Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған мақаласы бүгінгі таңда адамзат баласын алаңдатып отырған аса өткір тақырыпқа – ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу мәселесіне арналған. Ядролық сынақтардың зардабын қырық жылдан астам уақыт бойы тартқан қазақстандықтар үшін оның жанды түршіктіріп, қабырғаны қайыстыратынын мақалаға байланысты редакция поштасына түсіп жатқан хат-хабарлардан да анық аңғаруға болады.
Елбасымыздың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” деген тақырыппен “Известия” газетінде жарияланған мақаласы қолымызға Семей өңіріне Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның келер қарсаңында тиді. Ал біздің пайымдауымызша, бұл сәйкестіктің де себебі жоқ емес секілді. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап әлем деңгейінде ядролық сынақтарға қарсы үн көтеріп, дүние жүзі бойынша қарсылық күнін белгілеу жөніндегі бастамасы БҰҰ тарапынан қолдау тапқаны белгілі.
Мәртебелі мейманның Семейге сапары қарсаңында бір топ шетелдік журналистер біздің институтта болған еді. Сондағы бір әредікте Елбасының мақаласы туралы сөз қозғалмай қалмады. Шындығында ондағы тың ойлар ядролық қауіпсіздік мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді. Ядролық сынақ дегенді басынан өткерген, қиян-кескі алапатты көзбен көрген полигон аумағындағы елді мекендердің тұрғындары үшін Елбасымыз осы мақаласында көтерген таратпау саласындағы бүгінгі ахуал көңілдегіден көп төмен жатқаны анық.
Нұрсұлтан Назарбаев таратпау саласындағы кемшін тұстарды айта келіп, оны түзетудің оңды жолдарына орай өз ойларын ортаға салған. Әсіресе, Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит алдындағы Елбасы тарапынан айтылған нақтылы бес ұсыныс саммитке қатысушылар тарапынан қолдау табатындығына сенімдіміз.
Осы орайда егемен еліміз кешегі Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын сейілту, одан зардап шеккендерді сауықтыру ісімен тұрақты түрде айналысып келе жатқандығын айта кеткеніміз жөн болар. Семейде біздің институтымыздан тыс диагностикалық орталық, онкологиялық диспансер жұмыс істейді. Олардың материалдық базасы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде нығая түсті. Өз институтымызға келетін болсақ, оның іргетасы осыдан елу жылдан астам уақыт бұрын диспансер ретінде қаланғанымен, сол кездегімен салыстырғанда екеуінің арасы жер мен көктей. Қазірде біздің ғылыми-зерттеу институты әлемнің бірқатар ғылым ошақтарымен тығыз байланыста. Әлемде ядролық қаруды таратпау да, оның бұған дейінгі салдарын жойып, зардап шеккендерді сауықтыру ісі де бір сәт назардан тыс қалмауы тиіс деп білеміз. Елбасы тарапынан айтылған сындарлы сөз, байыпты байлам соған жетелейді.
Қазбек АБСАЛЫҚОВ, Радиациялық медицина және экологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
СЕМЕЙ.
* * *
Біз соғысты көрмесек те, ауыр зардабын тартқан ұрпақпыз. Бұғанамыз қатпай жатып еңбекке араластық. Майданда жаумен арыстанша арпалысқан әкелеріміздің, ағаларымыздың амандығын тілеп, таң атқаннан күн батқанға дейін үлкендерден қалыспай жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға өз үлесімізді қостық. Тірі жетім атанған кешегі бала бүгінде ата жасына жетсе де алаңдаулы. Бейбіт кезеңдегі ядролық сынақтар, Семей полигонындағы алапат жарылыстар аналардың ұйқысын қашырды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 19 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойып, мыңдаған жанның өмірін ажал тырнағынан арашалап қалды. Қазақстанның ядролық сынақтарға қарсы батыл бастамасы, бейбітсүйгіш саясаты әлем жұртшылығының назарын аударып, кең қолдау тапты. Елбасымыз өз сөздерінде ядролық қаруларды таратпау жөніндегі ұстанымдарын ашық білдіріп, алып ауқымды әлемді ядролық қауіпсіздік аймаққа айналдыру туралы батыл байламдарын талмай айтып келеді.
Н.Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған мақаласы адамзат басына төнген қауіп-қатерді, қауіпсіздік тетіктерінің жаңаша жолдарын дұрыс нұсқай білген. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде, ғаламат технологиялар үрдісінде қауіпсіздік мәселесі өте түйінді мәселеге айналып отыр. Өйткені, ядролық державалардың адамзатты қырып-жоятын қаруларды қысқартудың орнына өзара бәсекелестікке түсуі қатты ойландырады. “Ойнақтаған от басар” дегендей, оның арты жақсылыққа апармайды. Бетін аулақ қылсын, ядролық соғыс тұтанған жағдайда жеңімпаздың, үшінші жаһандық соғыс ардагерлерінің болмайтынын, адамзатқа ғана емес, Жер-анамызға зор қатер төнетінін естен бір сәт те шығармауымыз керек. Мемлекет басшысының ұсыныстары Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте жан-жақты ескеріліп, ресми ядролық елдерге ерекше жауапкершілік жүктелетініне сенімдіміз. Ең бастысы, осынау маңызы зор халықаралық басқосуда қарусыз әлемге қадам жасаудың нақты іс-әрекеттері жасалады деген үмітімізді үзбейміз.
Рүстем УӘЙІСОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары.