Еліміздің беделін көтере түседі
Теміржан ХАМИТОВ, Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев күні кеше өзіміз жұмысына қатысқан үлкен форумды: «Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші кеңесі еліміздің ғажайып жері, халқымыз «Қазақстан Швейцариясы» атап кеткен Бурабайда ұйымдастырылып отыр», деген рух көтерер сөйлемдермен бастады. Бұл астаналық Ақмола облысының тұрғындарына айрықша жауапкершілік жүктейтін сөз деп білеміз. Өңірдің бүгінгі дамуы жерлестеріміздің ертеңгі күнді де екпінді істерімен әспеттейтініне күмән туғызбайды. Облысымызда өңдеу өнеркәсібі дамып, еңбек өнімділігі артуда. Мұнда бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген шетелдік әріптестеріміздің үлесі де бар. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы болатындығын айту арқылы еліміздің инвестициялық саясатының мәнін анық ашып көрсетті. Еліміз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын табысты аяқтады. Индустрияландыру картасы аясында 2,4 триллион теңгенің 651 жобасы іске асырылды. Ондаған мың жаңа жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл Қазақстанның әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуының шешуші кезеңі болып саналатын индустрияландырудың екінші кезеңіне мықты дайындықпен келіп отырғанымызды дәлелдейді. Бурабайдағы кеңеске бизнес әлемінің алпауыттары жиналып, өз ойларын ашық айтып, толғақты пікірлерін талқыға салды. Осының өзі Қазақстанның беделін көтерумен қатар, еліміздің ұстанып отырған бағытына тілектестік сезімін де қалыптастырады. Әсіресе, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартидің, «Қазақстан-Франция», «Қазақстан-Германия» Іскерлер кеңестерінің төрағалары Ив-Луи Даррикаррер мен Питер Тильскенің, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының акционері Александр Машкевичтің, «Анадолу Групп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озилханның, тағы басқа тұлғалардың сөздерінен еліміздегі жүйелі жоспарлардың міндетті түрде жүзеге асатындығы аңғарылып тұрды. Ақмола облысы.Инвестор көбейсе, сұраныс молая түседі
Жаңабай АЛШЫНБЕКОВ, «Новус Силинг Каспиан» ЖШС менеджері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономикаға шетел инвестициясын тартуға ұдайы көңіл бөліп келеді. Өйткені, бүгінгі дәуір өзімізбен өзіміз болып, іргені қымтап отыратын емес, әлемдегі ең озық технологияны елге неғұрлым көбірек әкеліп, ұлттық экономикамызға шетелдің әлеуетті компанияларының инвестициясын молынан тартатын кезең. Мұны Елбасы Бурабайда өткен кезекті шетел инвесторларымен кеңесте тағы бір мәрте баршаның есіне салды. Президентіміздің экономикаға инвестиция құюға ниетті шетел инвесторларын шақыруын өте орынды деп санаймын. Елімізге шетел инвесторлары инвестиция молынан құйып жатса, оның шапағатын алдымен біздің отандық компаниялар көретіндігіне көзіміз жетіп келеді. Соның бір мысалы ретінде 2011 жылдан бері мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар тапсырысымен сапалы өнім өндіретін «Новус Силинг Каспиан» серіктестігін айтуыма болады. Біздің цехымыздағы білікті мамандарымыз жасаған әр деңгейдегі нығыздағыш прокладкалар Қазақстанды айтпағанда, ТМД елдерінде де шығарылған емес. Ал біздің кәсіпорынға әлемдік мұнай алпауыты қатарындағы «Шевроннан» арнайы тапсырыс түсіп, алғашқы өнімімізді осы компанияның сұрауымен Чикагоға жібердік. Бұдан өзге Әзербайжан, Түрікменстан елдерінен түскен тапсырыстарды да уақытында әрі сапалы орындадық. Қазір біздің сапалы өнімімізді тұтынатын тұрақты серіктестеріміздің қатарында отандық Атырау және Павлодар облыстарындағы мұнай өңдеу зауыттары, «Жайықмұнай» (Батыс Қазақстан облысы) кәсіпорнымен бірге, «Теңізшевройл», NCPOC, Аджип ҚКО, PSN, үндістандық «Гетуей» компаниясының Ақтаудағы филиалы, «ДенхолмЖолдас», «Казстройсервис», «Дитсман», «Майерскойл» секілді еліміздегі шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар бар. Сонымен бірге, көршілес Ресейдегі Астрахань мұнай айдау стансасы мен КТК-ның Мәскеудегі филиалы да біздің өнімге тапсырысты көбірек бере бастады. Осындай компаниялар сенім артқаннан кейін бізде жұмыс жасайтын отандық мамандар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бірнеше маманымыз Ұлыбританиядағы осындай зауытта шеберлігін шыңдаған арнаулы курста оқып келді. Себебі, өзге кәсіптерге қарағанда, прокладка жонуда өте дәлдік те, шеберлік те қажет. Темірден түйін түйген мамандарымыз әр тапсырыс беруші компанияның сенімінен шығуды парыз санайды. Қазақстандық өнім ретінде шетелдік компаниялар қызығушылығын тудырған біздің прокладкаларымыздың сапалық деңгейі өте жоғары, Еуропа елдерінде шығарылатын осындай өнімдерден еш кемдігі жоқ. Анығын айтқанда, жұмыс жасай бастағанына енді ғана үш жыл толған кәсіпорнымыздың аты тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де таныла бастады дей аламыз. Енді Елбасы айтқандай, елімізге келетін шетелдік инвесторлар қатары көбейіп жатса, біздің сапалы өнімімізге сұраныс та молая түсер еді. Атырау облысы.Еуроодақ нарығындағы бәсекелестерімізді ығыстырып, АҚШ рыногына шықтық
