» екенін айғақтап шығудан дәл қазір бізге келіп-кетері жоқ. Мұның орнына, біз әлі Ұлық ұлыстың («Алтын Орда» атауын Батыс оқымыстылары ойлап тапқан) мемлекеттік тілі қыпшақ тілі болғанын әлем алдында толық дәлелдей алмай келеміз. Біз үшін тап қазір осы тақырып барынша маңызды. Осыған талассыз қол жеткізген кезде бізге КСРО тарихшылары таңған көптеген трактат адыра қалып, тарихымыздың бірталай беті қайта ашылар еді.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары қазақ қауымы ортасында пайда болған Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, айдап салу тенденциясын да орынды сынға алып отыр. Президент атап өткендей, олардың әрқайсысы заманында өз дүниетанымы аясында қоғам мүддесіне қызмет етті. Айтылып отырған қайраткерлердің бірде-бірі «қазаққа болмасын» деген жоқ, бірде-бірі өз халқының мүддесіне қайшы келетін әнтек әрекеттерге бармады, қай-қайсысы да өз тұрғысынан жұртына жақсылық жасауға ұмтылды. Бірақ олардың барлығы да кәдімгі өзіміз сияқты жұмыр басты, жұлын жүйкелі пенде-тін, ал пенде болғаннан кейін адам әсте қателеспей, жаза баспай, артық-кем қимылдамай тұрмайды. Баз бірі тіпті жаппай қуғын-сүргін дүрбелеңі кеңінен етек алып тұрған алмағайып кезеңде жоғарыдан партия атынан берілген тапсырмаларды орындамасқа амалсыз болды. Бәлкім, халқына қалайда бір адал болғандарының бірден-бір айғағы шығар, сол ардақтыларымыздың ешбірі сталиндік репрессия машинасының оқпанынан ақыры құтыла алмады. Ал қазіргі бейбіт, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірде жаңбыр жаумай су болып жүрген, мемлекет пен еліне шашетектен залал келтіріп келе жатқан, қателіктері екі дүниеде де өтелуі қиын азаматтар біздің қоғамымызда аз ба?! Салыстыра келіп, қарар болсақ, алдыңғы толқындағы аталар мен ағалардың олқылықтары қазіргі кейбір кісәпір кісілердің кесірлі тірліктері қасында жіп есе алмай қалады. Осындайда нағыз сыншылдар әлдеқашан сүйектері қурап қалған аруақты бабаларға қарсы шайқас ашпай, алдымен осындай зиянкестермен күресіп алсын дегің келеді. Сондықтан бұл мазмұнда да әңгімені бұрқыратудың ендігі жерде еш реті жоқ деп есептеймін.

Бір нәрсе айқын: Алаш зиялылары ХХ ғасырда қазақ қоғамының барша жаңаруының басында тұрды. Олар өздеріне дейінгі тарихи тұлғалардың ел үшін керекті еңбектерінен тамыр тартты. Сөйтіп, ата-бабаларымыздан бері сабақты жібі жалғасып келе жатқан ұлы дала демократиясын жаңғыртты. Олар зар заман ақындарынан, Абайдан ең озық ойларды екшеп алып, азаттық жолындағы күрестің тиімді әдіс-тәсілін таңдап алды. Осы толымды толқын шын мәнінде жалпы қазақ интеллигенциясының қарлығаштары еді. Енді келіп, оларды бір-біріне қарсы қоюдың қажеттігі бар ма?! Жоғарыда атап өткеніміздей, олардың көздегені қазақтың азаттығы мен халықтың мүддесі болды. Сол себепті де жас ұрпақты тарихтан түңілдірудің, теріс ой тудырудың еш қажеті жоқ. Ендігі мәселе өткен тарихтан тағылым ала отырып, Әділетті Қазақстанды құру болуға тиіс. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтып отырғаны да осыны меңзейді.

Қазақта ертеден келе жатқан «Өс­пейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деген нақыл бар. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері солақайлықтан аулақ болуға үндейді. Расында да, елбұзарлар халық ішіне іріткі салуға қызмет етеді. Халқымыз қазір онсыз да дін мен тіл тұрғысында төртке бөлініп кетудің қарсаңында тұр. Енді солардың қатарына тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты дау-дамай келіп қосылса, жұрт жетіге бөлініп кетеді. Міне, біз осыдан сақ болуымыз керек. Ұлы Абай бұл ахуалды «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деп ертеде-ақ ескертіп кеткен. Осыны дәйім жадымызда ұстағанымыз жөн. Ал тарихты тереңдетіп талдауды, оған байыпты баға беруді тарихшылардың өздеріне қалдырайық.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

саяси ғылымдар докторы, профессор, Сенаторлар кеңесінің мүшесі