• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2010

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫНА ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

516 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев Шығыс Қазақстан облы­сындағы тасқын сулардың зар­дап­тарын жою жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Прези­дент­тің баспасөз қызметі. Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев, Бас прокурор Қайрат Мәми және бас­қалар қатысты. Мемлекет басшы­сы биылғы қыстың өте қатаң бол­ға­нын айта келіп, осындай жағ­дай­да елді мекендерге жылу, электр қуаты және суды жеткізуді үзбеген Үкімет пен аймақ басшыларына риза­шылығын білдірді. Ол әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы әкімі­нің жұмысын атап өтті, сондай-ақ Павлодар мен Алматы облысы әкімдерінің жұмысына оң баға берді. Күрт жылынған көктемнің күні қалың қарды жылдам ерітіп, табиғи су қоймаларымен қатар қол­дан жасалған су бөгеттерін толтырып тастады. Өкінішке орай, осы себепті төтенше жағдай­лар да орын алды дей келіп, Пре­зи­дент адам шығынына соқтырған Алматы облысындағы Ақсу ауданындағы су қоймасында бол­ған апаттың кесіріне арнайы тоқ­тал­ды. Осындай қиын жағдайда еліміз өзінің топтасқандығын көр­сетті, барлық облыстар, еңбек ұжымдары, қарапайым азаматтар және мем­лекеттік қызметкерлер зардап шек­кендерге қолдан келген көмектерін көрсетті. Соның ішінде азық-түлікпен, жылы киіммен, ақшамен көмектесіп жатқандар өте көп болды. Елбасы үкіметтік ко­мис­сия құрылып, Төтенше жағдай­лар министрлігі жұмысына үлкен көмек болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол “Нұр Отан” ХДП-ның осы жұ­мыс­тағы белсенділігіне жоғары баға берді. Қазір Қызылағашта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, үйлерінен ай­рыл­ған көп­те­ген отбасылар осы жаздың өзінде-ақ қалпына келті­ріл­ген жайларына оралатын бола­ды. Біз өзіміздің аза­маттарымызды қиын жағдайда жал­ғыз қалдыр­маймыз, деді Президент. Одан әрі Президент Шығыс Қазақстандағы қиын жағдайға тоқ­талды. Өмірі су алып көрмеген кей­бір елді мекендерді де су басып жатыр. Қиын жағдайды қайғылы халге жеткізбей, апатқа қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін ол жерге үкіметтік комиссия жібе­ріл­ді. Мен облыстағы ірі компания­лар  өздерінің жерлестеріне көмек қо­лын созар деген сенімдемін. Сондай-ақ көршілес Павлодар және Қарағанды облыстарынан, еліміздің барлық түкпір­лерінен көмек жететін болады. Азамат­тарымыз өздерін қиын жағ­дайда елі жалғыз қалдырмайтынын білулері керек, деді Елбасы. Шығыс Қазақстан облысын­да­ғы жағдай жөнінде үкіметтік ко­мис­сияның төрағасы Ө.Шөкеев баяндап берді. Ол қазіргі уақытта су басу аймағында Абай, Зайсан, Күр­­шім және Тарбағатай аудан­да­ры қалып отырғанын жеткізді. ТЖМ және облыстық, аудандық әкім­дік­тердің жедел іс-шара­ла­ры­ның арқа­сында адам шығынына жол беріл­ген жоқ. Қазір адамдар қауіпсіз аймақтарда тұрады. Соны­мен бірге ол су апатына ұшыраған тұрғын­дар­ға Үкіметтен және жергілікті билік тарапынан қолдан келген көмектің берілетіні туралы айтыл­ғанын жеткізді. Осыған бай­ла­ныс­ты Президент халыққа Үкі­мет­тен берілетін көмек алдымен үйсіз-күйсіз қалғандарға берілеті­нін ашық айту керек, соның ішін­де ма­териалдық көмек тек үйді қал­­пы­на келтіру кезеңіне ғана бе­рілетінін жеткізу  қажет, ешкім де жағдайды пайдаланып жеке тұр­мы­сымды жақ­сартып аламын деп иегі қышы­ма­сын, деп қатаң ес­керт­ті. Соны­мен бірге ол тұрғын­дардың өздері де табиғат апатына қарсы дайын­далуы қажеттігін, тұрғын үйлері мен қора-қоп­сы­ла­рын, дүниесін, малын сақтан­ды­ру­лары керектігін айт­ты. Мемлекет тек тұрғын үй­лер­ді ғана қалпына келтіруге көмек бере алады, соны­мен бірге мал-мү­лік алуға жеңіл­детілген несие бе­реді. Еңбекке жарамды тұрғын­дар­дың бәрі де жұмысқа тартылып, қал­пына келтіру жұмыстарына алын­сын. Зардап шеккендерге меди­циналық көмектер  беріледі, деді Елбасы. Кеңесте сөз алған Шығыс Қа­зақ­­стан облысының әкімі Б.