• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Халық 09 Мамыр, 2023

Сарбаз ботқасының дәмі

209 рет
көрсетілді

Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицерлері тағылымды іс-шара бастады. Олар «Шарапат» әлеу­мет­тік қызмет көрсе­ту орт­а­лы­­ғының тұрғын­дарына Ж­еңістің 78 жылдығына орай «Сарбаз ботқасы» ак­циясын ұйымдастырды. Әскери оркестр, далалық ас үйдегі сарбаз ботқасы зұл­мат кездердің бар қи­ын­­шылығы мен Жеңіс­тің қадірін тағы бір түсін­діргендей болды.

Офицерлердің бастамасын Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің әскери кафедрасы, Қарулы Күштердің ардагерлері, «Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қолдап, іс-шараға белсенді қатысты. 

Тәрбие және идеологиялық жұ­мыс­тар депар­таментінің бас­тығы, әділет полковнигі Ті­леу­хан Басқожаев Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың арда­гері Раи­са Сафоничеваны және әлеуметтік ме­кеменің тұрғын­дарын Жеңіс күнімен құт­тықтап, бейбіт өмір тіледі. «Біз үшін сі­з­дің ұрпақ – батылдық пен таң­­ғажайып өміршеңдіктің үлгісі. Ел басына күн туған қиын уақытта Жеңіс үшін бәрі тылдағы еңбекке жегілді. Біз бұл қаһармандықты балаларымыз бен немерелерімізге үнемі айтып отырамыз», деді ол.

Алдағы шілдеде Раиса Са­фоничева 98 жасқа толады. 1943 жылы Минскіде қысқамерзімді байланыс курсын аяқ­тағаннан кейін ол 2-Украина майданына жіберіледі. Киевтен Будапештке дейінгі майдан жолдарын жүріп өтіп, Жеңіс күнін қарсы алды. Ардагер осы еңбегі үшін II дә­режелі «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.

Іс-шарада дала асханасы ұйым­дастырылып, армиялық шатырлар орнатылды. Акцияға қа­тысушылар дәстүрлі сарбаз ботқасынан дәм татты.

Бүгінде «Шарапат» орталы­ғын­да 329 адам тұрады. Олар­дың арасында «1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан со­ғысындағы ерен еңбегі үшін» ме­далі­мен ма­рапатталған тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері бар.

Қарулы Күштер Ұлттық әске­ри-патриоттық орталығының шы­ғарма­шылық ұжымы мекеме қонақтары мен қызметкерлеріне соғыс жыл­дарындағы әндерді шырқап берді. Қа­риялар да құр­мет көрсеткен әскери қызмет­шілерге алғыстарын жаудырды.