Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны, № 24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Герой есінен танып қалған жүргізушіге алдымен көмекке келіп, автобусты тоқтатып, көпшіліктің алғысына кенелді. Жасөспірімнің батылдығын үлгі еткен аудан әкімдігі ноутбук берсе, Алматы облысының басшысы соңғы үлгідегі IPhone 15 смартфонын сыйға тарту етті. Бейбіт күннің батыр баласына айналған Геройдың немересі кім?
– Ақжол, сенің есіміңді күллі ел танып, батылдығыңды құрметтеп жатыр. Әп-сәтте бұлай әйгілі боламын деп ойламаған да шығарсың.
– Әрине, сол күні өзі мектепте сырқаттанып, мазам болмады. Сынып жетекшімнен сұранып, үйге қайттым. Күнделікті үйіміз бен мектеп арасына қатынайтын қоғамдық көлікке отырдым. Ойымызда ештеңе жоқ, соңғы аялдамаға жақындағанда абыр-сабыр басталды. Автобус шайқап ала жөнелді де, жолдан қиыс кетіп, тұрғын үйге қарай бет алды. Азан-қазан дауыстан есіміз шығып кетті, қоғамдық көліктің артқы жағында тұрғам, дереу алдына қарай ұмтылдым. Барсам, жүргізуші ағай оң аяғымен жылдамдықты күшейткіш құралды қатты басып алыпты, өзі орындығынан қисайып құлап бара жатыр. Есінен танып қалған екен. Бірден аяғын тарттым да, тежегішті басып автобусты тоқтаттым. Егер тежемегенде жер үйге соғылуы мүмкін еді, тым жақын қалған болатын. Газ құбырын қиратып, су ағатын арықтан да өтіп кеткен екен.
– Автобустағы жолаушылар тек оқушылар ғана болды ма, ересек адамдар да отырды ма?
– Ауылдан қатынайтын тұрғындар, арасында оқушы да, ересек кісілер де болды. Өзгелер қорқа-соқтап тұрғанда, мен ғана батылдық таныттым дей алмаймын. Кез-келген адам тәуекел жасайтын сәт еді. Ересек адамдар орындарынан тұрамын дегенше мен бірінші жетіп, жүргізушіге көмекке келдім деп ойлаймын.
Өзім батырлық істедім, ерлік көрсеттім демеймін. Ондай ой санама кіріп те шыққан емес. Бірақ әлеуметтік желіге ақпарат тараған соң жан-жақтан хабарласып құттықтаушылар күрт артты. Аудан әкімдігі ноутбук берді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде арнайы шақырып, құрметтеді, соңғы үлгідегі IPhone 15 моделін сыйға тарту етті. Мұндай құрметке кенелемін деп ойлағам да жоқ.
– Фамилияң – Герой, атаңның есіміне жазылыпсың.
– Иә, мен әкем мен анамның тұңғыш ұлымын. Өзімнен кейін алты бауырым бар. Анам көп балалы батыр ана, Алтын алқа иегері. Атамның есімін Герой деп әкесі қойыпты. Герой атамның әкесі Әбен Өміров 1913 жылы өмірге келген екен. Биыл туғанына 110 жыл толды. Әбен бабам 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, 1945 жылы елге-аман есен оралған. Ұлының есімін ырымдап Герой деп Әбен бабамыз қойған екен. Өзі де соғыста ерлігімен дараланып 1, 2-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Өзімнің атам Герой әкесінің ерлігі туралы, өнегелі өмірі туралы бізге айтып беріп отырады. Бойымда Әбен бабамның да қаны болғандықтан осындай қадамға бара алдым деп ойлаймын. Нағашы жұртым Алматы облысының Панфилов ауданынан. Нағашы ағам Елнұр Дәулетұлы грек-рим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
– Бейбіт күнде батырлық жасау, тәуекелге барудың қаншалықты маңызды екенін сезінген боларсың?
– Әрине, өздеріңіздің әріптестеріңіз келіп телеарнадан жария етті. Аудан, облыс басшылары қабылдап, құрметін аяған жоқ. Мектебімдегі директор да, ұстаздарымыз да құттықтап, алғысын айтып жатыр. Замандастарым да батырды күткендей қадірлеп отыр. «Біз де сендей батырлық таныта алсақ, шіркін» деп тамсанады. Танымал болған күшті екен, бәрі көрген жерде «сен автобусты тоқтатқан Ақжол емессің бе?» деп сұрап жатады. Кішкентай кезімнен әкемнің жанына ілесіп көлік жөндегенде көмекшісі болып жүремін. Техникаға жақындығымның да көп пайдасы тиді. Сын сәтінде әрбір адам осындай қадамға барады деп ойлаймын. Ендігәрі мұндай оқыс оқиға қайталанбаса екен деп тілеймін.