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. Жалпы алғанда инвестиция тарту – біздің тәуелсіз елдің экономикалық саясатының бір қыры. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы бұл саладағы қарқынды әрі қарай қуаттандыра түсетіні анық. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан заңдар мен түрлі жеңілдіктер – еліміздің бейбітшілікке ұмтылысын, тыныштықты қалайтынын көрсетеді. Қазақстанға келген инвесторлар қаржысын көбейте алатынына сенімді. Оған беріліп жатқан кепілдік көп. Кәсіпкер тілімен айтқанда, ақша тыныштықты жақсы көреді. Ол ауызбіршілігі, берекесі бар елге барғысы келеді. Инвестициямен бірге жұмыс орны, түрлі бағдарламалар, ірі кәсіпорын, дамыған өндіріс келеді. «Қазфосфат» ЖШС соңғы бес жылда Еуроодақ нарығындағы өзінің бәсекелестерін толық ығыстырды деуге болады. Бәсекеге барынша қабілетті өнім өндіру – біздің нарықтағы көкжиегімізді кеңейте түсуде. Компанияда өткен жылдың қорытындысында 56,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 61,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2012 жылы АҚШ-тың нарығына шығып, үлкен көлемдегі сары фосфорды өткердік. Үстіміздегі жылдан бастап компания тарихында алғаш рет Үндістанға фосфор жеткізуді қолға алдық. Келешекте Жапония және Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеудеміз. Жамбыл облысы.Нақты қолдауға ие болдық
Алексей МЫҚТЫБАЕВ, «Zhanros Drilling» ЖШС бас директоры. Біздің серіктестік Қазақстанның оңтүстік өңірінде мұнай өндірісімен айналысатын ірі жекеменшік компания болып саналады. 1996 жылдан бастап үздіксіз жұмыс істеп келеді. Өз міндеттерін адал орындап, жүктелген жауапкершілікті толық сезініп жұмыс істейтін ұжым деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан болса керек, 2011 жылы Еуропа Қайта құру және даму банкі біздің мекемеге 25 миллион доллар көлемінде несие берді. Әділін айтқанда, бұл банк бізге дейін Қазақстандағы бірде-бір жеке компанияға мұндай көмек көрсетпеген. Еуропалық қайта құру және даму банкі берген қаржыға біз жоғары технологиялы бұрғылау құрылғысын сатып алдық. Компания банк қолдауының арқасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде компанияның қаржылық айналымы бірден 2,5 есеге өсті. Бүгінде мұнай өндірісінде 12 бұрғылау және 15 ұңғыманы күрделі жөндеу құрылғысы жұмыс істеп тұр. Жаңа жұмыс орындарын аштық. Соның арқасында бүгінде біздің мекемеде 1300 адам жұмыс істеп жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша да «Zhanros Drilling» ЖШС талай игі істің бастауында жүр. Ел үшін жасап жатқан еңбегіміз елеусіз қалмады. 2013 жылы Елбасының қолынан «Парыз» сыйлығын алдық. Еуропа Қайта құру және даму банкі Қызылорда облысында бірнеше жобаны қаржыландырды. Атап айтар болсақ, табиғи газбен жүретін 100 жаңа автобус сатып алуға көмектесті. Жаңа көліктер жолаушыларға, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысына өте ыңғайлы екенін айтқан ләзім. Бұл жоба үшін банк 18,8 миллион доллар несие ұсынып отыр. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының су және кәріз жүйелерін жаңғырту жобасы үшін «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнына 10 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беру қарастырылуда. Бүгінде қалада су сапасы мен оны үнемдеп пайдалану бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, аталған банктің тікелей көмегімен жұмыс істейтін «Таза технологиялар қоры» Қызылорда қаласының орталықтандырылған жылу жүйесін жаңғыртуды қолдау мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығына» 4,3 миллард теңге несие беруді көздеп отыр. Жаңғыртудан соң жылу стансасы мен тарату желілерінің тиімділігі арта түспек. Бұрнағы күні Бурабайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен шетел инвесторларының жиыны өткені белгілі. Міне, сол жиынның алдында Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті сэр Сума Чакрабарти Қызылорда облысына арнайы келді. Сапар барысында қонақ «Zhanros Drilling» ЖШС жұмысымен танысты. Сума Чакрабарти Қазақстан Үкіметі банктің аймақтарда жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, «Қызылорда облысын Қазақстандағы жобаларымызды жүзеге асырудағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз»,– деді. Мұны біздің жұмысымызға берілген үлкен баға ретінде қабылдадық. ҚЫЗЫЛОРДА.