Сапар­баев Президентке дер кезінде Үкіметтен көмек берілгені үшін тұр­ғындар алғысын жеткізді. Үкі­меттен бөлінген 800 млн. теңгеге жағалауларды бекіту жұмыстары жүргізілуде. ТЖМ мамандары мен арнаулы техникалар тұрғындарға үлкен көмек көрсетуде. Сондай-ақ Қорғаныс, Ішкі істер министр­лік­те­рі мен шекара қызметінің жауын­герлері су басып қалуға қарсы жұмыстардың бел ортасында жүр. Мектептері бұзылған 800-ге жуық оқушы жақын елді мекендердегі оқу орындарына енгізілді. Зардап шеккен тұрғындар тамақпен, киім­мен және қажет еткендері меди­ци­налық көмекпен қамтамасыз етілу­де дей келіп, Б.Сапарбаев су басу қаупінің ең зоры әлі алда екенін жа­сырмады. Бірақ біз қолдан кел­ген барлық шараларды жасап, апат­тың алдын-алуға тырысудамыз, деді ол. Төтенше жағдайлар министрі В.Божко өзінің есеп-сөзінде Шығыс Қазақстан облысында 9 құтқару отряды, азаматтық қорға­ныс­тың екі полкы, авиация тобы, сонымен бірге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қалпына келтіру жұмыс­тарына тартылғанын жеткізді. Негізгі ағыс әлі басталма­ғандықтан, яғни қауіптің зоры әлі алда екенін ескеріп, біз ТЖМ топ­тарын тағы да 544 адамға ұлғайт­тық. Президенттің тапсырмасы бойынша 360 млн. теңгенің тамақ өнімдері мен басқа да қажетті дү­ниелер әкелінді, деді ол. Бас прокурор Қ.Мәми барлық жасанды су қоймаларын пайда­ла­ну­дың заңға сәйкес бекітілген ере­желер мен тәртіптерге сәйкестігін тексеру барысы туралы баяндады. Егер олардың талаптары бұзылған болса, лауазымды адамдар жауапқа тартылатын болады, деді ол. Сонымен бірге кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі А.Күріш­баев сөйлеп, көктемгі дала жұмыс­тарына дайындық жөнінде баян­дады. Кеңесті қорытындылай келе Президент халыққа бірінші кезек­тегі көмектердің уақытында берілуі қажеттігін тағы да айрықша атап өтті. Сәуірдің 15-іне дейінгі мез­гілде барлық зардап шеккендердің тізімі анықталсын, оларға қаржы­лық көмек көрсетілсін, қалпына келтіру жұмыстары осы күннен басталып, жаздың аяғына дейін аяқталатын болсын, деді ол. Соның ішінде гидротехникалық құрылыс­тар­ды жөндеу, көпірлер мен авто­жолдарды қайта қалпына келтіру міндеттері алға қойылды. Қалпына келтіру жұмыс­тарына елдің барлық аймақта­ры, ұлттық компаниялар мен хол­динг­тер тартылуы тиіс. Эпиде­ми­о­ло­гиялық жағдай бақы­лау­дан шық­па­сын, малдың жаппай қырылуы қауіп­ті инфекциялардың таралуына айна­лып кетпесін. Жапа шеккен тұрғын­дардың қажетті мөл­шер­дегі мал­ алуы үшін жеңіл­детілген не­сие беру қарас­тырыл­сын, деді Елбасы. Сонымен бірге Президент бар­лық аймақтардың әкімдері, су басу мәселелерімен айналысатын мем­ле­кеттік органдар барлық су қой­ма­ларын, бөгеттер, дамбалар және басқа да гидроқұрылыстардың жағ­дайын қатаң тексеруден өткізсін, деп ескертті. Оларда тәулік бойғы күзеттер ұйым­дастырылып, барлық мәселелер бақылауға алынсын. Осы жұмыс­тар­ды бақылау ісі Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевке жүктеледі деді. Біздің бәріміз де болған оқиғадан сабақ алуымыз керек. Осындай жағдайға әрқашанда дайын болып, қажетті көлемдегі материалдық резервтерді құруымыз қажет. Сонымен бірге техногендік жағдайға байланысты қауіпті аумақ­тарға тексеріс жүр­гі­зуді бастаймыз. Біз халқымыздың тыныштығы үшін әрқашан қырағы болуға міндеттіміз, деп атап көрсетті Елбасы.