• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.58
  • EUR:
    480
Басты сайтқа өту
Кино 29 Сәуір, 2024

Алғаш рет Түркі әлемінің кинофестивалі өтті

67 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы мен Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының қолдауымен түркі әлемі елдерінің кино және медиа факультеттерінің студенттеріне арналған «Farabi Film Festival» кинофестивалі жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан студенттері, оқытушылар мен киноматографтар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Салтанатты іс-шараны Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Нұрматқызы Айтжанова құттықтау сөзбен ашып, алғаш рет өткен фестиваль жұмысына табыс тілеп, түркітілдес елдердің кино және өнер мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің этнографиялық деректі фильм, киноэссе, кино-бақылау, портрет, эксперименталды фильм, докуфикшен, документалды анимация жанрлары бойынша 70-ке жуық туындылары қабылданғанын атап өтті.

«ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайд Юсуф аталған университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, түркі өркениеті біздің ғана емес, тұтас адамзаттың өркениеті, сондықтан түркі тілдес мемлекеттер киноөнері арқылы тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін әлемге танытуы тиіс деп тұжырымдады. Ош мемлекеттік университеті киноакадемия бөлімінің оқытушы-операторы Акимбай Капаров аталған фестивальдің жалғасын тауып, Орталық Азияда қанатын кеңге жаюына тілектестік білдірді.

Іс-шара барысында жеңімпаздар ТҮРКСОЙ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Түркменстан кинофакультеті студенттерінің жетекшісі-режиссер Искандермухамед Аннамухамедов «Дутар әуезі» фильмі үшін ТҮРКСОЙ-дың бас жүлдесін иеленді. Фестиваль номинаттары бойынша Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан өкілдері жеңімпаз атанды.

«Ақшамдағы қоңырау» фильмі үшін ҚазҰУ-дың Бас жүлдесін алған қырғыз-түрік Манас университетінің студенті Саадат Казакбаева: «Сценариймен ұзақ отырдым. Фильмім жай ғана махаббат туралы емес, жалғыздықты қалай жеңіп шығуға болатын жолды іздеу еді. Нәтижесінде көптеген жалғызбасты адамдардың тағдырын бейнелейтін хикая туындады. Өмірдің мәні мен мағынасын іздеген жандардың бірін-бірі табуы баяндалды. Жұмысымды әділқазылар жоғары бағаланына бақыттымын», деді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері Диас Юсуфтың «Boyau», Аднан әл-Хаттабтың «Hasib Untold Story», Олжас Павликтің «ҚазҰУ: тарих пен білім мекені» атты фильмдері ерекше деп танылды. 2021 жылы ҚазҰУ-да ашылған «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы, шығармашылық шеберлік, креативті өнім жасауға қабілетті кино және медиа саласындағы сұранысқа ие кадрларды даярлап жатыр.

Фестиваль қонақтары Мұрат Есжан, Өтеген Нартай, Бертіс Диас, Акунова Аруна, Увальжанова Әлия секілді белгілі кинематографистер студенттерге арнап шеберлік сыныптарын өткізді. Фествиальдің мәдени бағдарламасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусына, «Қазақфильм» киностудиясына, Алматы қаласы музейлеріне турмен жалғасты.

Көрерменнің жүрегіне жол тапқан бірқатар туындылар түркі өркениетінің мәңгілік құндылығына айналмақ. Аталған бастама алдағы жылдары жалғасын тауып, дарынды киногерлер мен жас режиссерлердің өнердегі алғашқы баспалдағы боларына сенеміз.