Елордада 10 млн архив құжатын сақтайтын қойма салу керек. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ұлттық архивінің архив құжаттарын, сондай-ақ мемлекеттік сақтандыру қоры құжаттарының көшірмелерін сақтауды жүзеге асыратын, 10 млн құжат сақтауға арналған жеке архив қоймасын салу мәселесі қарауды талап етеді», деді ол.
Министрдің айтуынша, архивтердің жүктелу проблемасын шешу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылғы желтоқсанда құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне 200, 500 мың, 1 млн және 1,5 млн сақтау бірлігіне арналған мемлекеттік архивтік үлгілік ғимараттарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге өтінім берген.
«Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылғы 11 наурызда Мәдениет және спорт министрлігінің өтінімі негізінде мемлекеттік архивтер ғимараттарының үлгілік жобаларын әзірлеу үшін 2022-2024 жылдарға арналған бюджеттік өтінім қалыптастырды. Республикалық бюджеттік комиссия өтінімді мақұлдаған жағдайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылы заңның белгіленген талаптарына сәйкес архив ғимаратының үлгілік жобаларын әзірлеуге дайын», деді Ақтоты Райымқұлова.