• RUB:
    4.84
  • USD:
    441.41
  • EUR:
    477.78
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Сәуір, 2024

«Номғон-2» кешенінен табылған бітіктастың тағы бір бөлігі таныстырылды

90 рет
көрсетілді

Жуырда Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында Түркі Академиясы және Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Номғон-2» ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың төменгі бөлігінің таныстырылымы өтті. Бұл туралы Түркі Академиясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Ұланбатыр қаласындағы Шыңғысхан мұражайында өткен ғылыми іс-шараға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дүгэрийн Рэгдэл, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, Түркияның Моңғолиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Али Саид Серденгечти, сонымен қатар дипломатиялық миссия өкілдері, институттардың басшылары және басқа да белгілі ғалымдар қатысты.

Айта кету керек, археологтар Елтеріс Құтлық қағанға тиесілі деп болжап отырған бітіктастың жоғарғы бөлігі алдыңғы жылы осы кешендегі қазба жұмыстары кезінде табылған еді.

Оның екінші бөлігін іздеуге қатысқан ғалымдардың мәлімдеуінше, бітіктастың жаңадан табылған төменгі бөлігінде көне қытай тілінде жазылған мәтін анықталған.

Ескерткіштің біршама бүлінгені байқалып отыр.

Ғалымдар бітіктастағы жазуларды оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы алқапта Түркі Академиясы жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында 2019, 2022, 2023 жылдары малдас құрып отырған қағанның бәдіз тасмүсіні мен мүсіннің бас бөлігі табылған еді. Сонымен қатар бауырында екі аланы бейнеленген арыстан тас мүсіні және 5 бәдіз тас мүсіннің сынық бөлшектері анықталған.

Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты болашақта Номғон жазығының тоғызыншы ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.