Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Отандық ғылымды дамыту және ғылыми-техникалық прогресс» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге дайындық аясында ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің жұмысымен танысу мақсатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенаторларға аталған университетте атом және сутегі энергетикасы, молекулалық биология, ген инженериясы, биомедицина және тағы басқа салаларда 240-тан астам ғылыми зерттеулер мен халықаралық 10 ғылыми жоба іске асып жатқаны туралы хабардар етілді. Ал 13 факультетте және 31 ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми қызмет жүргізіліп келеді.
Парламентшілер жоғары оқу орны базасында құрылған құрылыс, жол-құрылыс секторы қызметтерінің толық тізбегін көрсету жөніндегі Құрылыс-техникалық инжиниринг орталығының зертханасында болды. Аталған орталық құрылыс саласына қажетті озық технологияларды әзірлеумен айналысады.
Сенат депутаттары іс-шара барысында басшылықпен және профессор-оқытушылар құрамымен ғылыми қызметті дамыту мәселелерін, проблемаларды, сондай-ақ оларды шешу жолдарын талқылады. Парламентшілер сапар қорытындысы бойынша кездесу аясында көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, олардың алдағы дөңгелек үстел отырысында талқылауға шығарылатынын атап өтті.