Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин Qazaqstan телеарнасы өткізіп жатқан онлайн телемарафонында заңбұзушылыққа жол берген сайлау комиссияларының бірнеше мүшесі процестен шеттетілгенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін үш облыста сайлау туралы заңнаманы бұзудың 9 фактісі анықталған еді. Олар Алматы облысында Еңбекші қазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы сайлау учаскелерінде; Жетісу облысында Қаратал және Кербұлақ аудандарындағы учаскелерде; Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Жамбыл аудандарындағы учаскелерде болған.
Аталған аудандардағы сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері дауыс берушілердің өтініші бойынша туыстары үшін дауыс беруге бюллетеньдер беріліп, дауыс берудің тең құқықтылық талабы бұзылған. Ондай бюллетень берген комиссия мүшелері бірден учаскедегі жұмыстан шеттетілді. Қазіргі таңда жергілікті прокурорлар оларды Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 110-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту бағытында шаралар қабылдап жатыр.
Дауыс берудің теңқұқықтылық талабын бұзып, өзге адам үшін дауыс берген адамдар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 110-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылатынын еске сала кетейік.