• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.58
  • EUR:
    480
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2024

Қазақстанда Алатау атты жаңа қала құрылды

562 рет
көрсетілді

Президент тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының («Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы») жоспарын әзірледі. Жоспарға сәйкес, ведомство облыс әкімдігімен бірлесіп экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сүйеніп.

Қаланың жалпы көлемі – 88 мың гектар, ал халқының саны 52,7 мың адамды құрайды.

Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағындарын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын және экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді.

«Сонымен қатар Үкімет АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту мен G4 City АЭА-ны Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша ЭҚЖЖ-ның (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) 17 атауы негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 трлн теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр», делінген хабарламада.

Болжамды мәліметтерге сәйкес, АЭА объектілері жобалық қуатына шыққаннан кейін бүкіл кезеңдегі бағаланған жиынтық үлесі 47,3 трлн теңгені, оның ішінде мультипликативтік әсері 17 трлн теңгені құрайды. Айтарлығы, мемлекеттік инвестицияның әрбір 1 теңгесіне 3,8 теңге жеке инвестиция тартылады.