• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қаңтар, 2023

Қоғамда газет оқу мәдениетін қалыптастыру қажет - Әскер Пириев

403 рет
көрсетілді

Елорданың «Қазмедиа» ғимаратында өтіп жатқан өңірлік БАҚ форумының екінші күнінде мерзімді баспасөз басылымдары саласындағы өзекті мәселелер қызу талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін жалғасын тапқан форумның 5-ші панельдік сессиясында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Әскер Пириев, «Qazcontent» АО Басқарушы директоры Ұлан Әбішев, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС Бас директоры Досымбек Өтеғалиев сондай-ақ медиа және саяси стратегиялық коммуникация маманы Жайнагүл Төлеміс еліміздің басқа өңірлерінен жиналған БАҚ өкілдеріне тренинг өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. 

Алғаш болып сөз алған Әскер Пириев жақында ғана қайта құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС құрамына «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері қосылғанын еске сала кетті. 

- «Қазақ газеттері» құрамында 5 газет пен 5 журнал бар. Бүгінде оларға «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері де қосылды. 12 басылымды бір шаңырақ астына жинап отырған серіктестікті үлкен медиахолдинг деп атасақ та артық болмас. Себебі әр газет-журналдың өз алдына қойған мақсат-міндеттері, миссиясы бар. Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан өңірлік БАҚ форумына «Қазақ газеттері» Бас директорының орынбасары ретінде алғаш қатысып отырғаным да мен үшін үлкен мәртебе», - деп атап өтті Әскер Пириев.

Ол сондай-ақ заманауи медиа кеңістігіндегі менеджмент саласында кездесетін мәселелерге тоқтала кетті. 

«Медиа-менеджмент саласында бұрын болған мәселелер бүгін де, ертең де өзекті болып қала бермек. Біз қаласақ та, қаламасақ та күнделікті өмірімізде пайда болып жатқан жаңашылдықтар әлемдік тенденцияға айналып жатыр, масс-медиа өкілдері бұл жаңашылдықтардан құр қалмай, оларға әрдайым ілесіп отыруы қажет. Өмірімізде ғаламтор мен ұялы телефон пайда болғаннан кейін ақпарат ағыны да жылдамдады. Бұрын журналист бір оқиға орын алатынын біліп, сол оқиға орнына барып, ақпаратын жазып, суретін түсіріп. редакцияға дайындап беретін. Кей жерлерде жұмыстың мұндай схемасы қазір де сақталса да, бүгінгі 21-ші ғасырда бұл тиімсіз екенін мойындау қажет. Себебі қазір ақпарат адамнан да жылдам. Сол үшін журналистердің, жалпы мерзімді баспасөздің жұмысын үйлестіріп отыратын мамандар - медиа-менеджерлер. Тағы бір мәселе - қоғамда газет оқу мәдениетін қалыптастыру. Оқыған адам мен оқымаған адам ешқашан бірдей болмайды. Оқыған адам қоғамды басқарады, ал оқымаған адам тұтынушы болып қала береді. Келешекте бәсекеге қабілетті мамандарды дайындағымыз келсе, біріншіден газет оқу мәдениетін жаңғыртуымыз қажет», деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, форум аясында «Qazcontent» АО Басқарушы директоры Ұлан Әбішев баспа басылымдарының контентін әлеуметтік желілерде насихаттау, тарату әдістері мен тәсілдері жайында айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта халықтың басым бөлігі әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына айналды, сол себепті әлеужелі - ақпаратты көпшілікке таратудың тиімді құралы.