Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Ішкі істер министрі Ержан Саденов жаңа ашылған заманауи үлгідегі учаскелік полиция пунктіне барды. Полиция пункті 38 мыңнан астам тұрғыны бар Отырар шағын ауданында орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Учаскелік бекет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда учаскелік полиция, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлармен қатар, көші-қон қызметі, әкімшілік практика, пробация қызметкерлерінің жұмыс, демалыс орындары қарастырылған. Ерікті көмекшілерге арналған кабинет, азаматтарды қабылдау бөлмесі, ана мен бала бөлмесі де бар. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кедергісіз кіруге жағдайлар жасалған, оның ішінде арнайы жабдықталған санитарлық тораптар да бар. Ғимарат толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жаңа бекеттің жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет етуіміз қажет. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан полицияның кедергісіз қызмет етуіне әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетіліп жатыр», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне күш салынған. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосу үшін «Ұлттық Ұланның» әскери бөлімін құру қолға алынды. Ұландықтарды орналастыру үшін Түркістан қаласынан арнайы ғимарат белгіленіп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл полиция департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Департамент жанынан жедел басқару орталығы ашылды. Полиция қызметкерлеріне былтыр 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.