Ішкі істер министрлігі елдегі заңсыз қару сақтау жайты және есірткі таратумен күрес жағдайына қатысты соңғы деректермен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жедел-профилактикалық шара барысында қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 451 адам ұсталды. Олардан 774 дана атыс қаруы және 7 737 арнайы құралдар мен оқ-дәрілер тәркіленді. Мысалы, Алматы қаласында 1982 жылы туған «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы көлік иесі ұсталды. Автокөліктің салонында «МР-79-9ТМ» травматикалық тапаншасы табылып, тәркіленді», деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Дәурен Қозыбақов онлайн өткен брифингте.
Одан бөлек, спикер елдегі ескірткімен күрес ахуалына тоқталып өтті.
«Есірткіні заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 667 адам ұсталды. Олардан жалпы көлемі 170 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 545 грамнан астамы героин. Мысалы, биыл 31 қаңтарда Ақтөбе қаласында тәртіп сақшылар күдікті 2 азаматты ұстады. Олардан 10 келіге жуық (9 880 гр) марихуана табылып, тәркіленді», дейді ол.