Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында шекаралас аймақтар жөнінде айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді», дей келе Президент шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айтты.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кеткенін айтты. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз.
«Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді. «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет», деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Президент аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіндігін, шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілу керектігін атап өтті. Мемлекет басшысы аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беретіндігін айтты. Былтыр Президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
«Сондай-ақ Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асырып, яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды», деді ел Президенті.