Тұңғыш Президент - Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай қазір Елбасы елдегі жағдайды бақылап отырғанын айтты.
«Бүгінгі күні мемлекет азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды шаралар қабылдап жатыр. Осы ретте, адамдар елдің болашағы үшін жауапкершілік олардың мамандардың нұсқауларын қалай орындайтынына байланысты екенін түсінуі керек. Адамдардың өз қауіпсіздігі мен жақындарының амандығына байыппен қарайтыны қуантады», деді Айдос Үкібай.
Сондай-ақ ол Елбасының қазіргі уақытта немен айналысып жатқанын айтты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайды жіті бақылап, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысынан маңызды ақпараттарды алып отырады. Сондай-ақ маңызды саяси шешімдерді талқылауға қатысып, ел Президентіне қолдау көрсетуде. Сонымен қатар ол тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарымен айналысып жатқан Nur Otan партиясының қызметін үйлестіріп отыр», деді ол.
Оның айтуынша, қазір Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорының жұмысы ерекше бақылауда.
«Бұдан бөлек, Елбасы Әлемдік экономика және саясат институтына әлемдегі жағдайды және Қазақстанға жаһандық трендтердің ықтималды теріс ықпалын зерттеу бойынша талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл деректер сәйкес мемлекеттік құрылымға жіберіледі. Бүгінде барлық күш халықтың қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз етуге жұмсалуда. Біз бірліктің арқасында көптеген сынақтан өттік. Бұл қиындықтардан да басымызды жоғары көтеріп еңсеретінімізге сенімдімін», деді Үкібай.