Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде, «Тұрақты» болжамымен растады. Еліміздің рейтингін қолдайтын негізгі факторлар – қуатты фискалдық және сыртқы теңгерімдер. Агенттік сарапшыларының пікіріне қарағанда, олар сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын дәлелдеді. Сондай-ақ ірі фискалды буферлер сыртқы таза кредитор мәртебесін сақтауға мүмкіндік берген.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, таза шетелдік активтер бойынша Қазақстанға жоғары тәуелсіз позиция берілді, ол 2021 жылдың соңында ішкі жалпы өнімнің 37 пайызын құрады. Fitch есебінде атап өтілгендей, қазақстандық банк секторының капитал қоры жеткілікті деңгейде. 2022 жылғы III тоқсандағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін кредиттердің коэффициенті 4,6 пайыз болды.
Сарапшылардың пікіріне зер салсақ, ұлттық валютадағы салымдар бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер және басқа да бірқатар шаралар депозиттерде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Жақында рейтингтің негізгі факторларының қатарына ESG көрсеткіштері қосылды.
«Несие берушілердің құқықтары» индикаторы бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік борышты қайта құрылымдауға жол бермеу Қазақстанның кредиттік қоржынына оң әсер етуде», делінген Fitch есебінде.