• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
13 Маусым, 2014

Халықтан шыққан қайраткер

1197 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Алаш арыстарының бірі, жиырма жылға жуық Қазақстан мен Түркістан аймағының қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың 115 жылдығына арналған «Ораз Жандосов – ағартушы, ғылымды ұйымдастырушы және реформатор» атты тақырыпта конференция өтті. Жиынға елі­мізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, Алматы қаласындағы жоғары оқу орын­дарының ректорлары, О.Жандосовтың ұрпақтары,  сон­дай-ақ, Алматы облысының Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарынан өкілдер қатысты. Алаш ардақтыларының арасынан қазақ халқының қамын жеп өткен мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың алар орны ерекше. Оның артына қалдырған рухани мұрасы да ұшан-теңіз. Ораздың Қиқым­ұлының жарық дүниедегі ғұ­мы­ры қамшының сабындай тым келте болып, қырық жастың қыр­қасына да іліге алмай кет­ті. Небәрі 39 жыл ғана өмір сү­­ріп, 1937 жылғы сталиндік реп­­рессияның құрбаны болған оның ұлты үшін жасап кеткен жасампаздығы халқының жүрегінде қалды. Сондықтан да ер еңбегін елі құрметтейді. – Ораз Жандосов мерейтойы­ның біздің университетте аталып өтуінің ерекше мағынасы мен өзіндік сыры бар, – деді конференцияны ашып, сөз сөй­леген Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов. – Ол мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, білімі мол, зерделі зерттеуші ғалым. Өз заманындағы еліміздің әлеуметтік, ауылшаруашылық салаларына араласа жүріп, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат ретінде тарихта қалды. Биік мақсаттарды алдына қойған қайраткер ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарып, ғылыми еңбектер жазды. 1930-1932 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі ҚазҰАУ) директорлығы қызметін абыроймен атқарды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде институт қабырғасынан аграрлық саланың бір шоғыр білімді мамандары түлеп ұшты. Оның ұйымдастыруымен елімізде бір­неше жоғары оқу орындары ашылды. Мәселен, Абай атындағы Алматы мем­лекет­тік университеті, ауыл шаруа­шылығы және зоо­ве­теринарлық институты мен орта білім бе­ретін тағы да бірнеше мекемелер. Алматыдағы мем­ле­кеттік кітапхана да Ораз Жан­досовтың ұйытқы болуымен ел игілігіне берілген болатын. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, 1918 жылы небәрі 19 жасында Қазақстандағы іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе көтерген адамның бірі Ораз Жандосов. Ал, 22 жасында ол Верный қала­сының атауын Алматы етіп өзгерту өкіміне қол қойған. Ораз Жандосов есімі Әліби Жан­гелдин, Сәкен Сейфуллин, Сма­ғұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақтың марқасқа тұлға­ларымен қатар аталады. Жиында сөз алған қоғам қай­раткері, қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титутының директоры Ханкелді Әбжанов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлнәр Нұрымбетова, «Мысль» журналының редакторы Сейдахмет Құттықадам қайраткердің қазақ халқы үшін жасаған еңбегін ортаға салды. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Х.Әбжанов қатысушыларға конференция материалдарының жеке жинақ болып жарық көретінін жеткізді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы. Суретті түсірген Мамыржан БОТАБЕКОВ.