• RUB:
    4.96
  • USD:
    447.25
  • EUR:
    485.18
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Қараша, 2022

Отандық фармацевтикадағы серпін

313 рет
көрсетілді

Елордада «Global pharm» II Халықаралық фармацевтикалық форумы өтті. Форумға ДДҰ, ЮНИСЕФ, қоғамдық медициналық ұйымдар мен қауымдастықтар, Халықаралық фармацевтикалық компаниялар, Қазақстан мен ТМД-ның басқа да елдерінің танымал фармацевтикалық кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

«Astana» денсаулық сақтау-2022» ХІХ ха­лықаралық көрмесінің ашылуымен бастал­ған форумда Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният: «Бүгінде Қазақстанда басты нысаналы индикатор – өмір сүру ұзақтығының деңгейін көздейтін «Дені сау ұлт» денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл көрме саланың барлық қатысушысы үшін болашақта ден­саулық сақтау жүйесінің алдында тұрған ағымдағы сын-тегеуріндерді, саланы алдағы уақытта қандай жаһандық өзгерістер күтіп тұрғанын талқылауға қосымша мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз», деді.

Мемлекет басшысы Жолдауында жаһан­дық фармкорпорациялармен ынтымақ­тас­тықты жандандыру және технологиялар мен жаңа әзірлемелер трансфертін қамтама­сыз етуді, сондай-ақ 2025 жылы отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар үлесін 17%-дан 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Қазақстан­да фармацевтикалық өндірісті дамытуға мемлекеттік және жеке инвестицияларды тартуға, отандық фармацевтикалық өнім­нің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыруға ықпал ету, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын сапалы және заманауи медициналық техникамен қамтамасыз ету және отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-қимылды жолға қою – «Global pharm» II Халықаралық фармацевтикалық форумы­ның негізгі мақсатына айналды.

Министр бүгінгі таңда фармацевтика өнеркәсібінің динамикасына әсер ететін бұрын-соңды болмаған өзгерістердің маңы­зын және әлемдік фармацевтика саласы­ның негізгі трендтеріне тезірек бейімделу қажеттігін сөз етті. Айта кету керек, форум­ның аудиториясын фармацевтика мәселелері бойынша халықаралық сарапшы-практиктер, әлемдік атауы бар ғалымдар мен практик дәрігерлер, медициналық өнімдердің ірі өндірушілері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, көптеген елдің қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлері ұсынады. Бұл міндеттерді мін­сіз шешу үшін ел Үкіметі фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейін­гі Кешенді жоспарын бекітті және негізгі бағыт­тардың бірі отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту болып саналатын 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қабылдады.

Сондай-ақ форумның дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне және фарма­цевтикалық нарықтың тұрақтылығын, дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктеріне арналған стратегиялық сессиясында министр Ажар Ғиният 2022 жылдың 1 жар­тыжылдығында елдің фармацевтика саласы 4,9%-ға өскенін, бұл ақшалай баламада 84 млрд теңгені құрайтынын хабарлады. ДСМ деректері бойынша, 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң динамиканы көрсетіп, бұл ретте фармацевтика өндірісінің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 123,9%-ды құра­ған. Ал жергілікті фармацевтикалық нарық­та­ғы отандық өндірістегі дәрілік заттар мен ме­дициналық бұйымдардың үлесі (құндық мәнде) 24%-ды құрады, импорттық өнімнің үлесіне 76%-ы тиесілі.

«Ұзақмерзімді шарттар жасасу ретінде мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары он жылға Бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алу үлесін 2010 жылғы 15%-дан 2021 жылы 41%-ға дейін ақшалай түрде ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жасалған ұзақмерзімді шарттардың шеңберінде іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде 30-дан астам инвестициялық жоба бар. Оның ішінде дәрі-дәрмектер бойынша 127 млрд теңгеге бірқатар жобалар, медициналық бұйымдар бойынша 34 млрд теңгеге жобалар бар», деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта отандық өндірістегі дәрілік заттар экспор­тының үлесі 100-ге жуық дәрі-дәрмек позициясын құрайды және 2025 жылға қарай таяу шетелдерге, ЕАЭО-ға және алыс шетелдерге дәрі-дәрмек экспортының үлесін 500 позицияға дейін ұлғайту ұсынылады. Бұдан әрі А.Ғиният нәтижелер қазірдің өзінде көрініп тұрған фармацевтикалық салаға шетелдік инвестицияларды тартудың негізгі перспективалық бағыттары туралы, атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Шым­кент қалаларында медициналық-фарма­цев­тикалық кластерлер құру туралы бұйрық­тың күшіне енгенін хабарлады. Бұл өңір­лердің тартымдылығы олардың аумағын­да ірі өндірістік алаңдардың, жетекші медици­налық жоғары оқу орындарының және респуб­лика­лық және өңірлік деңгейдегі клиникалық орталықтардың болуына байланысты.

Форумның стратсессия алаңында ірі әлем­дік фармацевтикалық компаниялардың өкілдері, оның ішінде Тойлан Сенел (Roche Pharma Kazakhstan), Селчук Танриверди (Nobel Ilaç), Рана Азфар Зафар (Novo Nordisk), Леон Ванг (AstraZeneca) және басқалар сөз сөйледі. Яғни сессияға қа­ты­су­шылар жаһандық фармацевтикалық нарық­тың үрдістерін, жаңа экономикалық шын­дық­тардың фармацевтикалық өнеркәсіп ланд­шафтына әсері мәселелерін, денсау­лық сақ­таудың дамуын болжаудың жаңа тәсілдерін талқылады.

Сессия қорытындысында қатысушы­лар­дың назарына фармацевтика өнер­кәсі­бін кластерлеудің халықаралық тәжіри­бе­сі­не шолу және BigPharma-ны әлем­дік на­рықтарда оқшаулау мәселелері ұсынылды.

Форумның бизнес-сессиясы отандық фармацевтика саласын дамыту перспективаларына, кедергілер мен сын-тегеуріндерге арналған, онда қатысушылар жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстанның экспорттық әлеуетін, ЕАЭО ережелеріне сәйкес ДЗ және МБ бағасын белгілеу мен тіркеуді, GPD/GMP ұлттық инспекторатын дамытуды тал­қылады.

Сондай-ақ тақырыптық сессияларда созылмалы инфекциялық ауруларды басқару, пациенттердің денсаулық үшін ортақ жауап­кершілігі, дербестендірілген медицинаны дамыту, Қазақстанның клиникалық зерт­теулердегі әлеуетін дамыту, балалар денсау­лығын сақтаудың өзекті мәселелері, атап айт­қанда, иммундау және орфандық аурулар сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Қоры­тынды тақырыптық сессия «Digital Healthcare»тақырыбына арналды. Бұдан бас­қа форум аясында G2B, В2В форматында бір­қатар екіжақты бизнес-кездесулер өтті.