• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2023

Елордада шахматтан әлем чемпионаты басталды

429 рет
көрсетілді

7 сәуір мен 1 мамыр аралығында елордада шахматтан әлем чемпионаты өтеді. Онда Әлем чемпионы атағы үшін Ян Непомнящий (ФИДЕ) мен Дин Лижень (ҚХР) бақ сынайды. Кеше Astana Ballet театрында чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпарат  сайтына сілтеме жасап.

Дүбірлі дода үшін Қазақстан астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен танымал шахматшылар, халықаралық шахмат федерациясының өкілдері келді. Ян Непомнящий (2793) мен Дин Лижень (2788) ФИДЕ әлемдік рейтингінде екінші және үшінші орындарда тұр.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының және халықаралық шахмат федерациясының әнұрандары қатар шырқалды. Әсерлі қазақ музыкасы, LED-экрандағы еліміздің әсем табиғаты туралы роликтер, қазақ батырларының өнер көрсетуі бұл әлемдік оқиғаның Қазақстанда өтіп жатқанын айшықтай түсті.

Айтулы кешке Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, шахматтан Әлем чемпиондары, гроссмейстерлер қатысты.

Сондай-ақ шахматшыларды айтулы оқиғамен құттықтау үшін Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов келді. Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Сіздерді шахматтан әлем чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл шахматсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Шахмат – адамға ақыл-ой қабілетін дамытуға көмектесетін ерекше спорт түрі. Біздің елімізде осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтарға, әсіресе жастарға шахмат ойнауға қажетті жағдайлар жасалған. Бұған ашық үйірмелер мен 700-ге жуық мектеп дәлел бола алады. Біздің шахматшылар әлемдік аренада елімізді дәріптеп жүр. Менің ойымша, бұл маңызды оқиға шахматтың одан әрі дамуына серпін береді. Халықаралық шахмат федерациясына чемпионатты ұйымдастыруға қатысқаны үшін алғысымды білдіремін», деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Әсіресе жеребе тарту әдісі қонақтардың есінде ұзақ сақталары анық. Сахнаға Ян Непомнящий мен Дин Лижень және олармен бірге жеребе тартқан робот шықты. Бұл робот көптеген фигуралардың ішінен робот ақ түсті фигураны таңдап алды. Осылайша, бірінші партияда Ян Непомнящий ойынды ақ түсті фигуралармен бастайтыны анықталды.

ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович алдағы матчтан көрермендер тартысқа толы ойын күтетінін жеткізді.

«Әлем біріншілігі үшін күрес ойыншылардың стиліне, олардың матч кезінде өзін қалай ұстайтынына байланысты болады. Олар жеңіске ұмтылады, қарсыластарын таңғалдыруға тырысады, матч кезінде қажет болмаса, өздері үшін тым қауіпті жағдайларға жол бермейді. Бұл миллиондаған көрермендерге ұнайды деп үміттенемін. Қалай болғанда да, табан тірескен күрес болады. Біз осы әлемдегі екінші және үшінші шахматшылардың сайысына куә боламыз. Ойынды бақылау қызықты болады деп ойлаймын», деді Аркадий Дворкович.

Айта кетейік, турнирдің бас серіктесі және ұйымдастырушысы – Freedom Holding Group, компания 2 млн еуро көлемінде жүлде қорын толық қамтамасыз етуде.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов турнирдің миллиондаған адамды шабыттандыратынын айтты.

«Егер шахмат секцияларына балалар көптеп келсе және біздің елдің беделі ашық қонақжай ел ретінде нығая түссе, бұл менің басты жетістігім болмақ. Менің ойымша, Қазақстанда, көптеген инновациялар туып жатқан нарықта жеребе тартудың инновациялық тәсілі пайда болғаны қуантады. Біз шынымен де цифрлық көшпенділер еліне айналамыз. Халықаралық чемпионатты қабылдау, қонақтардың ең үздік әсер алуы үшін оны әлемдік тәжірибеге сай өту үшін бәрін жасау – біз үшін үлкен мақтаныш. Сондай-ақ біз биыл өтетін халықаралық мектеп шахмат олимпиадасына дайындалып жатырмыз. Одан да қызықты іс-шараларды, соның ішінде әлем чемпионы атағы үшін қазіргі сайыс аясында түрлі кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен Қазақстан әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы әдемі матчын көреміз»,  деді Тимур Турлов.

Астанада өтетін екі атақты шахматшының ойыны тарихта қалады. Олардың ойлары тек жеңіске бағытталған. Қандай нәтиже болса да бұл матч жаңа шахмат патшасының есімін анықтайды.