Бұл туралы І Орта Азия медиа форумында пікір бөліскен еліміздің белгілі әншісі Димаш Құдайберген айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған медиа форумға шетелден келген 100-ден аса сарапшылар қатысуда. Медиафорумның кезекті сессиясында «Бейбітшілік этикасы» тақырыбында ой өрбіді. Оған қазақстандық әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген мен британдық актер, режиссер, Peace One Day жаһандық жобасының негізін қалаушы - Джереми Гилли қатысты.
Димаш Құдайберген өзінің «The story of one sky» атты бейне туындысын таныстырды.
«Жаман ұлт деген түсінік жоқ. Нашар мемлекет басшылары бар. Мұны мойындау керек. Біз нәсілге, ұлтқа, дінге бөлінеміз. Бірақ бәріміз жер ананың баласы екенімізді ұмытпауымыз керек. Біз бір күннің, бір аспанның перзентіміз», деп атап өтті әнші.
Сондай-ақ Димашқа «Еліміздің дамуы мен бейбіт ел болуы үшін жастар қандай шешім қабылдауы керек?» деген сұрақ қойылды
«Ең алдымен адамдарда бір-біріне деген адамгершілік болуы тиіс. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа біздің ұлттық құндылығымыз - тәуелсіздік екенін ұғындыруымыз қажет», деп жауап берді ол.
Сессия соңында Джереми Гилли бүгінгі форумға қатысқанына өте қуанышты екенін айтты.
«Бұл форумның нәтижесінде әріптестік артады. Сондай-ақ болашақ ұрпақты бейбіт ел құруға бағытталған. Мен осы форумға келіп, сіздермен танымқаныма өте қуаныштымын», деді Д.Гилли